ИНСПЕКТОР ҚАЗАСЫ ТУРАЛЫ САН ҚИЛЫ ДЕРЕК
Серік Мәженовтың қазасы туралы суыт хабар түскі үштер шамасында блогер және экобелсенді Сәкен Ділдахметтің Facebook парақшасына шықты.
"Бүгін, 2021 жылғы 14 желтоқсанда Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі территориялық инспекциясына қарасты орман шаруашылығы және жануарлар әлемі бөлімінің басшысы Серік Мәженов қайтыс болды. Алдын-ала деректер бойынша, өлім себебі – браконьерлер шабуылы" деп жазды Ділдахмет.
Мекеменің ресми сайтындағы дерекке сәйкес, инспекция міндетіне Бударин мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумал аумағының бір бөлігін қорғау кіреді.
Біраз уақыттан кейін блогер жазбасын "UPD: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, Серік Мәженов қаруды дұрыс пайдаланбау салдарынан көз жұмған" деп өзгертті.
Көп ұзамай алғашқы ресми ақпарат та шықты: экология министрі қайғылы оқиға жайлы қысқаша мәлімдеме жасады.
"09:30 шамасында Теректі ауданы Ақжайық ауылынан 10-12 километр жерде Батыс Қазақстан облыстық өңірлік инспекциясына қарасты орман шаруашылығы және жануарлар әлемі бөлімінің басшысы, 1977 жылы туған азамат Серік Мәженов қаруды дұрыс пайдаланбау салдарынан көз жұмды" деп мәлімдеді.
Кейінірек Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті өз ақпаратын жариялады.
"Бүгін 07:30-да 1977, 1977, 1976 жылы туған үш азамат Теректі ауданы Ақжайық ауылынан 15 километр жердегі Бударин қаумалында аң аулаған. Қаруды қайта оқтау кезінде 1977 жылғы азаматтың қолындағы мылтық абайсызда атылып, 1977 жылғы екінші азаматқа оқ тиген. Олар жараланған азаматты Ақжайық ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізген. Бұл іс тіркеліп, 104-бап (абайсызда кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Сараптама өтіп, тергеу жүріп жатыр" делінген полиция мәліметінде марқұмның аты-жөні аталмаған.
Полиция департаменті бұдан өзге ақпарат беруден бас тартты.
Дәл сол күні Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Қайрат Кадешев (Мәженов соның қол астында жұмыс істеген) "Инспектор табиғатты қорғау полициясымен бірлескен жұмыс аясындағы тапсырма бойынша Бударин қаумалында рейдте жүрген" деп мәлімдеді. Кадешев бұл ақпаратты чаттардың біріне салған. Бірақ инспекция басшысынан пікір алу мүмкін болмады: басында Кадешевтің телефоны өшірулі болды, кейін ол қоңырауға мүлде жауап бермеді.
АҢШЫЛЫҚ ПА, РЕЙД ПЕ?
Марқұмның жақындарының қолында (Мәженовтың отбасы журналистерге пікір беруден бас тартты) 13 желтоқсанда толтырылған "табиғат қорғау заңнамасы талаптарының орындалуын қадағалау шараларын жүргізу туралы жоспарлы (рейдтік) тапсырма" деп аталатын құжат бар.
Оған сәйкес, Мәженов 14 желтоқсанда Теректі ауданы Ақжайық ауылына рейдке шығуы керек болған. Облыстық полиция департаментінің мәлімдемесінде "қорық" деп аталған Бударин қаумалы осы ауылдың маңында орналасқан.
Мәженовты жақсы танитын адамдардың көбі марқұмға рейд кезінде оқ тиген деп есептейді. Олар "инспектор аң аулап жүрген" деген нұсқаға сенбейді.
– Серік аңшылыққа әуес адам емес еді, қаруы да болмаған. Аңға барды дегенге ешқашан сенбеймін. Сонша жыл осы салада еңбек етіп жүріп, көз қызықтыратын талай дүниеге алданбай келіп, аяқ астынан қаумалға аңға шыға ма сонда? Олай болуы мүмкін емес. Ол табиғатты аялайтын, браконьерлердің ізінде жүретін. Өз принципіне қарсы шықты дегенге сенбеймін, – дейді Мәженовтың жақын досы Талғат Ильясов.
Марқұмның бұрынғы әріптесі Ербол Кенжалиев те осындай пікірде.
– Көбі инспектор, орманшы болып жұмыс істеп жүріп аңшы болып кетеді. Бірақ Серік ондай адам емес болатын. Иә, ол жұмыс бабымен біреумен немесе достарымен аңға баруы мүмкін. Бірақ ондайда шай қойып, тамақ дайындап, орманда жүреді. Аң аулауға шықпайды, ондайға қызықпайтын, – дейді Кенжалиев.
Ол оқиға орнына алғашқылардың бірі болып барған.
– Қазір қар түсіп, із көрінбей қалды. Ол кезде қар жоқ еді, айналада көп із жатты. Жерге атылған оқтың іздері болды. Шашылып жатқан оқтарды байқадым. Қарамай, беталды ата бергенге ұқсайды. Серік жараланған ағаштан қырық метр жерде сегіз оқты қарудың гильзалары жатқанын көрдім, – дейді Азаттық тілшісін оқиға орнына апарған Кенжалиев.
Кенжалиевтің сөзінше, оқ тиген кезде Мәженовтың ағаштың артында болғаны белгілі. Марқұмның денесін көрген куәгерлер инспектордың екі жерден жараланғанын айтады.
Мәженовтың денесінде оқ тиген екі түрлі жарақат болғанын Ақжайық ауылындағы орталық аурухананың директоры Бекзат Кубаев та растады.
– Кеуде тұсында оқ болды. Оң жағындағы бұғана сүйегінің астына, екінші-үшінші қабырға арасына оқ тиген. Ауруханаға әкелгенде өлім аузында жатты. Жарты сағаттай аман алып қалуға тырыстық. Алдын-ала диагнозы: оң жақтан тиген оқ жарақаты, гемопневмоторекс, травматикалық шок, оң жақ шатына да оқ тиген, – деді Кубаев.
ТЕРГЕУ БОЛЖАМЫ ЖӘНЕ БАЛАМА ПІКІР
Облыстық полиция департаменті Мәженовтың жақындарына марқұмның елік не қабан аулауға шығып, алдынан кездесетін аңды күтіп, бір орында тапжылмай тұрғанын айтқан. Бұл нұсқаға сәйкес, онымен бірге аңға шыққан аты-жөні аталмаған тағы екі азамат болған.
Мәженов Жайықтың жарқабағындағы түзеңнің шетінде өсіп тұрған ағаштың артына тығылған. У-шумен аңды ағаш артында тұрған серіктеріне қарай қуатын адам қаруын оқтамақ болып, абайсызда Мәженовты атып жіберген. Жаралы инспекторды көлікке салып, жақын маңдағы ауруханаға жеткізген.
Ресми нұсқаға сәйкес, Мәженовке бір ғана оқ тиген.
Мәженовтың бұрынғы әріптесі Кенжалиев тәжірибелі инспектор осындай жағдайға тап болуы мүмкін дегенге сенбейді.
– Қаумал аумағында аң аулауға тыйым салынғанына қарамастан, Серік аңға шықты деген нұсқаға келіскен күннің өзінде, мұндай тәжірибелі инспектор оқ астына барып тұрмас еді. Қару сататын немесе аңшылықпен айналысатын кез келген адамнан сұраңызшы, ешкім мылтықты жоғары қаратып оқтамайды. Қарудың басын төмен қаратады, ататын кезде ғана жоғары көтереді, – дейді Кенжалиев.
Ол марқұмның денесінде екі түрлі оқ жарақаты барына назар аударып, оқиға орнында беталды атыс болғаны көрініп тұрды дейді.
Инспектордың досы Талғат Ильясовтың өз болжамы бар.
– Ол браконьерлердің ізіне түсіп, заңсыз аң аулау фактісін тіркеу үшін ағаштың арасында тұрып, суретке түсірмек болған сияқты. Аңшылар оны аң деп ойлап, оқ жаудырған болуы мүмкін, – дейді ол.
Мәженовты білетін, оның жұмысымен жақсы таныс азаматтардың айтуынша, инспектор ұзақ уақыттан бері "байланысы мықты" заңсыз аңшыларды жауапқа тартуға тырысып келген.
– Үш жыл тырысты, браконьерлердің аты-жөнін, олардың қылмысын кім "жасырып" отырғанын білсек те, ұстай алмадық. Браконьерлерді ұстауға келсек, оларға хабарлап қояды. Көз алдымызда кетіп қалады, – дейді Кенжалиев.
Браконьерлерді ұстау оңай емес, ал олардың кінәсін дәлелдеу одан да қиын. Сондықтан инспекторлар көбіне рейдке әріптестері мен достарына ескертпей, шығады.
– Уақыт өте келе инспекторларда осындай мінез қалыптасады. Ешкімге сенбейтін боласың. Браконьерлерге ақпаратты кез келген адам жеткізуі мүмкін, – дейді Кенжалиев.
Марқұмның жақындары оның өліміне кінәлілер жауапкершіліктен жалтарып, Мәженовтың атына "өз қорғауындағы қаумал аумағында заңсыз аңшылық ұйымдастырған инспектор" деген дақ түсе ме деп қорқады.
Оқиға болған күннің ертеңіне, 15 желтоқсанда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі инспектордың өліміне қатысты екінші және соңғы мәлімдемесін жариялап, Мәженовтың рейд кезінде жараланғанын жазған ақпарат құралдарын "шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып жатыр" деп кінәлады.
Мәлімдемеде "Тергеу барысында іске қатысы бар азаматтардың (куәгерлер, жәбірленуші және күдікті) қорық аумағында заңсыз аңшылықпен айналысқаны анықталды" делінген.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі "көрінеу жалған ақпарат таратушыларды қылмыстық кодекстің 274-бабы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша жауапқа тарту қарастырылғанын" ескертті.
16 желтоқсанда Серік Мәженовты Орал қаласына жерледі. Инспектордың жаназасына қатысуға келгендер марқұмның үйінің ауласына жиналып, жылап тұрды. Көз жасына ерік бергендер арасында ер адамдар да болды.
Серік Мәженов 44 жаста еді. Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалды.
Кейінгі 10 күнде бұл іске байланысты басқа ресми ақпарат берілген жоқ. Полиция департаменті Азаттықтың сұрағына "Жалғыз күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды, тергеу жалғасып жатыр" деп жауап берді.
Экология департаменті инспектордың өліміне қатысты ведомство мен полицияның ақпараты неге екі түрлі болғанын түсіндірген жоқ.
ПІКІРЛЕР