Биыл мамырда Киевте ISKA (Халықаралық спорттық кикбоксинг қауымдастығы) ұйымдастырған әлем біріншілігінде 27 жастағы Ясмин Қарабазар чемпион атанды. Бұл – Ясминнің әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісі. Ол бұған дейін муайтайдан Еуропа чемпионаты мен Германия біріншілігінде жеңіске жеткенін айтады.
Алғаш 14 жасымда муайтай спортына бардым. Спорт залға мені үлкен апам (әпкесі-ред.) жетектеп апарды. Жекпе-жектің бұл түрі мені қатты қызықтырды. Негізгі жетістіктерім осы спорттан болды. 2017 жылы Германияның Штутгарт қаласында өткен муайтайдан Еуропа чемпионатында алтын алдым. Сол кезде Қазақстан туын алып шығуға рұқсат берген еді, - дейді спортшы.
ТӘРБИЕШІ ЖӘНЕ ЖАТТЫҚТЫРУШЫ
Ясмин Қарабазар спорттан бөлек Мюнхендегі балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істейді және кикбоксингтен жасөспірімдерді жаттықтырады.
- Жекпе-жектен аптасына бес күн үш сағаттан балаларды дайындаймын. Болашақта Қазақстанға барсам деп те армандаймын. Туыстарымның көбі Алматы жақта тұрады. Қазақстанда өтетін спорт жарыстарына қатысып көрмедім. Жақында Германиядағы Қазақстан елшілігіне барып, жарысқа қатысқым келетінін айттым. Олар "Қазақстанға хат жібердік" деді. Қазір Қазақстаннан шақырту күтіп жүрмін, - дейді ол.
Ясминнің айтуынша, Германиядағы қазақ жастарының спортқа қызығушылығы төмен.
Ясмин Қарабазар қатысқан Украинадағы әлем біріншілігіне елуден астам елдің спортшысы қатысқан. Олардың арасында Қазақстан спортшылары да бар. Бұл елден барған Азамат Шурагаев 75 килограмда, Сергей Рычко +100 килограмда әлем чемпионы атанды. Екеуі де 36-41 жастағы спортшылар арасындағы жарысқа қатысқан
"АРМАНЫ – ҚАЗАҚСТАНҒА БАРУ"
Ясминнің екі әпкесі, ағасы және сіңілісі бар. Өзінің айтуынша, жақындарының бәрі спорттан алыс. Шешесі Айша Қарабазар басында қызының спортпен айналысуына қарсы болған.
Өзі тұрып, өзі жығылып, аяғында спортшы болды. Оқуын да жақсы оқыды. Жұмысын да істеп жүр.
- "Қыз баласың ғой. Саған спорт қол емес, оқы" дедік. Бірақ "спортшы боламын" деп күш бермеді. Өзі тұрып, өзі жығылып, аяғында спортшы болды. Оқуын да жақсы оқыды. Жұмысын да істеп жүр. Ендігі бір арманы - Қазақстанға барып қайту, - дейді Ясминнің шешесі Азаттыққа.
Айша Қарабазардың айтуынша, өздерінің арғы аталары Қызылорда облысы Қармақшы ауданынан көшкен.
- Біз Германияға қоныс аударғанымызға 40 жылдан асып барады. Ауғанстаннан Түркияға көштік. Ол жақта он жыл тұрғаннан кейін Германияға келдік. Германияда тұрып жатқанымызға 32 жыл болды. Әкемнің айтуынша, Германияға келгенде 12 жаста болыппын. Ата-әжемнің бәрі жолда қайтыс болған екен, - деп Айша Қарабазар ескі тарихты да қозғай кетті.
Түркияда тұратын қазақ ғалымы Әбдуақап Қараның дерегінше, шетелдегі қазақтар Батысқа екі түрлі топпен барған. Біріншісі – өткен ғасырдың ортасына таман Қытайдан Түркияға ауып барған қазақтар. Олардың кейбірі 1960 жылдардан Түркия мен Еуропа елдері арасында жұмысшы алмасу келісімі бойынша Германия, Франция, Швеция, Голландия мен Австрияға қоныстанған. Екіншісі – 1920-1930 жылдары Қазақстаннан Ауғанстан мен Иранға ауып, 1980 жылдары Еуропаға өткен қазақтар.
Қазір Еуропа елдерінде нақты қанша қазақ өмір сүретінін олардың өздері де, зерттеушілер де дәл айтып бере алмайды. Тарихшы Гүлнар Меңдіқұлова "Еуропада 5 мыңдай қазақ бар" деп есептейді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевтың дерегінше, Германияда – 300-дей, Францияда – 200-ден астам, Швецияда – 100-ден астам, Австрияда 20 шақты қазақ отбасы бар. Еуропа қазақтарының ең көп қауымы тұратын Германияда, Қазақстаннның ол елдегі елшілігінің мәліметінше, 1 мыңнан астам этникалық қазақ бар.
ПІКІРЛЕР