Николай Кононов "Код Дурова" (2012 жыл) деген кітабында"Арғы аталарының бірі - дворянин әрі помещик, ал тағы бірі ауқатты жер иеленуші болған. Совет үкіметі екеуін де меншігінен айырған. Сондықтан бәрін иемдене кететін пасықтарға деген жеккөрініш Дуровтың қанында әу бастан бар қасиет" деп жазады.
Бұл - "ВКонтакте" желісі мен Telegram мессенджерінің негізін салған Дуровтың алғашқы әрі жалғыз өмірбаяны. Николай Кононовтың айтуынша, Дуров "100 миллион адамнан тұратын халқы бар цифрлы мемлекет құрды". 2013 жылы Ресей үкіметі "ВКонтакте" желісін тартып алуды ұйғарған кезде Дуров онымен мәміле жасасты. Бірақ 2018 жылы ФСБ-ның шартына келіспей қойды. Сондықтан енді Ресейде Telegram бұғаттауға тырысып жатыр. Сәтсіз бұғаттаудың кесірінен дүкендер, курьерлік қызметтер, ақпаратты интернетте сақтау қызметі және өзге ресурстар зардап шекті. Роскомнадзор тіпті өз ресурсын - тыйым салынған сайттар бұғатталды ма, жоқ па бақылап отыратын "Ревизор" жүйесін де байқамай бұғаттап тастады. Ал Telegram бұрынғыдай жұмыс істеп тұр әрі Ресейдегі пайдаланушыларының саны арта түсті.
– Николай, сұрағымды кітабыңыздағы "Бәрін өзін сапқа тұрғызғысы келетін жүйеге ерегісіп әрі қасақана істеу, оны қамап қойғысы келетін шеңберді бұзу - 33 жастағы миллиардер Дуров үшін маңызды мотивтердің бірі" деген цитатадан бастайын. Бұл Telegram дүниеге келерден көп уақыт бұрын жазылған, бірақ Дуров қазіргі жанжалда да осы мотивке сүйенетін шығар?
– Негізі, солай. Бірақ сәл нақтылау керек. Бір жағынан, Дуров - жаратылысы барынша күрделі тұлға. Екінші жағынан, оның әрекеттеріне барынша түсінікті мотивтер түрткі болып отыр. Егер бұл адамның тұлғалық типіне қарайтын болсақ, ол-күшпен таңылған кез-келген дүниеге қарсы рухы мықты адам. Бірақ Telegram-ды бұғаттауға қатысты жағдайда оны күреске рационалды тұрғыдан түсінікті кәсіпкерлік түйсігі итермелеп отыр. Ол егер Роскомнадзормен (Ресейдің байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникацияны бақылау жөніндегі федералдық қызметі – ред.) тайталасында мемлекеттің қысымына шыдамай жеңіліп қалса, пайдаланушыларының бір бөлігін жоғалтып, инвесторлар оған ақшаны өз шарттарымен беретінін түсініп отыр.
–Меніңше, бұл жерде 2013 жылғы оқиға үшін кек алу да бар сияқты. Бәлкім, Telegram-ды бұғаттау ФСБ-мен жеке шайқасының жалғасы шығар.
– Оны кім білсін. Дуровтың нақты кіммен шайқасып жатқанын анық білмеймін. Бұл жерде бәрі әлдебір нақты тұлғаға тіреліп тұр деп ойламаймын. Бірақ мына жақта Кремль, яғни билік бар. Ол қазір 2018 жыл екенін, әлем мүлде басқа екенін түсінбейтін орашолақ адамдардың қолында. Олар ескі дағдымен Дуровты "ВКонтакте" желісі, енді Telegram мессенджері арқылы заңға қайшы контент, яғни балалар порнографиясы мен фильмдерді таратып жатқан порнограф деп санайды. Ондаған, тіпті миллиондаған адам (мысалы "ВКонтакте" желісінде) үшін сервис жасап шығарған Дуров ештеңені ұқпайтын әлгі адамдарға бірдеңені түсіндіруге мәжбүр болғанына ызаланады.
– Яғни, бұл 21 ғасыр мен 20 ғасырдың шайқасы ма? Бәріне тыйым салаты немесе тыйым салуға тырысатын адамдар ескіліктің адамдары, ал Дуров ескі идеяларды суқаны сүймейтінін ылғи айтатын.
– Иә, әлбетте. Дуров қазіргі жағдайды ұқпайтын, бірақ Telegram жабылса, терроризм тоқтайды деп санайтын немесе адамдарға осы идеяны тықпалауға тырысатын мемлекет өкілдерімен тіресіп жатыр. Әрине, Дуров қазір олармен салғыласуды доғарып, "Агора" құқық қорғау ұйымы заңгерлерін жалдады. Ал абсурдтар театрына қатыспау үшін Дуров адамдарына соңғы сот отырысына мүлде бармауды бұйырды.
–Facebook, "Одноклассники" және "ВКонтакте" желілеріне үйренген үлкен адамдарға көбіне Telegram-ды пайдалану қолайсыз сияқты көрінген. Шынымды айтсам, оны алғаш көргенде, бұл сәтсіз идея деп ойлағанмын. Бірақ мүлде олай емес болып шықты. Қазір қызықтың бәрі Telegram-да болып жатыр. Бұл сервистің тартымдылығының құпиясы неде?
- Пайдалануға оңайлығында, оңтайлылығында, шапшаң жұмыс істеуінде. Өйткені интернеті шабан, ескірген байланыс стандарттарымен әлі жұмыс істейтін дамушы елдер үшін бұл өте маңызды ғой. Ал Telegram тіпті EDGE деректерді жолдау технологиясымен де жұмыс істей береді. Сондықтан бұл мессенджерде құр хат алмасып қана қоймай, суреттер де жолдауға болады. Телеграм-каналдар мыңдаған оқырманы бар пайдаланушыға ұқсайды. Сондықтан интеллектуалдардың бір бөлігі, шынымен, Telegram-да жазады немесе оқиды.
– Бұдан бөлек, бұл ресурс инсайдерлік ақпаратқа, әшкерелеуші, компроматтарға арналған сервис қой. Ал Facebook ондай емес.
- Бұл рас, ол үшін де пайдаланады. Әлдебір ақпарат жарияланып кеткен оқиғалар болған. Шын мәнінде, бұл маңызды емес. Өйткені ондай ақпараттар бұрын телеарналар арқылы тарайтын. Кейін Ресейдегі Компромат сайты немесе сол сияқты ресурстар арқылы тарайтын болды. Қазір Telegram-каналдарға көшті. Егер Дуров тақырыбына, оның тұлғасына және оның Роскомнадзормен қақтығысына оралсақ, бұл жақтан идеологиялық қақтығыс, мұнда эйджизм (адамды жасына бола кемсіту – ред.) белгілері байқалады. Бұл диссонансты, яғни үйлесімсіздікті өте жақсы түсінемін. Өйткені коммуникация жағынан, ақпаратты тарату жағынан, адамдардың ақпаратқа деген көзқарасы жағынан әлем қарыштап дамып барады. Ал мына жерде ой-өрісі 1980 жылдарда бөгеліп қалған әлдебір адамдар ондаған миллион адамға өз пайымын таңғысы келеді. Ал өз аудиториясына тікелей сөйлеуге, оған мүлде өзге құндылықтарды жеткізуге үйренген адам осыған ызаланады.
– Оны саяси эмигрант деп атауға бола ма?
– Жоқ, болмайды. Дуров - кәсіпкер. Усмановпен жақын араластығын ұтымды пайдаланып, "ВКонтакте" компаниясындағы үлесі үшін Дуров көп ақша алды. Сондықтан оны әрине, саяси эмигрант деуге келмейді. Кейінгі кезде ол Петербургке жиі келіп жүрді. Ал қазір келмей кеткен сияқты. Сондықтан ол мүлде саяси эмигрант емес.
– Telegram желісіне Роман Абрамович қомақты қаржы салды деп оқыған едім. Бұл рас па?
– Қомақты ақша салған я салмағанын білмеймін, бірақ бұл сөз рас болуы мүмкін.
– Олег Кашин "Кім қалай қараса, олай қарасын, бірақ қазір Павел Дуров Ресейдің ең негізгі қарсыласына айналып келеді" деп жазды. Дұрыс сипаттама ма?
- Жоқ, бұл - сәл аңғалдау сипаттама. Өйткені Роскомнадзормен жанжал әлі аяқталған жоқ. Оның немен аяқталатыны да, Дуровқа және интернеттің ресейлік сегментіне әсері қандай болары да түсініксіз. Екіншіден, Дуров көп қарсыластың бірі ғана. Дуров үшін Ресей онша маңызды емес. Бизнесін дамытуға потенциал мол Африка, Оңтүстік Америка, ең бастысы Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты нарық көздері әлдеқайда маңыздырақ. Ол Telegram-ды бірінші кезекте Америкада дамытуды жоспарлайды. Ал Ресей отаны болғаны үшін ғана маңызды.
– Сіз атап кеткен жайттар оған көбірек ақша тапқысы келгендіктен маңызды ма әлде мұның әлдебір идеалистік есебі бар ма? Ол сізге ақшаны мүлде жақсы көрмеймін деп айтыпты. Бұл жұртқа көз қылып мүләйімсу ме әлде шын сөзі ме?
- Ақшаға қатысты айтқаны - мүләйімсу. Өйткені ол үшін ақша - тәуелсіздік және өз жобаларын дамытуға қажет мүмкіндік. Егер жеке басына келсек, бұл мүләйімсу емес. Павел Дуров барынша қарапайым өмір сүретін адам. Ол "Forbes" тізіміне кіруге жанталаспайды. Оған ақша ауқымды жобаларына ғана керек. Ол мына былыққа неге араласып отыр деп ойлайсыз? Өйткені оның ойынша жаңа ақпараттық қоғам басқа заңдар бойынша құрылуы тиіс. Ал ол заңдар қарапайым, түсінікті болуы керек деп санайды.
– Естуімше, Павел Дуровтың өмірінде ешқандай алкоголь, есірткі, дәрі-дәрмек, газдалған сусын, ет, телевизияға орын жоқ...
– Павел Дуров арақ ішпейді, ет жемейді. Қазір қалай екенін білмеймін, бірақ бұрын йогамен айналысатын, миды сергек ұстау керек деп санайды. Ол өзінің ақпараттық гигиенасына үлкен мән береді. Онысы түсінікті ғой, өйткені ми арқылы адам айтқысыз мөлшерде ақпарат өтеді. Павел Дуров міне осындай, яғни жаратылысы өзгеше адам. Кітабымның басында мен оның бойындағы қасиеттер қалай пайда болғанын сипаттаймын.
Оқи отырыңыз: Telegram бұғатынан басқа сайттар да зардап шекті
– Ал ұран тастаса, сын сағатта халық оның соңынан ере ме? Қазірдің өзінде "Ресей президенті Дуров болсын!" деп жазып жатқандар бар. Әлде жұрт әдеттегідей тым-тырақай қаша ма?
– Мектеп оқушылары, университет студенттері, қысқасы, 30 жасқа дейінгі жастар үшін Дуров - қаһарман. Егер Дуров әлдебір үндеу дайындап, оны оларға дұрыстап түсіндіре алса, нақты әрекеттерге шынымен ықпал ете алады. Иә, егер Павел Дуров ұтымды жүріс ойлап тауып, ұтымды үндеу тастаса, іске асатын тиянақты жоспар ұсынса, адамдарды көшеге шығара алатын сөздерді табуға оның қабілеті жетеді. Мұндай адамдар саны қанша болатынын, шынымды айтсам, білмеймін. Бірақ "ВКонтакте" желісі ауқымы өте үлкен. Ол жакта миллиондаған адам екенін білеміз ғой.
– Дуров пен Роскомнадзордың қақтығысы немен аяқталады деп болжайсыз?
– Бұл - әзірше мүлде болжауға келмейтін жағдай. Әзірше бізге, журналистер мен электронды платформалар арқылы бизнеспен айналысатын адамдарға Telegram-ға қатысты болып жатқан жағдай үлкен оқиға болып көрінеді. Бірақ 140 миллион адам тұратын елде бұл онша маңызды оқиға емес. Адамдардың көбі әңгіменің не туралы екенін мүлде түсінбейді. Әзірше бірнеше күн өтті, бұғаттау енді ғана басталды. Сондықтан әлдебір үлкен болжамды бір аптадан кейін жасауға болады.
(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Дмитрий Волчектің сұхбаты орыс тілінен аударылды)