Баян-Өлгий аймағының тұрғыны Нұрбек Шәріпханның "екі жыл бұрын өз күшімен салған" баспанасы соңғы үш күнде тоқтаусыз жауған жауыннан кейінгі селден құлап қалған.
- Өзім жанармай құю бекетінде жұмыс істеймін. Үйде екі балам мен әйелім бар. [Үйді] екі жыл бұрын лай-батпақтан қолмен кесек құйып тұрғызған едік. Қазір тең жартысы құлап, тұруға жарамсыз болып қалды. Басқа түскен соң көнеміз ғой. Күзге дейін ағайын-туыстарымен бірігіп үйді қайта тұрғызып алармын, - дейді ол.
Баян-Өлгий әкімдігінің дерегінше, 14-16 шілде аралығында екі мәрте болған селден 530-ға жуық үй құлап, 2512 адам баспанасыз қалған.
МАЛ ШЫҒЫНЫ
Осы аймақтың тағы бір тұрғыны Айгүл Нәзірханның да қора-қопсысы селден қираған. Оның айтуынша, Баян-Өлгийдегі "Бөкентау" ден аталатын таулы аймақтан құлаған сел жолындағы үйлерді қора-жайымен жапырып өткен.
– Біздің үй Бөкен таудың етегінде орналасқан ғой. Өткен аптаның соңына дейін аймақта жауын болмай, құрғақшылық болып тұр еді. Соңғы үш күн тоқтамай жауған жауын үйлердің бәрін шайып кетті, - дейді ол Азаттыққа.
Аймақ тұрғындар 14-15 шілдеде селдің аса қатты болмағанын, ал шілденің 16-сы күнгі селдің екпіні ерекше болғанын айтады.
Көшеде, жол бойында ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техникалардың шашылып жатыр. Бәрін су шайып кетті. Қажетті заттар лайдың астында қалып, жарамсыз болып қалды
- Көшеде, жол бойында ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техникалардың шашылып жатыр. Бәрін су шайып кетті. Қажетті заттар лайдың астында қалып, жарамсыз болып қалды. Сайда орналасқан үлкен үйіміз аман қалды да қора-жай, гараж, жаздық үй түгел құлап қалды. Қазір де аспан түнеріп тұр. Моңғолдың ақпарат құралдары тағы да қатты нөсер жауын жауатынын хабарлап жатыр. Қорқып отырмыз. Онсыз да түнімен ұйықтамай шықтық, - дейді Баян-Өлгий тұрғыны.
Баян-Өлгий тұрғындарының айтуынша, адам шығыны жоқ, бірақ «селден бірер бұзау-тайынша өлген».
Аймақ тұрғындары қазір аулалар мен көшелердің лай су мен батпаққа толып жатқанын, көшеде су соруға арналған бірнеше техника жүргенін жеткізді.
Ал Баян-өлгий аймағының әкімі Ғылымхан Айып "апаттан кейінгі жұмыстарға көмектесу үшін елдің батысындағы бес аймақтан көмек келгенін, алдағы жұмыс жоспарын жасау үшін жиын өтіп жатқанын" айтты. Әкімнің сөзінше, қазір жағдай қалыпқа келген және қала ішіндегі қалдық суларды өзенге ағызу, құлаған үйлердің орнын тазарту жұмыстары қолға алынған.
"АЙМАҚТА СУ АҒАТЫН ЖЕР ҚАЛҒАН ЖОҚ"
Баян-Өлгий тұрғыны Жанатхан Берік соңғы уақытта аймақтағы өзендердің бойына салынған үйлердің көбейгеніне алаңдайды.
- Соңғы жылдары ауыл-ауылдан аймақ түбіне көшіп келгендер өзеннің тартылған арнасына дейін үй салып алған. Қазір аймақтың айналасында су ағатын жер қалған жоқ. Жыра мен арықтың бойына, өзеннің арнасына да үй салып тастаған. Барлық жол бітелді. Таудан аққан су енді жолындағы үйлерді ағызбағанда, басқа қайда барады, - дейді ол.
Жанатхан Беріктің айтуынша, "аймақтағы үйлердің көбі лай кірпіштен салынған. Сондықтан құлаған үйлердің саны әлі де көбеюі мүмкін".
2016 жылы шілдеде Баян-Өлгийде қатты жауған бұршақ салдарынан сел болып, 700 адам баспанасыз қалған және 300 үй жарамсыз деп танылған. Апаттан бір бала, бір ересек адам қаза тапқан. Сол кезде қазақстандық белсенділер қаржылай көмек жинап, Баян-Өлгий аймағына жіберген. Ал Қазақстан билігі 200 мың доллар қаржылай көмек берген.
Оқи отырыңыз: Баян-Өлгийдегі 2016-жылғы тасқын
Баян-өлгей аймағы Моңғолияның батысында орналасқан. 1940 жылы Ховда аймағынан жеке бөлініп шыққан аймақтың орталығында шамамен 34 мыңға жуық халық тұрады. Халықтың 93 пайызға жуығы – этникалық қазақ.
ПІКІРЛЕР