Accessibility links

Еуро қаһарманына айналған "кәрі" футболшылар


Йенс Леманн 2008 жылы Еуропа чемпионатының финалында ойнаған ең жасы үлкен қақпашыға айналды. Базель, 25 маусым 2008 жыл
Йенс Леманн 2008 жылы Еуропа чемпионатының финалында ойнаған ең жасы үлкен қақпашыға айналды. Базель, 25 маусым 2008 жыл

Еуропа чемпионаттарында ең тәжірибелі ойыншылар командаларын алға сүйреп шыға алатынын бірнеше мәрте байқатты. Мысалы 1988 жылы голландиялық Арнольд Мюрен ардагер футболшы ретінде үздік ойын көрсетіп, аңызға айналды.

Тәжірибелі футболшыға жетері жоқ деп айтушылар көп. Еуропа чемпионаттарында бұл сөздің рас екенін дәлелдеген шеберлер де баршылық. Мысалы, соның бірі - голландиялық Арнольд Мюрен.

1988 жылғы еуро-финалда Голландия үшін шешуші гол соққан Марко Ван Бастенге алыстан тамаша пас берген кезінде Мюрен чемпионатта алтын медаль алған ең жасы үлкен футболшыға айналған еді.

Жасы келген басқа ардагер футболшылар да болды. Бірақ Мюрен құсап финалда жеңіске жеткен команданың құрамында ойнаған жоқ. Германияның Лотар Маттеусі мен Йенс Леманы да жас бойынша рекорд орнатуға шақ қалды. Бірақ Маттеус ойнаған 2000 жылы немістер топтық кезеңде-ақ жарыстан ұшып кетті, ал Леманның құрамасы 2008 жылы финалда Испаниядан жеңілді.

Сонымен "кәрі" футболшылардың еуротурнирдегі рекордтарына көз салайық.

ЕҢ КӘРІ ЧЕМПИОН

Арнольд Мюрен (37 жас, 23 күн)

1988 жылы Мюнхенде өткен финал кезінде Ван Бастеннің Ринат Дасаевтың қақпасына кіргізген ғажап голы көптеген жанкүйерлердің есінде. Бірақ дәл сол финалда Мюреннің жасаған рекордын біреу білсе, біреу білмейді.
"Аякс", "Твенте", "Ипсвич Таун" және "Манчестер Юнайтед" командаларында ойнаған жартылай қорғаушы Ван Бастен екінші голды соққан кезде оған дәл пас берген болатын. Содан бері Мюреннің рекордын ешкім жаңарта алмады.

"Голландияға қайтып оралған кезде барып ел-жұрттың қандай шат-шадыман күй кешіп, жеңісті тойлап жатқанын сезіндік. Германияда сол нәрсе жетпеп еді. Амстердамды өзен бойлап шағын кеменің үстінде шарлап шыққан кез сол бір қуаныштың шырқау шегі еді. Адамдардың жеңісімізге қаншалықты разы болғанын көріп, өз көзіме сенбедім" дейді Арнольд Мюрен.



ЕҢ КӘРІ ҚАТЫСУШЫ

Лотар Маттеус (39 жас, 91 күн)

Маттеус 2000 жылғы еуро-чемпионатта Германия-Португалия матчында ойнаған сәтте осы жарыстың тарихында алаңға шыққан ең жасы үлкен футболшы атанды. Бір қызығы сол матч Маттеустың германия үшін ойнаған 150-ші матчы болатын. "Боруссия", "Бавария" және "Интер" (Милан) командаларының жартылай қорғаушысы болған футболшы 1988 жылы даниялық бапкер Мортен Ольсен орнатқан рекордты жаңартты.

ЕҢ КӘРІ ФИНАЛ ОЙЫНШЫСЫ

Йенс Леманн (38 жас, 232 күн)

"Шальке 04", "Боруссия" және "Арсенал" командаларында сәтті өнер көрсеткен Йенс Леманн халықаралық футбол сахнасын жеңіс тұғыры арқылы тастап шығам деп үміттенген. Бірақ мақсатқа қол созым қалғанда арманы орындалмады. 2008 жылғы еуроның финалына шыққан Германия Испаниядан ұтылды. Қақпашы финалға дейінгі барлық матчтарда үзіліссіз ойнап келе жатыр еді. Екі мәрте анық голдан сақтап та қалған. Бірақ Фернандо Торрестің соққан добына қайран қыла алмады. Сөйтіп Испанияның 44 жыл ішіндегі алғашқы ірі табысына жол берді. Күміс жүлде алған Германия Леманның жасы арқылы жаңа рекорд орнатқанын біліп, жұбаныш тапты.

ЕҢ КӘРІ ГОЛ СОҒУШЫ

Ивица Вастич (38 жас, 257 күн)

"Штурм Граз" және "Аустрия" командаларының бұрынғы ойыншысы 2008 жылғы чемпионаттың топтық кезеңінде Австрия-Польша матчы аяқталуға 26 минут қалғанда алаңға шықты. Төрешінің қосқан қосымша уақыты кезінде тәжірибелі футболшы 11 метрлік айып добын дәл теуіп кіргізіп, есепті теңестіріп кетті. Австрия құрамасы үшін ойнаған 50-ші матчында Вастич 14-ші голын соқты. Солайша чемпионат тарихында гол соққан ең "кәрі" ойыншы атанды.

(Материал UEFA.com сайтындағы мәлімет негізінде әзірленді).
XS
SM
MD
LG