Accessibility links

Хазарлар: «Мазхабтар соғысынан құрып барамыз»


Хазар қызы Кветта қаласындағы жарылыстың құрбандарын жерлеу рәсімінен қорқып тұр. 19 ақпан 2013 жыл.
Хазар қызы Кветта қаласындағы жарылыстың құрбандарын жерлеу рәсімінен қорқып тұр. 19 ақпан 2013 жыл.

Пәкістанның оңтүстік-батыс өлкесінде саны аз этникалық топ - хазарлар тұрады. Шиға мазхабын ұстанатын бұл қауым қазір аймақтағы діни қақтығыстан зардап шегіп отыр.

Хазарлар 19-ғасырдың аяғында Ауғанстан патшасынан қуғын көріп, Кветтаға бас сауғалап қашып келген. Олар Ұлыбритания әскеріне қарасты Кветта қаласын паналап, осы жерде өсіп-өнді.

Соңынан Пәкістан тәуелсіз мемлекетке айналғанда көптеген хазарлар әскер қатарына алынып, қызметке адалдығымен ерекшеленді.

Хазар қауымы тау-кен өндірісі мен кәсіпкерлік саласында табысқа жетіп, еңбекқорлықтарын, спортқа деген ерекше икемдерін байқатты.

90 АДАМНЫҢ ҚАЗАСЫ

Бірақ бір кездері Кветта қаласына келіп, қуғын-сүргін нәубетінен аман қалған осы шағын шиит қауымы қазір діни қақтығыстардың ортасында, қауіп-қатерде күн кешіп жатыр.

1999 жылдан бері Пәкістанның Белуджистан өлкесінде пайда болған сүнниттік қарулы топтар хазарларға шабуылдарын жиілетіп, бұл халық мыңнан аса азаматынан айырылды.

Бір заманда зайырлы қала саналған Кветтада кейінгі жылдары көптеген жарылыстар болды. Аты-жөні этникалық тегін білдіріп тұрған Абдул Халид Хазар есімді саясаткердің айтуынша, Кветта қаласының хазар қауымы соңғы кезде жиілеп кеткен шабуылдардан қауіптеніп отыр. 2013 жылы ақпанның 16-сы күні болған бомба жарылысынан 90-ға жуық хазар қаза тапты.

- Жағдай өте қиын. Халықтың көбі көшуі мүмкін. Ешқандай үміт жоқ. Мұндағы атмосфера күннен күнге ауырлап барады, - дейді Абдул Халид.

«ӨНБЕЙТІН ДАУ ҚАЙТА ҚОЗДЫ»

Абдул Халидтің айтуынша 1970 жылдардағы Иран мен Ауғанстан арасындағы шиеленістен соң Кветтадағы бейбіт өмірдің шырқы бұзыла бастаған.

Ирандағы ислам революциясының шиит жетекшілері мен Ауғанстандағы Совет әскеріне қарсы соғысты қолдаған сүннит арабтардың арасындағы алауыздық енді Пәкістандағы хазарларға қайғы болып жабысты.

Халидтің айтуынша, Lashkar-e Jhangvi деп аталатын сүнниттік экстремистік топтың мүшелері 1990 жылдары Пәкістан үкіметінің қысымымен Пенджаб өлкесінен көршілес Белуджистан аймағына ығысқан. Мұнда келген олар хазарларға шабуылды үдеткен.

Lashkar-e Jhangvi мүшелері Белуджистан өлкесінде хазарларға қарсы жасалған барлық террорлық әрекеттерді мойындарына алды.
Шиит қыз Кветтадағы хазаре қауымына жасалған шабуылдарға қарсы наразылық акциясына "Мені өлтір, мен де шиитпін" деген жазумен шықты. Пәкістан, 19 ақпан 2013 жыл.
Шиит қыз Кветтадағы хазаре қауымына жасалған шабуылдарға қарсы наразылық акциясына "Мені өлтір, мен де шиитпін" деген жазумен шықты. Пәкістан, 19 ақпан 2013 жыл.

Ал хазар өкілдері «халқымыз бір-бірімен бақталас мұсылман секталары мен идеологтары арасындағы қақтығыстың құрбаны болғалы тұрғанын» айтады.

«Біз бұл соғыста елдің сорлысы болдық. Біздің дұшпандар бізді шиит болғанымыз үшін ғана Иранның жақтасы етіп көрсеткісі келеді. Біз қазір Иран мен араб елдері арасында, екі оттың ортасында қалдық. Біз біреудің қолымен от көсейтін мағынасыз соғыстың құрбаны болып отырмыз» дейді.

Хазарлар «Белуджистандағы тұрақсыз кезеңде де мұнда көпшілік болып отырған сүннит пуштундармен және балучилермен қақтығысып көрген емеспіз» дейді. Екі миллиондай адам тұратын Кветта халқының 30 пайызы - хазарлар. Кветтада негізінен пуштундар мен белуждер, тағы да басқа ұсақ ұлттар тұрады.

«ЭКСТРЕМИСТЕР САПЫ ТОЛЫСЫП ОТЫРАДЫ»

Lashkar-e Jhangvi экстремистік тобы қатарларын Белуджистандағы сүнниттік медресенің мүшелерімен толықтырып отыратыны туралы ақпараттар бар. Ол медресенің шәкірт оқыта бастағанына 20 жыл болған. Lashkar-e Jhangvi Иранның оңтүстік шығысындағы Систан-Белуджистан өлкесінде бірнеше террористік әрекеттер жасаған «Джундалла» («Алла сарбаздары») сүнниттік экстремистік тобына қолдау көрсетіп отыр.

«Джундалланың» сапын Иранның қауіпсіздік қызметінен қашып, Белуджистан өлкесін паналап жүрген белуждер толықтырып отырады.

Кветтадағы шиит мұсылмандар жарылыстан қаза тапқандармен қоштасып жатыр. Пәкістан, 18 ақпан 2013 жыл.
Кветтадағы шиит мұсылмандар жарылыстан қаза тапқандармен қоштасып жатыр. Пәкістан, 18 ақпан 2013 жыл.


- Кветтада өмір сүру қиындап бара жатыр, - дейді хазарлардың саяси белсендісі Ахмед Кухзад.

Хазарлар тұратын аудан Кветтаны көрші өлкемен жалғайтын жалғыз жолдың бойында болғандықтан экстремистердің шабуылына оңай ұшырайды.

Кухзад «Үкімет Lashkar-e Jhangvi тобына қарсы тегеурінді әскери операциялар ұйымдастырып, шабуылдарының бетін қайтарғанда ғана хазарлар қауіпсіз өмір сүре алады» дейді. Хазарлар ақпан айының 16-сы күнгі жарылысқа орай үлкен қарсылық шеруіне шыққан еді.

- Үкімет шабуылдарды тоқтату үшін сол қарулы топқа қарсы әрекет етуі керек. Оларға тойтарыс берілмесе, біз ол экстремистік топты үкіметтің өзі қолдап отыр деп түсінеміз, - дейді Кухзад.
XS
SM
MD
LG