Accessibility links

Оңтүстік Осетия басшысы «Ресеймен одақтасудың» жаңа жолын ұсынды


Мойындалмаған Оңтүстік Осетияның президенті Леонид Тибилов (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 31 наурыз 2016 жыл.
Мойындалмаған Оңтүстік Осетияның президенті Леонид Тибилов (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 31 наурыз 2016 жыл.

Грузиядан бөлініп кеткен, мойындалмаған Оңтүстік Осетияның басшысы Леонид Тибилов елді Ресей құрамына қосуға қатысты референдум өткізу жайлы ұсынысын енді басқаша айтты.

Леонид Тибилов сәуірдің 4-і күні журналистерге өткен аптада Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескенде «Ресеймен бірыңғай одақ мекемесін құру» туралы талқылағандарын айтты. Солайша Оңтүстік Осетия Ресейде айрықша құқық беруді қарастырмақ. Тибилов бұл шешімін «стратегиялық әріптесімізге саяси қатер төндірмес үшін керек» деп түсіндірді. Ол екі жыл бұрын Қырымды қосып алғаннан кейін Ресейдің халықаралық тұрғыда сынға қалып, санкцияға ілінгенін меңзесе керек.​

«ОДАҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ» ҰСЫНЫСЫ

Леонид Тибилов референдум өткізу үшін Оңтүстік Осетия конститутциясының 10-бабына өзгеріс енгізу керек екенін ескертті. Сол кезде Оңтүстік Осетия президенті «бірыңғай одақ мекемесін» құру туралы ұсыныс жасай алады. Қазір 10-бапта «Оңтүстік Осетия Республикасы басқа мемлекеттермен одақ құруға және одақ мекемелеріне өз өкілеттігінің бір бөлігін орындауды беруге құқылы» деп жазылған.

Оңтүстік Осетия президенті референдум «бір немесе екі жыл, жарты жыл емес, одан да ерте өтеді» деп мәлімдеді. Леонид Тибилов «одақ мемлекеті» болу нені білдіретінін немесе Оңтүстік Осетия оған қандай құқығын беретінін атап айтпады.

Сондай-ақ ол осындай одақ мемлекетін құру 2015 жылдың наурызында қол қойылған одақ қатынастары және интеграция туралы екіжақты шарттың ережелеріне қалай сай келетінін де түсіндірмеді. Ол шарттың 1-бабында «Ресей Оңтүстік Осетияны тәуелсіз мемлекет деп ресми таныған елдердің санын арттыру үшін қолынан келгенін жасайды» деп көрсетілген.

Сәуірдің 4-і күні өткен баспасөз мәслихатында Леонид Тибилов Оңтүстік Осетия жеке қарулы күштерін сақтайды деді. Екіжақты шарт бойынша оңтүстік осетиялық әскер бөлімдерін Ресей армиясы құрамына қосу Ресей заңына қайшы.

Оңтүстік Осетия парламентінің спикері Анатолий Бибилов. Донецк, 28 ақпан 2015 жыл.
Оңтүстік Осетия парламентінің спикері Анатолий Бибилов. Донецк, 28 ақпан 2015 жыл.

Тәуелсіз әскер санын азайту немесе оны жоюға қатысты әртүрлі пікірлер айтылып, жыл басында іс жүзіндегі қорғаныс министрі және парламент спикері Анатолий Бибилов пен Леонид Тибиловтың арасында дау болған.

Сарапшы Юрий Вагазов Азаттықтың «Кавказ жаңғырығы» сайтына «Тибилов Ресей мен Беларусьтің соңғы 20 жылдағы одағы тәрізді одақ құрғысы келген шығар» дейді. Вагазов референдумда қандай мәселе қаралатыны түсініксіз екенін айтты – сайлаушылар «одақтық мемлекет» құруға қатысты пікірлерін білдіре ме, әлде Оңтүстік Осетияның Ресейге қосылуын қарай ма?

Леонид Тибилов жоспарланған референдум немесе конституцияға өзгеріс енгізуден кейін қашан «одақтық мемлекет» құру қолға алынатынын да айтпады. Бірақ қисынға салсақ, 2016 жылдың соңына дейін аяқтамақ сияқты. Оның биліктегі өкілеттігі 2017 жылдың сәуірінде аяқталады, сондықтан қайтадан сайлауға түсуі әбден мүмкін, оның басты қарсыласы екі жыл бұрын Оңтүстік Осетияның Ресейге қосылуы туралы референдум өткізу кампаниясын бастаған Бибилов болмақ.

Тағы бір сарапшы Роланд Келехсаев Азаттыққа берген сұхбатында Тибиловтың «одақтық мемлекет» құру туралы пікірі «Бибиловтың алдын орап, бастаманы өзіне тану мақсатында жасалған және өзінің Ресейге адалдығын көрсету үшін айтылған сөз» дейді.

Халықаралық қауымдастық Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанын сынағанын ескерсек, Ресей басқа елдің аумағын заңсыз қосып алды деген айыптау тудырмайтын идея авторын қолдаса керек. Ал Бибилов «Оңтүстік Осетия Ресейге қосылу үшін заңды қалқан ете алады» дейді.

Бұдан соң мынандай сауал туындайды: Ақпан айының соңында Оңтүстік Осетияны Ресейге қосу туралы референдум өткізу идеясын қорғап, Ресейдің халықаралық қауымдастықпен қарым-қатынасы нашарлауы мүмкін деген сөздерге иланбаған Тибилов «одақтық мемлекет» құру ұсынысын өзі ойлап тапты ма? Оған Ресей президент әкімшілігі нұсқау беріп, көпшілікке жариялауды ұсынған жоқ па?

Лиз Фуллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG