Accessibility links

Стамбулдағы жарылысқа ИМ-ді де, Ердоғанды да айыптайды


Дәрігерлер Ататүрік әуежайындағы жарылыстан зардап шеккен адамдарға көмектесіп жатыр. Стамбул, 28 маусым 2016 жыл.
Дәрігерлер Ататүрік әуежайындағы жарылыстан зардап шеккен адамдарға көмектесіп жатыр. Стамбул, 28 маусым 2016 жыл.

Маусымның 28-і күні Стамбулдағы Ататүрік әуежайында болған атыс пен жарылыстардан ондаған адам қаза тапты. Азаттық Түркиядағы кешегі жарылыстан кейінгі ахуалды сондағы қазақтардан да сұрап білді.

Түркияның Стамбул қаласында тұратын этникалық қазақ Илияс Сака Ататүрік әуежайында болған, қазіргі мәлімет бойынша 41 адамды мерт етіп, жүздеген адамды жаралаған кешегі жарылыстан кейін жағдай қалпына келе бастағанын айтады.

Стамбулдағы жарылыс
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00
Жүктеп алу

– Жарылыстан кейін әуежай жұмысы бес сағатқа ғана тоқтады. Қазір бәрі бұрынғыша жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнына Түркия премьер-министрі келді. Әзірге терактіні ешкім мойнына алмаса да, билік ДАИШ-тан (ИМ –«Ислам мемлекеті» экстремистік тобының бір аты – ред.) көріп отыр, – дейді ол.

Ататүрік әуежайында жұмыс істейтін бірнеше қазақ бар екенін айтқан Илияс Сака «Құдайға шүкір, бәрі дін аман екен» дейді.

Ататүрік әуежайындағы жарылыстан зардап шеккен адамның туыстары. Стамбул, 29 маусым 2016 жыл.
Ататүрік әуежайындағы жарылыстан зардап шеккен адамның туыстары. Стамбул, 29 маусым 2016 жыл.

Стамбулда тұратын тағы бір қазақ Файзолла Топылының сөзінше, «жергілікті халық террористерді түгелімен құртқанын қалайды».

– Шын мәнінде бұл – Түркияның туризм саласына, сол арқылы экономикасына жасап отырған шабуыл. Біз бұны тек ДАИШ немесе Күрд жұмысшы партиясы жасады деп отырған жоқпыз. Бұған Ресейдің немесе басқа да елдердің бірінің әсері болуы мүмкін, – деп күдіктенеді ол.

Файзолла Топылы да қазір Стамбулдағы барлық мекемелер қалыпты жұмыс жатқанын, ешқандай қорқыныш жоқ екенін айтады.

Туыстары шабуылдан қаза тапқан Абдулхаким Бугда есімді жігіттің анасы Сажиде Бугданы сүйемелдеп әкетіп барады. Стамбул, 29 маусым 2016 жыл.
Туыстары шабуылдан қаза тапқан Абдулхаким Бугда есімді жігіттің анасы Сажиде Бугданы сүйемелдеп әкетіп барады. Стамбул, 29 маусым 2016 жыл.

Азаттық хабарласқан адамдардың енді бірі – Түркияның Анкара қаласында оқып жүрген қазақстандық студент (аты-жөнін атамауды сұрады – ред.). Оның сөзінше, жергілікті халық жарылысқа билікті де кінәлайды.

– Жарылысты естіген түрік азаматтарының кез-келгені қынжылысын білдіріп жатыр. Тіпті біздің көшеде көп жүре бермеумізді өтінгендер де бар. Бәлкім, алаңдайтын шығар. Мен танитын Түркия азаматтары «бұл – Ердоғанның кесірі» дегенді айтады. Тайып Ердоған билікке келгелі жарылыс жиілей түсті, – дейді ол.

Стамбул әуежайындағы атыс пен жарылыс елдің туристік қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін азаматтарын да уайымға салған. Мұны Азаттық тілшісі, қазір Түркияның Анталия аймағында демалып жатқан Әли Асқар да растайды.

– Мен жатқан, 500 орындық қонақ үйлеріне 150-ге жуық адам ғана келген отельдің қызметкерлерінің ұнжырғасы түсіп кеткен. Олар жарылыстың болуына билікті кінәлайды, – дейді Әли Асқар.

Ататүрік әуежайы. Стамбул, 29 маусым 2016 жыл.
Ататүрік әуежайы. Стамбул, 29 маусым 2016 жыл.

Маусымның 28-і күні кешке Стамбулдағы Ататүрік әуежайында болған атыс пен жарылыстар салдарынан, соңғы ресми мәлімет бойынша, 41 адам қаза тауып, 200-ден астам адам зардап шеккен.

Түркия билігі «үш жанкешті әуежайға таксимен келіп, полициямен атысқанын, мұнан соң жолаушыларды тіркеу аймағында жарылыстар жасағанын, әуежайдағы жұртқа оқ жаудырғанын» мәлімдеді.

Түркия президенті Режеп Ердоған Ататүрік әуежайындағы шабуылды теракт деп атап, әлем елдерін «террорға қарсы күш біріктіруге» шақырды. Ол жарылыстарды жасағандарды айыптап, «кінәсі жоқ бейбіт тұрғындар» қаза тапқанын айтты. Түрік премьер-министрі Бинали Йылдырым жарылыстардың артында «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы тұр деуге негіз бар» екенін мәлімдеді. Әзірше шабуылды ешкім мойнына алған жоқ.

Дүниежүзі елдері, солардың арасында Қазақстан да Стамбулдағы шабуылдарды айыптады. Қазақстан сыртқы істер министрлігі шабуылдан өз азаматтары зардап шеккені туралы мәлімет түспегенін айтады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Жарылыстан кейінгі Ататүрік әуежайы

XS
SM
MD
LG