Accessibility links

Германия неге Ресейге іш тартады?


Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатында сөйлесіп отыр. Санкт-Петербург, 21 маусым 2013 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатында сөйлесіп отыр. Санкт-Петербург, 21 маусым 2013 жыл.

Немістер Мәскеуге жанашырлық танытып, Ресейге қатаң санкциялар салуға қарсылық білдіріп келеді. Сарапшылар мұның себебін Екінші дүниежүзілік соғыстан да іздейді.

Маусымның 6-сы күні әлем елдерінің басшылары Францияда бас қосып, Екінші дүниежүзілік соғыстағы одақтастар әскерінің Нормандияға кіруінің 70 жылдығын атап өтеді. Одан бері қаншама уақыт өтсе де, сол соғыстың елесі Еуропа құрлығын кезіп жүр.

«НЕМІСТЕР ӨЗДЕРІН АЙЫПТЫ СЕЗЕДІ»

Бұл соғыстың ең үрейлі жері шығыс Еуропа мен СССР-дың еуропалық бөлігін тас-талқан етіп, миллиондаған бейбіт тұрғын мен солдаттардың өмірін жалмаған Германия мен СССР арасындағы ұрыс болса керек.

Сол сұрапыл соғысты ұмытпаған немістер Ресейдің Путин басшылығымен қайта бас көтеріп, бұрынғы совет республикаларында батыл саясат жүргізіп отырғанын құп көреді. Сарапшылар «немістер өздерін кінәлі сезініп қуыстанғандықтан Ресеймен жақындасуға ынталы» дейді.

Киев-Могилян академиясының саяси сарапшысы Андреас Умландтың айтуынша: «Қазір немістер Ресеймен арада болуы мүмкін қақтығыстан қатты қорқады. Қырғиқабақ соғыстан бері немістердің бойында Батыс пен Шығыс арасында қандай да бір қақтығыс шыға қалса, соғыс Германия жерінде болады деген үрей қалып қойған».

«Бұған қоса Екінші дүниежүзілік соғысты бастаған айыбы да немістерге әсер етеді» дейді Умланд. Оның айтуынша, «немістердің бойында орыстардың Екінші
Германияда тұрған совет танкісі. Берлин, 24 сәуір 2014 жыл.
Германияда тұрған совет танкісі. Берлин, 24 сәуір 2014 жыл.
дүниежүзілік соғыстан және одан кейін көрген қиыншылықтары кесірінен Германия Ресейге қарыздар болып қалды деген де түсінік бар».

Украина да бұл соғысқа қатысып, фашизмді жеңуге үлес қосқан. Совет Одағы кезіндегі статистикаға назар аударсақ, осы соғыста Беларусь халқының 25,3 пайызынан айырылған. Украина тұрғындарының 16,3 пайызы, Ресей жұртының 12,7 пайызы қаза тапқан. Нацистік Германия Украина аумағын түгел жаулап алған кезде 3,5 миллион адам қаза тапты.

Осыған қарамастан, немістердің көбі Ресейді құқықтық тұрғыдан ғана емес, тарихи тұрғыдан да Совет Одағының мұрагері санайды. Қарт немістердің көбі нацистер заманындағыдай Екінші дүниежүзілік соғысты «Ресейге қарсы соғыс» деп атайды. Содан да болар, немістердің көбі Совет Одағының шығындарын Ресейдің шығыны деп есептейді.

Гамбургте шығатын Der Zeit басылымында өткен аптада жарық көрген сарапшы Берндт Ульрихтің мақаласында «немістер Ресейдің алдында кінәсін сезінгендіктен, Украинаға селқос қарайды» деген пікір айтылған.

«Немістер өздерін орыстардың алдында кінәлі сезінгендіктен ғана [Украина] Еуропа Одағына кірмеуі керек пе? Бұл екі ұлттан да зәбір көрген Украинаның тағдырын тағы да осы немістер мен орыстардың шешіп жатуы тарихтан сабақ алу керектігін айғақтайды» дейді Ульрих.

РЕСЕЙ МЕН БАТЫСТЫҢ БІРІН ТАҢДАУ

Немістердің Путин басқарған Ресейге қатысты позициясын тап басып айту қиын. Сәуірде жүргізілген бір сауалнамаға қарағанда, немістердің 49 пайызы Германияның Путин мен Батыс арасындағы орталық позицияны ұстанғанын жөн көреді, ал 45 пайызы «Германия Батыс жағында болуы керек» деп санайды.

Немістердің көпшілігі Ресейге қатаң санкциялар салу туралы ұсынысты қолдамайды. Наурыз айында жүргізілген бір сауалнаманың қорытындысы бойынша, Германия тұрғындарының 55 пайызы Қырым түбегінің Ресейдің қарамағына өтуін қолдаған.

Алайда 2012 жылы Pew зерттеу ұйымы өткізген сауалнамаға қарағанда,
Ресей президенті Путиннің Украинаға байланысты саясатына наразылар. Германия, 29 мамыр 2014 жыл.
Ресей президенті Путиннің Украинаға байланысты саясатына наразылар. Германия, 29 мамыр 2014 жыл.
немістердің 77 пайызы «Ресей президенті Владимир Путиннің халықаралық қарым-қатынасқа лайықты қадамдар жасайтынына» сенбейтіндерін айтқан. Ал АҚШ-қа деген осындай сенімсіздікті респонденттердің тек 54 пайызы білдірген.

Брюссельдегі Карнеги орталығының профессоры Ульрих Спектің айтуынша, германиялықтардың Ресейге қатысты мұндай екіұдай позициясының қалыптасуына көптеген тарихи факторлар әсер еткен.

«Меніңше, Германия-Ресей қарым-қатынасында немістердің орыстарға қатысты көзқарасын қалыптастырған түрлі кезеңдер болды. Мен тек Екінші дүниежүзілік және одан кейінгі қырғиқабақ соғыстарды ғана айтып тұрған жоқпын. Мәселен, қырғиқабақ соғыс кезінде немістер "Ресей ядролық бомба тастап, жермен-жексен ете ме» деп қауіптенген, – дейді Спек.

«НЕМІСТЕР СОҒЫСТАН ҚОРҚАДЫ»

Немістер мемлекеті екіге бөлінген кезді, АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдемесіне тәуелді болған күндерін әлі ұмытпаған.

«Ел жадынан «Германия Ресейден әлсіз, соғысса жеңіліп қалады» деген пікір әлі өшпеген. Бұл - саяси сана-сезімнің түкпірінде жатқан тұжырым» дейді Спек.

Умландтың пікірі де осыған саяды. Оның айтуынша, немістерді орыстармен жақындасуға итермелеп отырған басты себеп – олардың соғыстан қорқуы.

«Меніңше, бұл – екі ел арасындағы тығыз экономикалық қарым-қатынастан да маңызды болып тұрған себеп» дейді Умланд.

«Немістер екі Германияны қайта біріктірудегі Совет Одағы рөлін де жоғары
Берлинге кірген совет әскері. 30 сәуір 1945 жыл. (Көрнекі сурет)
Берлинге кірген совет әскері. 30 сәуір 1945 жыл. (Көрнекі сурет)
бағалайды» дейді Спек. Биыл наурыз айында Қырымды аннексиялағаннан кейін парламентте сөйлеген Ресей президенті Путин де осы оқиғаны атап өткен еді.

Басқа факторлар да бар. Мәселен, немістер бұрыннан АҚШ-қа қырын қарайды, әрі бұл позициялары әлі өзгере қойған жоқ. Олар қырғиқабақ соғыстан кейінгі АҚШ үстемдік еткен бір полярлық жүйені сынайтын Ресейді қолдайды. Оның үстіне Ресей қоғамындағы әлеуметтік және діни консерватизм мен көзсіз ұлтшылдық немістердің де дүниетанымына сәйкес келеді.

Ресей немістердің осы «жанашырлығын» өз мақсатына пайдаланудың оңай әдістерін тапқан. Берлинде шығатын Der Welt am Sonntag және Гамбургте шығатын Der Spiegel басылымдары жақында Германиядағы қоғамдық пікірді Ресейдің ыңғайына қарай бұрып жүрген идеологиялық желілерді әшкереледі.

Russia Today ақпарат агенттігінің филиалы – Ruptly Рейхстагтың қарсы алдында орналасқан. Бұл агенттік туралы Der Spiegel: «Кремль Рейхстагтың төрінен өзінің ғалам туралы көзқарасын таратуға ақша аяп отырған жоқ» деп жазды. Шынымен де Германияның бірнеше ақпарат құралы Ruptly жаңалықтарын жаздырып алады әрі оның материалдарын таратумен айналысады.

Сарапшы Умланд мұндай «әшкерелеудің» болып тұрғаны да жақсы екенін айтады.

«Германия қоғамы «Ресей ақпараттық соғыс жүргізіп, қоғамдық пікірді жаулап алғалы жатыр» деген пікірді мойындап отыр. Меніңше, кейінгі апталарда журналистер Ресейден сезіктене бастады» дейді ол.

(Азаттық тілшісі Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).
XS
SM
MD
LG