В.Ленин қандай тұлға?

Бұдан дәл сексен жыл бұрын, 1924 жылы қаңтардың 21-күні Ресей большевиктер партиясының көсемі Владимир Ульянов-Ленин қайтыс болған еді. Ленин өлгенімен, ол негізін қалаған Кеңес мемлекеті әлемнің алтыдан бір бөлігін қамтыған ұлан-ғасыр жерде жүздеген ұлт пен ұлысқа жетпіс жыл билік жүргізді. Алайда, пролетариат диктатурасы үстемдік құрған ол өкімет те құлап, жаңадан тәуелсіз мемлекеттердің дүниеге келгеніне де он екі жылдан асты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы да бар. Бүгінде қазақстандықтар Ленин туралы не біледі екен?
Біз сауалнама жүргізген қазақстандықтардың Ленин туралы пікірлері әрқилы. Көп балалы зейнеткер ана Жұман Бораншықызы большевиктер көсемінің жастарға арнап айтқан өсиет сөзін мектеп қабырғасынан жадында сақтап қапты.

- Жақсы адам болған меніңше. Ол кісі баяғыда «Оқы, оқы және оқы» деп жақсы оқуға үйреткен Ленин атамыз. - Ал кемшілігі болды ма? - Болды, ол кезде тек орыс тілінде сөйлеп қазақ тілін ұмытып кеттік қой. Ленин ата тұсында дін жағынан да кемшіліктер болды, бірақ қазір ол жағдай жақсарды, - дейді Жұман Бораншықызы.

Жасы елуді еңсерген Кәрім есімді мына бір адам Лениннің бастауымен орыс патшасын тақтан төңкеріп билік басына келген кеңес өкіметінің қазақ халқына тигізген зұлматын еске алады.

- Ол кісі революция жасады ғой, патша режимін өзгертті. Қазір енді ол әлгі үлкен ағасының өшін алған сияқты боп отыр. Ал бір кемшілігі, менің жүрегіме қадалатыны - 1930-35 жылдары талай қазақ қырылды ғой, әйтпесе қазақтың саны қазіргіден әлдеқайда көп болушы еді, сол жанға бататыны. - Ал Лениннің тұлғасы жайында не айтуға болады? - Ол енді өте талапты адам, патша жүйесін құлату үшін бас керек, әрине.

Бұдан кейін біз Ленин жайында қазіргі жас буын өкілдерінің пікірін сұрадық.

- Менің есімім Руслан, жасым 22-де. Ленин - жұмысшылар табын қорғап, пролетариат көсемі болғанын білем. Өзім мектепте өоктябрят, пионер болдым.

- Ал Лениннің қандай жақсы қасиеттерін білесің? - Ол енді еңбек етуді құптады, баршаны еңбек етуге шақырды ғой. - Ал кемшілігі болды ма ол кісінің? - Кемшілігі болды дейді, білмеймін, - дейді Руслан.

- Менің атым Ботагөз, жасым 17-де. Мен Ленин жайында естігем, бірақ ол туралы ештеңе білмеймін.


Лариса есімді келіншек Ленинді тарихта үлкен із қалдырған ұлы адам деп санайтындығын айтады.

- Оның ұлылығы ретінде Кеңестер Одағы секілді алып мемлекетті құрғанын айтамын, мен Ленинді көрмесем де мектеп жасынан оның сөздерін оқып өстім, ол мен үшін үлгі тұтатын адам, - дейді Лариса.

Ленинге қатысты мұндай пікірді Қазақстан коммунистерінің серкесі Серікболсын Әбділдин де қостайды.

Серікболсын Әбділдин, Қазақстан Коммунистік партиясының 1-хатшысы:

- В.Ленин, дүниежүзінің алдыңғы қатарлы ойшылдарды баға бергендей, аса биік, данышпан адам. Оның ілімі, ғылымы – бәрі дұрыс, бірақ соны орындаушылар дұрыс болмағандықтан көптеген кемшіліктер болды. Лениннің өзі тірі кезінде де сол өзі ойлағанын іс жүзіне асыруға мүмкіндік болмады. Өйткені, Кеңес Одағы саяси картаға келген бетте капиталистердің бәрі жан-жақтан жабылды. Ішкі жағдай да дұрыс болмады. Сол себептен - өз басым ғана емес, бүкіл партияның атынан айтқанда – ол кісінің ілімі де, ғылымы да бізге жол көрсетеді.

Ал енді Исмайл есімді қарт адамның пікірінше Ленин жауыз адам болған.

- Өйткені өте көп адам Ленин жүргізген саясаттың құрбаны болды, оның зиянын біз де көрдік, - дейді Исмайл.

Исмайл қария кезінде кеңес өкіметінен жапа шеккен млн-даған жандардың арасында өз ата-анасының болғанын да айтады. Коммунистер партиясы билік басында болған кезде Исмайлдың әке-шешесін бай-құлақ ретінде дүние-мүлкінен айырып, туған жерінен жыраққа - Қазақстанға жер аудырыпты.