БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында Ирақтағы сайлаудың қауіпсіздігіне көмек беру жөнінде мемлекет жетекшілерінің пікірлері бір жерден шықпай тұр. Пәкістан президенті Первез Мушарраф Ирақтағы тыныштықты сақтауға өзінің әскери күшін жіберетіні жайында нақты ештеңе айтпай жалтарғандай болса, Грузияның сыртқы істер министрі БҰҰ-ының арнайы күштеріне Тбилисидің жүздеген жауынгерін аттандыратынын растады.
Ирақтағы жаппай сайлауға 4 ай уақыт қалғанда, сайлаудың барысын бақылайтын БҰҰ-ы сарапшыларының қауіпсіздігін қорғайтын күш жасақталды деп айтуға әлі негіз жоқ. Қауіпсіздік кепілдігінің жоқтығы және Ирақтың негізгі өлкелеріндегі қантөгістің асқына түсуі - елдің алдағы сайлауды ұйымдастыра алуына деген күдік те күшейіп келеді. Ирақтың уақытша билігі мен АҚШ өкілдері жаппай сайлаудың өтуі әлі де мүмкін деп мәлімдегенмен де, БҰҰ-ының осы аптада басталған Бас Ассамблеясында олар халықаралық қауымдастықты Ирақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне көмекке шақырумен болды.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл Ираққа 35 өкілін ғана жолдаған БҰҰ-ы үшін Ирақтағы қауіпсіздіктің үлкен проблема болып отырғанын мойындады. Сәрсенбі күні журналистер алдында ол АҚШ өкілдерінің бұл проблеманы назарында ұстап отырғанын атап көрсетті:
К.ПАУЭЛЛ: "Біз БҰҰ-ымен оған не қажет болатынын талдау үстіндеміз. БҰҰ-ының Бас хатшысы Ирақтағы өкілдерінің қатарын ұлғайтқысы келетін айтты, бірақ – ол үлкен топтың ойдағыдай жұмыс атқаруs үшін жеткілікті қауіпсіздік пен қорған болуы – күрделі проблема болып тұрғанын атап көрсетті”.
БҰҰ-ы миссиясиясының бітімгершілік күштерінің басты демеушісі болып табылатын Пәкістанның президенті Первез Мушаррафпен сәрсенбі күні К.Пауэлл мен Кофин Аннан жеке-жеке кездесті. Бірақ БҰҰ-ының пәкістандық дипломат жетекшілік ететін миссиясы жайында ешқандай нақты уйғарымға келмеді. Бас Ассамблеяда сөйлеген сөзінде де Первез Мушарраф Ирақтағы қауіпсіздікке үлес қосатыны туралы жарытып ештеңе айтпады.
П.МУШАРРАФ: “Ирақта тыныштық пен саяси тұрақтылықтың орнауын Пәкістан қолдайды және Ирақтың бірілігі мен территориялық тұтастығына кепілдік болады. Ол Ирақтағы билік халықтың қолына беріліп, елдің барлық табиғи ресурсына толық бақылау орнатқанда ғана жүзеге асады. Ел ішіндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті Ирақтың тез құрылуға тиіс өз полициясы мен қауіпсіздік күштері ғана ойдағыдай қамтамасыз ете алады”.
К.Пауэллдің хабарлауынша, өзі ЕуроОдақ министрлерімен кездесіп, олар БҰҰ-ының Ирақтағы миссиясын қаржылай қолдауға әзірлігін мәлімдеген. Бірақ қанша қаржы бөлінетінін Пауэлл тәптіштеп айтпады. Оның айтуынша, сәрсенбі күні Ирақтағы коалициялық күштердің құрамындағы Еуропа Одағына мүше елдер сайлауға дейін қалатындарын тағы да растаған.
К.ПАУЭЛЛ: “біз осында көп мәселені талдау үшін келдік, бұл қаржылай демеушілердің немесе басқалардың конференциясы емес. Біз көптеген лидермен тиянақты пікір алмастық. Ирақтағы коалициялық күштерді жасақтаған елдердің лидерлері біздің алдымызда тұрған мәселелерге түсіністік қарап, Ирақтағы миссияны қолдамақшы”, -деп атап көрсетті.
Ал осы кезде Грузияның сыртқы істер министрі Салом Зерабишвили “Азаттық” радиосына берген сұхбатында, БҰҰ-ының бітімгершілік миссиясына Тбилисидің атсалысуға дайын екенін тағы да растады.
С.ЗЕРИБИШВИЛИ: “Бұл - соңғы бірнеше апта мен айдың ішінде талқыланған мәселе болатын. БҰҰ-ының миссиясына 300-ден 500-ге жуық қол аттандырылады”.
Грузия президенті Михаил Саакашвили Ираққа әскерін жіберетінін сейсенбі күні БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында жариялады. Келесі күні журналистермен кездесуінде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы К.Пауэлл Грузияның бұл ұсынысы жайында бірауыз сөз айтапды. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында БҰҰ-ның өкілі: бұл мәселе әлі талданып жатыр және БҰҰ-ы Ираққа баруға дайындығын білдірген күштер жайында АҚШ-тың пікірін тосып отыр".