Сәрсенбі күні жүздеген шерушінің президент сайлауында жеңіліске ұшыраған премьер-министр В.Януковичті үкімет мәжілісіне жібермеу мақсатында Киевтегі үкімет үйін қоршап алуына байланысты, Украина үкіметі осы күнге жоспарлаған мәжілісін кейінге қалдыруға мәжбүр болды. Бірақ күтпеген жерден мәлім болғандай, Украина үкіметінің мүшелері шерушілерді алдап соғып, өз мәжілісін премьер-министр В.Януковичтің қатысуынсыз-ақ қаланың басқа бөлігіндегі кеңсесінде өткіген болып шықты.
Украинадағы президент сайлауының жеңімпазы В.Ющенко өзінің қолдаушыларын сайлауда жеңіліс тапқан бақталасы В.Януковичті үкімет мәжілісіне жібермеу үшін үкімет үйінің айналасын қоршауға шақырды. Өз қолдаушыларын ол Киевте кеше кешкісін осылай деп үндеді. В.Ю.: “Мен сіздерден ертең таңертең үкімет үйінің айналасындағы қоршауды күшейтуге шақырмын...” Сәрсенбі күні таңертең бірнеше жүз адам қол ұстасып, үкімет үйін қоршап алды. Шеруге шыққандардың кейбірі құмыралар мен кәстрөлдерді даңғырлатып соғып шу көтерді. Украина үкіметінің хатшысы Анатолий Толстоухов, жай-жапсарын түсіндіріп жатпай, үкімет мәжілісінің кейінге қалдырылғанын хабарлағанда, шерушілер өз дегеніне жеткендей болып көрінді. Бірақ, кейінірек, министрлер кабинетінің сессиясы премьер-министр В.Януковичтің қатысуынсыз өткені мәлім болды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары дәрежесіндегі қаржы министрі Микола Азаров журналистерге қаланың басқа бөлігінде өткен үкімет мәжілісіне өзінің төрағалық еткенін хабарлады және оның барысында 60-тан аса әлеуметтік-экономикалық мәселенің талқыланғанын атап көрсетті. Нақты қандай мәселелердің сөз болғанын және қандай қорытынды шығарылғанын ол тәптіштеп айтпады. Оппозиция лидері әрі президент сайлауының жеңімпазы В.Ющенконың мәлімдеуінше, осыдан бірнеше апта бұрын Украина парламенті – Жоғарғы Раданың үкіметке сенімсіздік білдіруінен кейін В.Янукович өзінің премьер-министр мандатынан айрылған және лауазымында қалуға ешқандай құқы жоқ. Мерзімі аяқталып қалған президент Леонид Кучма әзірше премьер-министрді лауазымнын босатудан бас тартты. В.Ющенконың одақтастары Леонид Кучма жаңа президенттің әкімшілігін қиын жағдайға қалдыруы мүмкін кейбір заң жобасын немесе рақымшылық заңын тарауға тиісті үкіметтің мақұлдап кетуіне мүдделі болып отыр деп санайды. Украинаның Орталық сайлау комиссиясы шығарған бастапқы қорытындыға сәйкес, В.Ющенконың жексенбі күнгі сайлауда 2 миллоннан астам артық дауыспен жеңіске жетуіне қарамастан, В.Янукович жеңілгенін мойындаудан бас тартты. Сейсенбі күні кешкісін ол 4 млн.-нан астам адам, негізінен қарттар, дауыс беру құқынан айрылды деп мәлімдеп, Сайлау комиссиясында өз шағымын тіркетті. Шағымда Украинадағы барлық 225 сайлау аймағында сайлау заңының бұзылғаны атап көрсетіледі. Орталық сайлау комиссиясының өкілі Зоя Чарикова хабарлағандай, В.Януковичтің шағымын қарауға комиссияның екі күн уақыты бар. Егер өзінің шағымы қанағаттандырылмаса, В.Янукович, осыған дейін өзі мәлімдегендей, Жоғарғы сотқа арыздана алады. Бақылаушылардың атап көрсетуінше, екі жақ та алдағы парламент сайлауының алдында көпшілікті өз жағына көбірек тартуды мақсат етіп отыр. Демек, екі жақтың теке-тіресі басқаша түрде тағы бірқатар уақыт жалғасуы мүмкін деп санайды бақылаушылар. Еурора Кеңесі мен Украина мүшесі болып табылатын оның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі тобы Украинадағы екі жақты да сайлау нәтижесін қабылдауға шақырды.