Семей қаласында жаңа жылдың алғашқы 20 күні ішінде кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығына ата-ананың қарауынсыз қалған 26 бала түскен.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, олардың жартысын таяу күндері балалар үйлеріне өткізу жоспарланып отыр. Қараусыз балалардың көбеюіне әлеуметтік жағдайдың төмендігі мен мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөлінбей отырғандығы себеп болып отыр дейді жұртшылық өкілдері.
Семей қалалық ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім бастығы Лариса Новикованың айтуынша, өткен жылы кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және ақтау орталығына барлығы 643 бала түскен.
Ал биылғы жылдың алғашқы жиырма күнінде ғана 26 бала ата-ананың қарауынсыз қалыпты. Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау орталығына түсетін балалардың жас мөлшері шамамен 10 мен 12 жас аралығында екен.
- Олардың көбі ата-аналарының кім екенін де білмейді. Өз беттерімен күн көріп нанын тауып жеп жүргендер. Мұнда олар көбіне ата-аналары тастап кеткен жағдайда түседі, тұратын жерлері жоқ, қайда барарларын да білмейді, - дейді Лариса Новикова.
Қараусыз қалып, қаңғыбас-кезбелікке салынатын балалар тек Семейде ғана емес, Қазақстанның барлық аймақтарында кездесетін әлеуметтік құбылыс. Қанат есімді бала Астанадағы кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және ақтау орталығына тамыз айында түскен екен. Ол ағасының ұрысқанына шыдамай өткен жылдың наурыз айында үйінен кетіп қалған. Сөйтіп жүргенде өзіндей балалармен бірге біреудің көлігін ұрлап қолға түсіпті.
- Үйде ағаммен бірге тұра алмадым. Сабақтан нашар баға алып келсем де ұрсады, қазір олар менің осында екенімді білмейді, - дейді Қанат.
Ал оның жанында отырған Ұзақбайдың анасы басқа қалаға кетіп қалып, өзі апаларының қолында қалған екен.
- Олардың үйлерінде бала көп, маған олар "сен бізге керек емессің" деп ұрсады. Екі апамның екеуі де жұмыс істейді, - дейді Ұзақбай.
Семей қалалық ішкі істер басқармасының мәліметіне қарағанда, көше кезіп қаңғыбас атанған балалардың көбі балалар үйлері мен мектеп интернаттарға жіберіледі. «Подросток» деп аталатын балалар үйінің басшысы Айтжамал Құсманқызы бүгінгі таңда бұл мекемеде 20-дан астам қараусыз бала тұрып жатқанын айтады.
- Олардың кейбіреуінің ата-аналары, туған-туысқандары келіп, алып кетіп жатады. Ондай жағдай кездесіп тұрады, - деді ол.
Семейде шығатын «Ел тынысы» газетінің тілшісі Зәмеш Кеңесқызы ата-аналары тастап кетіп, қараусыз қалған балалардың көбейіп кетуіне "бірінші кезекте әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болып отырғанын" айтады.
- «Адамды тұрмыс билейді» деген бар ғой. Сол жағынан келгенде әлеуметтік ахуалдың күннен-күнге төмендеп бара жатқаны адамдарға да соншалықты әсер етіп жатқан секілді. Сондай-ақ, мемлекеттік тұрғыдан дұрыс көңіл бөлінбегендіктен де осындай жағдай көптеп ұшырасады. Мысалы, бұрынғы балаларға берілетін жәрдемақы алынып тасталып, орнына атаулы әлеуметтік көмек деген келді ғой. Бұрын баласы барлар бала санына қарай аз болса да, көп болса да жәрдемақы алатын. Ал мына заң бойынша жәрдемақыға екінің бірінің қолы жетпейді. Үйге кіретін табыстың болмауы себепті балалар ақша табудың амалымен көше кезіп, қайыр тілеп, үйлерінен қалай жырақтап кеткендерін білмей де қалады. Бала үшін ішер ас, киер киім дайын тұрмаған үй не, дала не - бірдей, - дейді Зәмеш Кеңесқызы.