Хельсинки қауымдастығы Қазақстандағы саяси жағдайды «көңіл құлазытарлық» деп қабылдайды

Халықаралық Хельсинки қауымдастығының атқарушы директоры Аарон Родес Орталық Азия елдерінде "соңғы 10 жылда адам құқығы бойынша ешқандай алға жылжу болмай, кері шегініс байқалғандығын" айтады.
- Әсіресе демократияны орнату терроризммен күрес мәселесімен байластырылған кезеңнен бастап адам құқығы мен демократиялық қозғалыстарға аз қолдау көрсетіле бастады. Бұл елдердің мемлекеттік орындары қоғамдық азшық немесе саяси оппозициямен күресте терроризммен күресті желеу етіп отыр, - деді Аарон Родес.

Мысал ретінде ол оппозициялық бағыттағы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының жабылуы туралы шешімнің шығарылуын тілге тиек етті.

- Оппозицияның қуғындалуы керісінше ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді - деді Аарон Родес.
.
Ол "Қазақстанның демокртиялық таңдауы" халықтық партиясының жабылуы туралы шешімге заңдық тұрғыдан алғанда негіз жоқ есептейді:

- Мұндай шешімге негіз болған жәйттар жасанды.

Алайда, Қазақстан парламенті мәжілісінің халықаралық істер және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Серік Әбдірахманов Хельсинки қауымдастығы атқарушы директорының берген бағасымен мүлдем келіспейді.

- Оппозция Қазақстанда көп дауысқа ие бола алмай жүр. Сондықтан, олар шетелге сылтау тауып жылау керек . Ал оларға біреудің жаны ашып, соны айтуы керек, - деді Серік Әбдірахманов.

Оның пікірінше, кей жағдайда халықаралық сарапшылар толық тексерілмеген, көздері жетпеген деректерге жүгінеді.

- Мысалы, бір кездесуде АҚШ елшісі, ЕҚЫҰ өкілі «Экстремизм туралы» заңды таба алмай жүрміз деп айтқан. Мен парламентке келіп жігіттерге айтсам, олар: «Аға, ол заңның сайтта тұрғанына бір жылдан асты емес пе?!» дейді. Сондықтан оларға кейде әйтеуір бір нәрсе айту, сын айту керек болады, - деді Серік Әбдірахманов.

Хельсинки қауымдастығының атқарушы директоры Аарон Родес болса Қазақстандағы адам құқығы, оның ішінде сөз бостандығы, діни және саяси еркіндіктің берілуіндегі кемшіліктерге нұсқай отырып:

- Билік демократиядан қорқады деген қорытынды жасауға тура келеді, - деген тұжырым жасайды.

Америка халықаралық даму бойынша агенттігінің Еуропа мен Еуразия елдері әкімгерінің ассистенті доктор Кент Хилл Азаттық радиосына берген сұхбатында "егер мұндай ұйымдар тексеріле бастаса, оның себебі ол ұйымдардың тәртіп бұзғандығынан емес, оларды біреулер оппозиция санаудың салдарынан болар" деген еді.

Қазақстан парламенті мәжілісінің халықаралық істер комитеті төрағасы Серік Әбдірахманов қандай ұйым болмасын заң талаптарын орындауы тиіс дегенді алға тартады:

- Мысалы, «Сорос Қазақстан» ұйымын алайық. Оның басшысы Сорос мырза бұқаралық ақпаарт құралдарында: «Грузия мен Украинада көздегенімізге жеттік, енді біздің мақсатымыз – Орталық Азия» деген болатын. Енді осыдан кейін біз Соросқа қалай қарауымыз керек? Оған қоса бұл қор миллиондаған доллар салық төлемеген. Сондықтан, мұны қысым, саясат деп ұғуға бола ма?!

Адам құқығы бойынша Хельсинки қауымдастығының атқарушы директоры Аарон Родес Қазақстандағы саяси ахуал қандай болмасын, өздерінің адам құқығы саласындағы қызметтерін жалғастыра беретіндігін, тіпті Қазақстандағы жұмыстарын кеңейтуді көздеп отырғандарын айтты.