Сәрсенбілік газеттерде елде азамат құнының 250 мың долларға жетпейтіндігі және «Қазақстан темір жолының» бұрынғы басшысының үстінен қозғалған қылмыстық істің қайта тексерілуге жіберілгені айтылыпты.
«Айқын» газетіндегі Айхан Шәріптің «Қазақстан азаматының құны – 28 миллион теңге» деп аталатын мақаласында, үкімет отырысында Көлік және комуникация министрі Серік Ахметовтің тосын жаңалықты жария еткені хабарланыпты. Министр «елімізде бір азаматтың құны 250 мың долларға да жетпейді» деп мәлімдеме жасапты. Сондай-ақ мақалада жол-көлік оқиғалары кезіндегі өлім көрсеткіші бойынша Қазақстанның әлемнің алдында тұрғаны баяндалыпты.
«Егемен Қазақстан» басылымындағы «Арнайы өкілмен кездесті» деген редакциялық мақалада, премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Америка Құрама Штаттарының Еуразиядағы энергетика мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Бойден Грей бастаған АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің делегациясымен кездескендігі хабарланыпты. Кездесу барысында әлемдегі азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздік, орталықазиялық өңірдегі елдермен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастығы мен дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесі әңгіме арқауы болыпты.
«Аргументы и факты» газетінің қазақстандық қосымшасында, дүйсенбі күні өткен үкімет отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Асхат Дауылбаевтың, бүгінгі таңда аталмыш мекеменің үлескерлердің алдындағы міндеттерін орындағандығы күдік туғызатын 80 құрылыс нысанын тексеріп жатқандығын хабарлағаны айтылыпты. Тексеру жұмыстарының Қаржы полициясымен бірігіп жасалып жатқандығына тоқталған Николай Латышев, үлескерлерді алдап кеткен құрылыс компанияларына қатысты 8 қылмыстық істің қозғалғанын айрықша атап өтіпті. Осы мәселеге қатысты 8 материал Қаржы полициясына тексеруге жіберілген көрінеді.
«Время» газетінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеевке қатысты қозғалған қылмыстық істің қайта тексерілуге жіберілгені баяндалыпты. Осы мәселеге орай, журналистермен жүздескен Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов өрескел қателіктердің орын алғанын тілге тиек етіп, тексеру жұмыстарының толыққанды жүргізілмегенін ескертіпті. Сондай-ақ, мақалада қаржы полициясының Жақсыбек Күлекеевтің үстінен қозғалған қылмыстық іске байланысты тексеру жұмыстарын сәуір айында аяқтап, мамыр айының соңында сотқа жіберетіндігі туралы мәлімдегені сөз болыпты.