Қаржы дағдарысы мигранттардың еліне ақша аудару мүмкіндігін қиындатты

Прагадағы Western Union кеңсесі, 2008 қараша

Еңбек мигрантарының көбі шетелде бір күндік қара жұмыспен күнелтіп, үй тазалаушы немесе такси жүргізуші сияқты жұмыс табады. Олар тапқан нәпақасын отбасына жіберіп отыруы қажет. Алайда ғаламдық қаржы дағдарысының салдарынан елінен жырақта жүрген мигранттардың бала-шағасына қаражат жөнелтуі төмендеп барады. Мұндай жағдай әсіресе Шығыс Еуропа мен Орта Азияда көптеп кездеседі.

36 жасар Гүлбахор Өзбекстанда тарих пәнінен сабақ берген. Бірақ өткен жылы Чехия еліне келген ол үй жинаушы болып жұмыс істеп, тапқан-таянғанымен елде қалған отбасын асырап отыр. Прагадағы бір қонақ үйде жұмыс жасап тапқан ақшасын Гүлбахор қажетті азық-түлік, киім-кешек және жүріп-тұрғанына жаратсын деп ай сайын анасы мен бауырларына жіберіп тұрады екен:

“Мен оларға ақша жіберу үшін барымды саламын. Отбасымның ашығып қалғанын қаламаймын. Сол себепті ай сайын менің тапқан табысым қанша болғанына қарамастан, оларға Вестерн Юнион арқылы 500 доллар аударып тұрамын”.

Гүлбахор Шығыс Еуропа мен Орта Азиядан келіп, отбасыларын асырау үшін шетте жүрген миллиондаған адамның бірі. Бүгінде Еуропа Одағы молдовандар сияқты көптеген шығыс еуропалықтың тіршілік ету алаңына айналып отыр.

Чехияға молдовандық мигранттар жұмыс іздеп келуде. 2008 жыл.


Ал орта азиялықтардың көбі Ресейде күнелтіп, нәпақа тауып жүрсе, Гүлбахор Еуропа елдерін бетке алыпты. Бүгінде Ресейдегі мигранттардың саны 12 млн-нан асып, әлемде Құрама Штаттардан кейінгі иммигранттар мекеніне айналды.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, мигранттар 280 млд. доллардан аса ақшаны дамушы елде қалған отбасына жөнелтіп отырады екен. Тіпті бұл көрсеткіште басқа да жолдармен ақша жолдау әрекеттері есепке алынбай отыр. Көп жағдайда таныстары арқылы туыстарына қаражат жіберетін кездер болады.

Ауғанстанның орталық банк басшысы Абдул Қадир Фитрат Азаттыққа өткен жылы Ауғанстанға 13,5 млд доллар ақша келген оның көбісі - донорлық елдерден түскен көмек болса, тағы біразы сыртта жұмыс істеп жүрген ауғандардан түскенін айтқан еді:

“Бәлкім шамамен 400-500 млн доллар қаражатты ауғандықтар аударған. Менде қазір шеттегі ауғандықтардың нақты қанша жіберген туралы статистика жоқ, біз бұл көрсеткіштерді қарап жатырмыз”.

Десе де бүгінгі қаржы дағдарысы қиындап тұрған шақта, ақша аударылымы айтарлықтай төмендей түскен.

Құрама Штаттардан басталып, бүкіл әлемге әсер еткен қаржы дүрбелеңі Еуропа экономикасына да келіп, бірқатар елдер рецессияға ұшырап жатыр. Бұл арада Ресей президенті Дмитрий Медведев те қаржы дағдарысы өз еліне де келгенін мойындады.

Және бұл дағдарыс салдары мигранттардың тіршілік көзіне айналып отырған экономика саласындағы құрылыс нысандары сияқты жұмыс орындарының жабылуына соқтырып отыр. Бұл олардың еліне ақшасыз қайтуына әкеледі, мұндай жағдайда Қазақстаның құқық қорғау органдары айтып отырғандай, шеттен келген мигранттар арасында қылмыс өсе түскен. Адам тонау, кісі өлтіру оқиғалары көптеп тіркеле бастаған соң, қазақстандық ресми орындар аймақтарды заңсыз шет ел азаматтарынан тазарту операциясына кірісті.

Өткен аптадағы БҰҰ-ның сауда және даму жөніндегі конференциясында ақша аударылымы алдағы жылы 6 процентке дейін түсуі мүмкін деп ескертті.

Қырғызстанның экономикалық даму және сауда министрі Ақылбек Жапаров қазірдің өзінде ақша аудару операциялары азайғанын айтады:

“Ресми ақша аудару жолдары арқылы біздің шеттегі еңбек мигранттарымыздың аударатын қаржы көлемі қатты төмендеді, өйткені олардың көбісі Қазақстан мен Ресейде тұрақтаған. Ресейде көптеген құрылыс компаниялары жұмыстарын 30 пайызға қысқартты, алдағы жылы бірнеше үлкен жобаларын тоқтатып құрылыс саласындағы жұмыстарын 50 процентке азайтпақшы. Қазақстанда сіз білесіз, дағдарыс бұл жылы ғана емес банк саласында өткен жылы басталған”.

Ақша аудару проблемасы туралы әзірбайжандық Зияфат Ибрахимова деген азаматша айта келе, өзінің күйеуі Имран осыдан 20 жыл бұрын Совет одағы болып тұрған кезде Ресейге жұмысқа кетіп, сондағы көкөніс базарында жұмыс істегеніне тоқталды. Енді оған баласы Анар да келіп қосылып, Мәскеуде таксист болып тіршілік жасауда. Ай сайын Зияфат Ибрахимова мен оның жеті жасар немересі Мәскеуден келетін ақшаны күтіп отырады екен. Бакудің сыртындағы үйінен берген сұхбатында Ибрахимова қазір ақша аудару жағдайының бұрынғыдан қиындағанын айтады:

“Қазір бәрі қиындады. Бұл қаржы дағдарысы. Біз онымен ештеңе істей алмаймыз. Олардың жіберген ақшасын жұмсаймыз. Қазір проблемалар көбейді. Балалар өскен сайын, олардың сұранысы да өсіп жатыр. Мысалы бұрын біз үлкенірек балаларымыздың киімін тағы кигізген болсақ, қазір олай емес”.

Мұның бәрі азық-түлік пен энергия көзінің бағасы шарықтап тұрған сәтте болып отыр дейді әзірбайжандық тұрғын.