Қытай қазақтарының әмбебап сайттары

Қытай қазақтарының kultegin.com сайты. Скриншот.

Бұл веб-сайттардан қазақтарды атажұртына шақырған үндеу де, Үрімжідегі мешіт мәселесі де, компьютер үйрену сабақтары мен «қызғынды» форумдар да табылады.

Қазақстаннан тысқары жерлерде тұратын қазақтардың ішінде интернет сайттары ерекше дамығаны – Қытайдағы диаспора. Олардың 50-ге жуық сайты төте жазумен шығып келеді.

Қытайда тұратын қазақ ұлты өкілдерінің сайтын интернетттен жеке-жеке іздеп әуре болмай-ақ kz321.com-ды бассаңыз, бірден «Сал-сері», «Еларыс», «Сахара», «Бозбала», «Мен – Қазақ», «Нұр-музыка», «Қазақ-кино», «Мереке торабы», «Кескін торабы», «Ақиқат», «Күлтегін», «Қазақ арманы», «Қазақ музыкасы», «Шалқар», «Тамаша», «Әлем қазақтары», «Сен – қазақ», «Парасат», «Қазақсофт» сияқты сайттардың сілтемесін көре аласыз.

Бұл сайттардың атаулары әртүрлі болғанымен, ішкі мазмұны, көтеретін тақырыптары, тіпті, сыртқы формалары да бір-біріне ұқсас. Нақты бір бағытта жұмыс істемейді. Мәселен, сайттарды ашсаңыз – тілді де үйретеді, компьютерді меңгеру сабақтарын да табуға болады, кино көріп, музыка да тыңдауға мүмкіндігіңіз бар. Өзіңізге ұнайтын ақынның жыр жолдарын сайтқа салып, жарнама да жасай аласыз. Сайттарда түрлі тақырып бойынша пікірталас өрбітетін форумдар да жетерлік.

Қытайдағы қазақ сайттарының сөз қолданысынан бірізділіктің жоқтығы аңғарылады. Бірі: «қызғынды тақырып» десе, екіншісі: «қызғынды теме», ал үшіншісі: «қызғынды жолдамалар» боп жазылып кете береді.

Бірінде қозғалған немесе жарияланған тақырыпты екінші сайттан тура сол қалпында көруге болады. Сонымен қатар қазақстандық БАҚ-тарда жарияланған материалдар сайттардың бір бөлігін толтырып отырғаны көрінеді.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНА СІҢЕ БАСТАҒАН «ТЕМЕ»

Қытайлық қазақ оқырмандар көп қарайтын сайттардың бірі – kultegin.com вебсайты. Сайт өзінде көтерілген мәселелерді «Суретті теме», «Жауһар теме», «Жаңа теме», «Жаңа жауапты теме», «Апталық қызғынды теме» деген тақырыптармен реттеп отырады. Негізінен «Бозбала» мен «Тұран» секілді бірер сайттар ғана «тақырып» сөзін қолданған. Ал көпшілігі ағылшынның theme (орысша – «тема») сөзін пайдалануды дәстүрге айналдырыпты.

Жоғарыда аталған сайттың бірінші бөлімінде тек әр түрлі форматтағы суреттер ашылса, «Жауһар теме» бөліміне көркем шығармалар қойылған. Мәселен, осы бөлімдегі шығармалардың тізімінде Оралхан Бөкейдің «Бәрі де майдан» хикаяты, «Абылай хан» драмасы, қытай тілінен аударылған шығармалары орналасқан.

Ал «Жаңа теме» бөлімінде оқырман талқысына әр саладағы 30 тақырып ұсынылған. Соның бірі – Үрімжі қаласында мешіт салу мәселесі. Оқырман Үрімжі

Ұйғырлар баратын мешіттің есігі. Үрімжі, 10 шілде 2009.

қаласында қазақтарға арналған бірде-бір мешіттің жоқ екенін және қазақтардың мол шоғырланғанын айта келіп, «Мемлекетіміздің дін саясатын өз тілімізде түсіндіретін мешітті салу үшін ортаға ақша жинасақ. Сіз қанша бере алар едіңіз?» деген сауал тастайды. Ал «Неге Алтайда жаман ауру көп?» деп аталатын мақалада автор Алтай өңірінде «ақ қан ауруының, балалардың кем боп туылуының және әйелдер бедеулігінің көбейіп кеткенін» айтып келеді де «мұның екі себебі бар» деп көрсетеді.

Автордың жазуынша, «соңғы уақыттары Алтай аймағында көптеп ашылып жатқан кен орындарынан шыққан радиация аурудың көбеюіне бірінші себеп болса, Қазақстанның Семей аймағының Алтайға жақын орналасуы – екінші себеп. «Семей өңірі – жазық. Ал Алтай – осы өңірдегі ең биік таулы район. Желдің жылдық соғу бағыты көбіне шығысқа қарай болады. Осының кесірінен Совет Одағының тұсында 500 рет жасалған сынақтан қалған Семей жеріндегі радиациялар желмен бірге кеп жатыр» деп тұспалдайды автор.

«МЕН ҚАЗАҚСТАНҒА КЕРЕК ЕМЕС ШЫҒАРМЫН»

Ал kzsahara.com деп аталатын сайт «Ауыл төрі», «Ауыл іші», «Сөздік», «Әріп сәйкестіргіш» және «Ақындар айтыс» атты бөлімдерден тұрады. Осындағы «Ауыл төрі» бөлімінде қазақстандық Құл-Керім Елеместің «Қайт, қазақ!» атты ұзақ мақаласы басылыпты.

Құл-Керім Елемес, ақын. Жеке мұрағаттағы сурет.


Жазбасын «Менің бір ұстанымым – мен Қазақстанға керек емес шығармын. Бірақ маған Қазақстан керек» деген сөздермен бастаған аутор байырғы жерлестеріне Қазақстанда адамдардың ислам дініне кіре бастағанын, жерінің кең, елінің бай екенін айтып, ұзақ үндеу жариялапты. Осы сайттан «Қазақпарат» сайтында 3 қазанда жарияланған «Қазақстан-2030 даму стратегиясы» атты шағын мақаланы да көзіміз шалды.

Қытай қазақтары көп қарайтын сайттардың бірі - bozbala.com. Бұл сайт «Кескін», «Музыка», «Сұхбат», «Көршілер», «Сурет», «Кеңесжай», «Кино» сияқты бас бөліктерден тұрады. Аптадағы қызықты тақырыптар сараланып, талданып оқырман қауымға қайталанып ұсынылып отырады. Көбіне-көп жастар мәселесіне баса көңіл бөлетін бұл сайт ара-арасында басқа да тақырыптарға мойын бұрады. Мәселен, осы аптада «Лондон олимпиадасындағы Қазақстан» деген тақырып ортаға шығыпты. Алайда әзірге пікір білдірген ешкім жоқ екен.