Жер мәселесі жөнінде 21 мамырда өтетін қарсылық шеруіне қатысатыны туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасы үшін Алматы облысында тұратын мектеп мұғалімі Айман Сағидулла бүгін полиция бөліміне жеткізіліп, прокуратура өкілі оған ескерту жасаған.
Сағидулланың Азаттыққа айтуынша, түс кезінде өзі тұратын Қырғауылды ауылынан полиция өкілі оны Қарасай аудандық ішкі істер бөліміне алып барған. Оған ешқандай шақырту қағазы берілмеген.
– Бір сағаттай күткізіп Қарасай ауданы прокуроры орынбасары Марат Шырынбеков келді. Ол «әлеуметтік желіде елді митингке шақырғаның үшін жауапқа тартыласың» деді. Мен ешкімді митинге шақырмағанымды, тек өзімнің баратынымды жазғанымды айтты, - деді Айман Сағидулла.
Оның сөзінше, прокуратура өкілі «заңсыз митинге шақырғаны үшін жауапкершілік» туралы екі беттік ескерту жазылған қағазды оқып, Сағидулладан онымен танысқаны туралы қол қоюды сұраған.
– Мен бұл жерге ешқандай шақыртусыз келгенімді айтып, ол қағазға қол қоюдан бас тарттым. Олар екі куәгер шақырып, видеоға түсіріп алды, - дейді Сағидулла. Сонан кейін оны үйіне босатқан.
Бұл жайтқа байланысты Қарасай аудандық прокуратурасы мен аудандық ішкі істер бөлімінен комментарий алу мүмкін болмады.
Қазақстан үкіметінің «жер сату және шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру» жоспарына қарсылық акциялары билік тарапынан рұқсат берілмесе де, 24 сәуірден бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Ақтау, Жаңаөзен мен Қызылорда қалаларында өткен. Наразылар 21 мамыр күні бүкіл ел көлемінде «жер сатуға» қарсы бейбіт шеру өткізу туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы таратқан. Бұл тақырып қазір әлеуметтік желілерде қазақстандық қолданушылар қызу талқылайтын тақырыпқа айналған.
Өткен аптада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «жер туралы жалған ақпарат таратушы арандатушылар жазалануы тиіс» деп мәлімдеген.