Accessibility links

Атырауда алаңға жиналғандар "жер сатуға" қарсылық білдірді


Атыраудағы «жер сатуға қарсылық» жиыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

Атыраудағы «жер сатуға қарсылық» жиынынан видео. 24 сәуір 2016 жыл.

Атыраудағы Исатай мен Махамбет аланыңа жүздеген адам жиналды. Олардың «жерді шетелдіктерге жалға бермеу және сатпау» туралы талабын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Ақордаға жеткізуге уәде етті.

Атыраудағы орталық алаңға жұрт түскі сағат 12 кезінде жинала бастады. Олар Қазақстан жерін «шетелдіктерге жалға беруге және сатуға» қарсылығын білдіруге келгендерін айтады.

Қазақстан Жер кодексіне былтыр күзде енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылғы шілде айынан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді ел азаматтарына аукцион арқылы жеке меншікке сату, сонымен бірге шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға ондай жерді 25 жылға дейін жалға беру басталмақ. Бұл жаңа өзгеріс Қазақстан қоғамында қызу пікірталас тудырған.

Оқыңыз: Шаруалар жерді аукционмен сатуға сақсына қарайды

Бүгін Атыраудағы алаңға жиналғандар осында келген қала әкімі Нұрлан Ожаев пен облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевқа өз талаптарын жеткізді. Әкім Ожаев «рұқсат етілмеген митинг өткізу - заңсыз» болатынын айтқанымен, жұртшылық билікке талаптарын айту үшін жиналғандарын айтып, тараудан бас тартты.

Шенеуніктер жұртқа «Қазақстанның жері мен егемендігіне ешкім қол сұға алмайтынын» түсіндіруге тырысты. Жиналғандар оларға Қазақстан жерін шетел азаматына 25 жылға жалға беру «ел мен жер болашағына қатер» деп санайтындарын айтты. Бұдан соң билік өкілдері алаңнан кетіп қалды. Алаңда митинг жалғасып, көпшілік алдына шығып сөйлегендер «жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де» қарсы екендерін мәлімдеді.

Қоғамдық белсенділер жиналған жұртты «арандатудан сақ болып, тәртіп бұзбауға» шақырды. Исатай мен Махамбет алаңы маңына бүгін таңертеңнен жиналған полиция митингті сырттай бақылап тұрды.

Арада тағы біраз уақыт өткенде наразылық акциясы өтіп жатқан алаңға Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев келді. Жиналғандардың «Жер-Ананы сатуға және жалға беруге болмайды» деген сөздерін ол да естіді.

Бұған дейін жергілікті белсенділер Атырауда 24 сәуірде митинг өткізу туралы қала әкімдігіне өтініш бергенімен, билік рұқсат етпеген. Атырауда «жерді жеке меншікке сатуға» қарсы акцияға шықпақ болған кейбір азаматтық белсенділер жексенбі күні тергеуші сұрағына жауап беруге шақырылғандары туралы қағаз алған.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев бүгін өзін шақыртқан ішкі істер департаменті оған және арасында Талғат Аян да бар тағы бірнеше белсендіге қарсы «әлеуметтік алауыздық қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабардар еткенін айтты.

Алаңға жиналғандар облыс әкіміне бейбіт митинг үшін белсенділерді қудаламау туралы уәде бермейінше оның сөзін тыңдамайтындарын мәлімдеді. Облыс басшысы Нұрлан Ноғаев жұртты белсенділерді ешкім қудалап, жазаламайды деп уәде беріп, сендіруге тырысты. Ол алаңдағы жұрттан талаптарын қағазға түсіріп, өзіне жазбаша түрде беруді сұрап, оны Ақордаға жеткізетінін айтты.

Митингке қатысушылар Жер кодексінен жерді шетелдік азаматтар мен шетелдік заңды тұлғаларға және азаматтығы жоқ адамдарға сату, жалға беру туралы баптарды мүлде алып тастау, Қазақстандағы жер иелерінің аты-жөні туралы ақпаратты жариялау, бейбіт жиынға қатысқандар мен ұйымдастырушыларды қудаламау туралы талаптар жазылған петицияға қол қойды.

Жиынға қатысушылар облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа «нақты жауап алу үшін 21 мамырға дейін мұрсат беретіндерін» айтты және бұл мәселе шешімін тапқанша жинала беретіндерін ескертті.

Атыраудағы бейбіт шеру жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00 кезінде тарқады.

Атыраудағы қарсылық акциясы туралы фотогалерея:

XS
SM
MD
LG