Қырғызстанның "Республика – Ата-Жұрт" партиясының жетекшісі, Жогорку Кенеш депутаты және биыл өткен Қырғызстан президенті сайлауында кандидат болған Омурбек Бабанов саясаттан "біржолата кететіні" туралы мәлімдеме жасады.
“Елімнің көпшілігінің дауысына ие болмай қалсам саясаттан біржолата кетемін деп президенттік сайлауға дейін командам алдында сөз бергем. Қымбатты қырғызстандықтарым, мен саясаттан, оның ішінде партиялық қызметтен біржолата кететінім туралы мәлімдеймін. Мұндай шешім мен үшін жеңіл болған жоқ, бірақ қазіргі қалыптасқан жағдайда бірден бір дұрыс шешім осы деп білемін”, - делінген сенбі күні таратылған мәлімдемеде.
Парламенттегі депутаттық орнынан бас тартатынын айтқан Бабанов соңғы сайлауда өзіне үміт артқандардан кешірім сұраған.
"Менің командам мен қолдаушыларымды саяси қуғын-сүргінге салмауды сұраймын. Егер менің тарапымнан қандай да бір қателіктер кетсе ол үшін тек мен ғана жауаптымын", - деп мәлімдеген президенттікке экс-кандидат.
Сонымен бірге Бабанов болашақ жоспары туралы айтқан.
"Жақын келешекте еліміз Қырғызстанға саяси мүдде көздемейтін жәрдем көрсету үшін алдыма үлкен мақсаттар қойып отырмын. Олар – шеттен инвестициялар, қазіргі заманғы технологиялар тарту, әлеуметтік жағдайды жақсарту, білім беру, қайырымдылыққа үлес қосу", - деген ол.
Қырғызстанда қазанның 15-інде өткен президент сайлауында екінші орын алған Омурбек Бабанов сайлаудан соң шетелге кетіп қалған. Бас прокуратура оның үстінен қылмыстық іс қозғаған. Қарашаның 13-і күні Бабанов шетелде емделіп жатқаны және "Республика – Ата-Жұрт" партиясы басшылығынан кететіні туралы мәлімдеген. Бабановтың мәлімдемесі НТС телеарнасы арқылы көрсетілген. Қарашаның 19-ы күні кешке НТС телеарнасы кеңсесіне милициямен бірге сот орындаушылары барып, Бішкек аудандық сотының телеарна мүлкін бұғаттау туралы ұйғарымымен таныстырған.