Шымкенттің Еңбекші аудандық сотының судьясы Света Нұрбекова №38 мектептің мұғалімі, "міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін" айтқан Гүлжан Сәлімбаеваның шағымын қанағаттандырмады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
«Гүлжан Сәлімбаеваның №38 мектепке, қалалық білім бөліміне, қала әкіміне, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасына, облыс әкіміне, облыстық білім және ғылым саласын бақылау департаментіне, білім және ғылым саласын бақылау комитетіне, Білім және ғылым министрлігіне қойған шағымы қанағаттандырылмасын» деді судья.
Сәлімбаева соттан педагогикалық әдеп бұзылған, өзін міндетінен тыс, заңсыз жұмысқа тартылған деп тану және моральдық шығын өндіру мен басқа да заң бұзушылықты анықтауды сұраған.
Мұғалім соттың шешіміне апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Мұғалім мен директор дауы
Бұған дейін 38-мектеп мектеп директоры Айман Жүсіпова мен оның орынбасарлары Дана Асылбекова және Айжамал Қозыбекова Гүлжан Сәлімбаевадан моральдық шығын талап етіп Еңбекші аудандық соты, Абай аудандық сот және әл-Фараби аудандық сотына арыз түсіргенімен, сот шағымды қанағаттандырмаған.