2 наурызда адвокат Жанара Балғабаеваны Алматы қаласының прокуратурасы бизнесмен Ескендір Ерімбетовке қысым жасау туралы қылмыстық істің тоқтағанын баяндайтын жазбаша жауапты алып кетуге шақырған. Бұл туралы Азаттыққа адвокат айтты.
Ерімбетовтің ата-анасы Азаттыққа арнайы прокурор А.Дунбаевтың ескерту қағазының электронды нұсқасын көрсетті. Хатта бизнесменнің туыстары тарапынан жазған арызда көрсетілгендей, Ерімбетовке қатысты қысым жасау ісі «қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының жоқтығына байланысты» тоқтатылғаны айтылған.
Ескендір Ерімбетовтің анасы Ғайни Ерімбетова баласына қысым көрсетіліп жатқаны туралы Алматы қаласының арнайы прокуратурасына 11 қаңтарда шағым түсірген. Ол шағымында уақытша тергеу изоляторында отырған баласын түске дейін барып көргенін, оның "қатты таяқ жегенін" мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті
Арнайы прокурор шағымға уақытылы көңіл бөлмегесін, 14 қаңтарда Ескендір Ерімбетовтің ата-анасы шағымды үкіметтің egov.kz сайты арқылы Бас прокуратураға өткізген. Содан кейін шағым тиісті тексеру үшін Алматы қаласының прокуратурасына беріледі. Прокуратура қылмыстық іс қозғайды.
Қорғаушылары арызданған соң мемлекеттік БАҚ бірнеше рет "Ерімбетовке ешқандай қысым жасалмады" немесе "дәлелденбеді" деген ақпарат таратты.
Бірақ дәл осы уақытта бірнеше рет ресми ақпаратқа кереғар мәліметтер де шықты. Онда Ескендір Ерімбетов қатысты зомбылық жасалғаны және басқа да физикалық, моральдық-психологиялық қысым көрсетілуі мүмкіндігі айтылады.
Қысым жайында Ерімбетовтің ата-анасы бірнеше рет баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Анасының сөзінше, ұлы бұдан бұрын да күш көрсету туралы айтқан.
Адвокат Жанара Балғабаеваның сөзінше, Ерімбетов қысым жайында өзіне сенімді адамдар арқылы да айтып жіберген. Олардың қатарында ақпан айында Ерімбетовпен кездескен Қостанай облыстық жүйке аурулары дағдарыс орталығының психологы Светлана Черникова бар. Ерімбетовпен кездескеннен кейін Черникова сараптамалық қорытынды жасаған.
Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше, Алматы қаласы прокурорының орынбасары Берік Адамов Черникованың сараптамалық қортындысын қысымға қатысты қылмыстық іс материалдарына қоспайтынын айтқан.
Оқи отырыңыз: Адвокат: Ерімбетов прокуратура шақырған шетел сарапшыларына сенбеді
Сонымен бірге осы хатта прокурор Адамов Ерімбетовке қатысты қысым көрсету қылмыстық ісі тоқтатылғанын хабарлайды. Ескендір Ерімбетовтің ата-анасы баласына қысым жасауға байланысты ашылған қылмыстық істің тоқтағанымен келіспейді. Олар мұны негізсіз және заңсыз деп санайды.
Бизнесменнің туыстары осы істі жүргізген арнайы прокурор А.Дунбаевтың істі жапқанына көңіл аударады.Ол Ерімбетовты тұтқындаған соң да Ұлттық бюро департаменті тарапынан тергеуші ретінде мекемеаралық тергеу тобында болған. Ерімбетовтің ата-аналарының ойынша, бұл тараптар қақтығысын тудырады.
Осыны негізге алып олар бүгін Алматы қаласындағы №2 Бостандық аудандық тергеу сотына арыз өткізді. Шағымда Ескендір Ерімбетовке қатысты қысым көрсетілу ісін арнайы прокурор А.Дунбаевқа беру заңсыз деп тану туралы айтылған.
Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі былтыр 13 қарашада тұтқындалған. Тергеу дерегінше, олар БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовқа сырт елдерге шығарған қаражатының ізін жасыруға көмектескен. Туыстары Ерімбетовті кезінде Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтарып, одан Әблязовке қарсы жауап алу үшін қуғындап отыр деп санайды.
15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі ай қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 9 қаңтарда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 наурыз) ұзартқан. 19 қаңтарда Алматы қаласының апелляциялық соты Ескендір Ерімбетовті қамау туралы шешім «заңды» деген.
Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 24 қаңтарда 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында «азаптап жатыр» деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.