АҚШ соты 2016 жылғы Америка президенті сайлауы кезінде Дональд Трамптың сайлау штабын басқарған Пол Манафортты 10 миллион долларға кепілдікке босату туралы бұған дейін қабылданған шешімнің күшін жойды. Америка сайлауына Ресейдің ықтимал араласуына қатысты тергеу жүргізіп жатқан АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер таққан айыптар бойынша сот процесі басталғанға дейін Манафорт түрмеге қамалды.
Осы уақытқа дейін Манафорт бостандықта жүрген. Оған алаяқтық жасаған, заңсыз қаржы операцияларын жасаған және шетелдік агент ретінде тіркелмеген деген айыптар тағылған. Манафорт тағылған айыптарды жоққа шығарады.
Маусымның 4-і күні сотқа тапсырылған құжаттарда арнайы прокурор Мюллер Манафорттың бұрын Украинаның экс-президенті Виктор Януковичтің мүддесіне жұмыс істеген кезде әріптес болған еуропалық саясаткерлердің бейресми тобының екі мүшесімен байланысқа шығуға "бірнеше" рет талпынғаны туралы мәлімдеген. Бұған қоса сотқа Федералдық тергеу бюросынан (FBI) түскен құжаттарда Манафорттың ақпан айында өз ісі бойынша екі куәгермен байланысқа шығуға әрекет жасағанына айғақ-дәлелдер бар екені жайлы хабарланған. Бұған дейін Манафортты кепілге босату туралы қабылданған шешім бойынша, оған өз ісіне қатысты куәгерлермен байланыс орнатуға тыйым салынған болатын.
Оқи отырыңыз: Трамптың сайлау штабының экс-басшысы істі болды
Пол Манафорттың ісі бойынша алғашқы сот отырысы шілденің 25-і күні Вирджиния штатында, екіншісі – қыркүйекте Вашингтонда басталады деп жоспарланған.