"Шекарасыз тілшілер" халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігінен Ақтау полициясы ұстаған франциялық режиссер Венсан Прадоны шұғыл түрде босатуды талап етті.
Ұйым вебсайтында жариялаған мәліметте Прадоның Ақтауға франциялық Ligne de Front атты телекомпаниясы мен M6 телеарнасының тапсырмасымен барғаны жазылған.
Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің миграциялық полиция басқармасы Прадоны полицияның ұстауына қатысты комментарий беруден бас тартқан.
Жергілікті белсенділердің хабарлауынша, Венсан Прадо мен онымен бірге жүрген аудармашы Данара Исметованы полиция 27 қыркүйек күні таңертең сағат 9.30-да 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының куәгерінен сұхбат алып тұрған жерінен ұстап әкеткен.
Режиссер Азаттыққа "Қазақстанның мұнай саласы мен мұнайшыларының жағдайынан хабардар әйелден сұхбат алып тұрғанда полицияның құжаттарын сұрағанын, Астана, Алматы мен Маңғыстау облыстарында түсірілімге рұқсат берілген қағазын көрсетсе де, полиция бөлімшесіне алып кеткенін" айтқан. Венсанның сөзінше, полиция өкілдері оған "Маңғыстау облысында телетүсірілімге рұқсаты жоқ екенін" айтқан.
Венсан мен оның аудармашысының ұсталғанын азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов Facebook парақшасында хабарлаған. Оның сөзінше, Прадо Франция телеарнасына Жаңаөзен оқиғасына жеті жыл толуына байланысты бейнехабар түсіріп жүрген.
2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласындағы "Өзенмұнайгаз" компаниясы мұнайшыларының еңбек жағдайын жақсарту, аймақтық, салалық коэффициенттерді төлеу, жалақыны көтеру туралы талаппен бірнеше айға жалғасқан ереуілін полиция бей-берекет жаппай оқ атып таратты. Кейін ресми есеп бойынша, 17 адамның қаза тауып, 100-ден астам адамның жараланғаны анықталды.