Қарашаның 24-і күні Францияда жанармай салығын көтеруге және президент Эммануель Макронның саясатына қарсылық шараларына ел көлемінде ондаған мың адам қатысты деп хабарлайды француз басылымдары. Парижде наразылық акциясына сегіз мыңға жуық адам қатысқан.
Елисей сарайы маңында тәртіпсіздіктер болған: наразылар автобус аялдамаларын, терезелерді сындырған, полицияға тас пен бөтелкелер лақтырған деп хабарлайды BFM.
Полиция президент сарайына өтуге талпынған топқа газ бен су шашып, 30 адамды ұстаған. Акцияға қатысқан 20-дан астам адам және полицияның алты қызметкері зардап шеккен деп хабарлайды Ledauphine.
Барлығы сенбі күні Францияда 1600-ден аса наразылық акциялары өткен. BFM Франция ішкі істер министрі Кристоф Кастанерге сілтеме жасап хабарлауынша, акцияларға 106 мыңнан аса адам қатысқан. Полиция 130 адамды ұстаған.
Үстіне сарғылт жилет киген наразылар "Макрон отставкаға кетсін", "Макрон - ұры" деген жазуы бар плакаттар ұстап шыққан, олар мемлекеттік әнұранды шырқаған.
Сенбі күнгі наразылық акцияларына 30 мыңға жуық адам қатысады деп болжанған еді. Көшедегі тәртіпті қамтамасыз етуге үш мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылған.
Францияда наразылық акцияларының жалғасып жатқанына аптадан асты. Оған үкіметтің 2019 жылы жанармай акцизінің бағасын көтеру жоспары себеп болған. Билік жанармайға салық мөлшерін көбейту туралы шешімді ауаны ластауға қарсы күрес және көліктің экологиялық таза түрлерін дамыту мақсатында қабылданды деп түсіндіреді. Салықты көтеруге қарсы франциялықтар қымбатшылық ең алдымен кедейлер мен орта тапқа қиын тиетінін айтады.
Өткен аптада бүкіл ел көлемінде 300 мыңға жуық адам наразылық шеруіне қатысқан. Оған қатысушылар үстіне сарғылт жилет киіп, автокөлік жолдары мен жанармай бекеттеріне кіреберісті жапқан. Акциялар кезінде екі адам мерт болып, кемінде 409 адам зардап шеккен. 282 адам ұсталған.