Парижде жанармай акцизін қымбаттатуға наразы жүздеген адам қаланың тарихи орталығынды бірнеше автокөлікті өртеп, көшеде баррикадалар орнатуға тырысқан. Олар полицияға сары бояу құйылған банкілер лақтырған деп хабарлайды француз халықаралық радиосы - RFI.
Полиция наразылық акциясына қатысушыларға жас ағызатын газ бен су шашқан, оларды резеңке таяқпен ұрған. Сенбі күні болған қақтығыстар барысында кемінде 20 адам зардап шеккен, олардың арасында алты құқық қызметкері бар.
Le Parisien басылымы полиция департаментінің дерегіне сүйеніп, 115 адам ұсталған деп хабарлады. Франция үкіметінің жетекшісі Эдуар Филипп Париждегі наразылық акцияларына бес жарым мың, елдің өзге қалаларында шамамен 30 мың адам қатысқан деп айтты. Наразылық шерулері Страсбург, Канн, Нант, Гавр, Марсель және өзге қалаларда өткен. Ницца қаласында жүздеген демонстрант әуежайға баратын жолды жапқан. Франция ішкі істер министрі Кристоф Кастанер сенбі күні таңертең Елисей алаңына барып, сол жердегі полиция қызметкерлеріне толық қолдау білдіретінін айтқан.
Франциядағы Қазақстан елшілігінің хабарлауынша, зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ.
Қазақ елшілігі қазір Францияда жүрген қазақстандық туристерді адам көп жиналатын жерлерден аулақ жүріп, сақ болуға, аса қажеттілік болмаса қауіпсіз орындардан шықпауға және жауапкершілік танытып, құқық органдары өкілдерінің талаптарына бағынуға шақырған. Елшілік шұғыл байланыс желісінің телефон нөмірін жариялаған: +33145615200.