28 ақпанда Талдықорған қаласында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 68 жастағы жергілікті тұрғын Болатхан Жүнісовтің соты аяқталды. Судья Құралай Дарханова Жүнісовті "сот тыйым салған ұйымның қызметіне қатысқаны" үшін айыпты деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеуге үкім етті.
Әлі заңды күшіне енбеген үкімге 15 тәулік ішінде шағым беруге болады. Сот аяқталған соң Азаттыққа пікір білдірген Жүнісов өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, үкімді заңсыз және негізсіз деп санайтынын, бірақ шағым түсірмейтінін айтты. Оның пікірінше, бұл істе "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған және тыйым салған Астананың Есіл аудандық сотының шешімі мен оны кез келген адамға қарсы қолдануға рұқсат беретін заңдар "кінәлі".
Отставкадағы полиция майоры Болатхан Жүнісовке 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан билігін жиі сынайтын Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жұмысына қатысты" деген айып тағылған. Айыптау қорытындысында Жүнісовтің мессенджер чатында ҚДТ идеясын қолдайтын және тарататын топқа тіркеліп, әлеуметтік желіде Әблязов пен ҚДТ туралы суреттер, аудиофайлдар жариялағаны айтылған.
Қазақстанда 2018 жылы наурызда шығарылған сот шешімімен ҚДТ қозғалысы экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған.
Болатхан Жүнісов ҚДТ қозғалысын қолдаған деген айыппен қылмыстық жауапқа тартылып жатқан бірінші адам емес. Қазақстанда осыған ұқсас оннан аса іс қаралған. "Тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты" деп айыпталғандардың кейбіріне сот түрме жазасын кескен. Кінәсін мойындап, өкінетінін айтқан азаматтарға бас бостандығын айырудан басқа жаза тағайындалған.