Қаржы министрі Әлихан Смайылов 4 шілдеде өткен сенат отырысында жарылыстан бүлінген елдің оңтүстігіндегі Арыс қаласын қалпына келтіру үшін 34,5 миллиард теңге қажет екенін айтты. "Бұл бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеу үшін" керек деді.
- Арыс тұрғындарына 100 мың теңге көлемінде ақшалай өтемақы беру үшін 4,5 миллиард теңге керек. Үкімет резервінен - 2,5 милииард теңге, Түркістан облыстық бюджетінен - 1 миллиард теңге және қайырымдылық көмек есебінен 1,5 миллиард теңге бөлінеді, - деді министр.
Оның айтуынша, Арыстағы 7 700-ден астам тұрғын үйді жөндеуге 19,2 миллиард теңге кетеді. Қажет қаражаттың жартысы түрлі өңірлердің бюджет есебінен алынады, қалған ақша үкімет резервінен бөлінеді деді министр.
- 66 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруге 7 миллиард теңге керек. Бұл - 54 білім беру, 8 денсаулық сақтау, 4 спорт объектілері. 6 миллиард теңгені "Самұрық-Қазына" бөледі. 1 миллиард теңге бизнес қауымынан келеді, - деді министр.
Оның айтуынша, қаладағы электр желілері мен жылу жүйелерін, инфрақұрылымды жөндеу үшін үкімет резервінен 2,2 миллиард теңге бөлінбек. Бәрін қосқанда қаланы қалпына келтіруге үкімет резервінен - 15,5 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен - 10,6 миллиард теңге, "Самұрық-Қазына" қорынан 6 миллиард теңге, демеушілерден 2,5 миллиард теңге жұмсалмақ.
24 маусымда Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қойма жарылды. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам (Арыс тұрғыны мен екі әскери) қаза тауып, 400-ден астам адам дәрігер көмегіне жүгінген. Төтенше жағдай комитетінің мәліметінше, Арыстағы үйлердің 85 пайызы бүлінген.
Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, үш мыңнан астам адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. 27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Ал Түркістан облысы әкімдігі мен Шымкент әкімдігі "Арыс тұрғындарына беретін үй жоқ" деген.
28 маусымда Шымкент пен көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.
Арыс қаласында бұған дейін бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған еді. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.
2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.
Он жыл бұрын, 2009 жылы наурызда Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Ол оқиғадан төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ресми билік жарылысқа қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауы және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеу себеп болды деп мәлімдеген.