Журналист, белсенді Жанболат Мамай қыркүйектің 25-і күніне жоспарланған "Сталин қылмысы: Ұлт зиялыларын қалай қуғындап, түбіне жетті" атты деректі фильмнің көрсетілімі болмайтынын хабарлады. Оның айтуынша, "Цезарь" кинотеатрының директоры 18 қыркүйекте хабарласып, "кинотеатрдың ол күні бос болмайтынын, басқа шаралар жоспарланғанын" айтқан.
Жанболат Мамайдың Азаттыққа түсіндіруінше, бұған дейін кинотеатр өкілімен фильмді 25 қыркүйекте көрсету жайлы ауызша келісім болған.
Бірақ "Цезарь" кинотеатрының директоры Валерий Григорьев Азаттыққа фильмді көрсету жайлы ешкіммен келісім жасаспағанын, кинотеатр жоспарының тығыз екенін айтып, болатын шараларды санамалап айтып берді.
Фильм авторы Жанболат Мамайдың айтуынша, ол бұған дейін "Арман" кинотеатрына да хабарласып көрген. Бірақ онда жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан басшылық фильмді көрсете алмайтынын айтқан. "Менің түсінуімше, кинотеатрлар орын бермейді. Басқа жақта өткізудің қажеті бар ма, жоқ па, соны ойластырып жатырмыз. Мүмкін, тікелей интернетке жүктеп, Youtube-қа салатын шығармыз" деді ол.
- Енді мен ойлаймын, анау "Зұлмат" фильмінен кейін көп халық жиналды, аншлаг болды. Мына фильм бойынша да көп адам хабарласып жатыр. Жаңа директордың айтуынша, "Цезарьға" да көп адам хабарласқан. Соған қарағанда тағы да адам көп жиналады, тағы да аншлаг болады деп билік резонанстан қорқып, осы фильмнің жолын кесіп отырған сияқты, - дейді Жанболат Мамай.
Оқи отырыңыз: Ашаршылық пен репрессия жабық тақырып па?
Биыл жыл басында Алматыдағы "Арман" кинотеатрында журналист Жанболат Мамайдың 20-ғасырдың бас кезінде Қазақстанда болған ашаршылық туралы деректі фильмі көрсетілген. Бір сағат 25 минутқа созылған деректі фильмді көруге бірнеше мың адам жиналды. Бес бөлімнен тұратын "Зұлмат" деректі фильмінде қазақстандық тарихшылардың 1921-1922 және 1931-1933 жылдардағы екі ашаршылық және оның себептері жайлы нақты деректері рет-ретімен көрсетілген.
Кейбір қазақстандық тарихшылар арасында "совет билігінің қылмысы толық ашылған жоқ, Қазақстан билігі Кремльден именетіндіктен оларды зерттеп, көрсетуге құлқы жоқ" деген пікір бар.
2017 жылы ақпанда "Мұхтар Әблязовтің ақшасын газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты" деген күдікпен Алматыда қамауға алынған журналист Жанболат Мамай жеті айдан кейін, 7 қыркүйекте сот үкімімен бостандығы үш жылға шектеліп, босап шыққан.
Жанболат Мамай сот үкімінен соң Азаттыққа берген сұхбатында өзіне қарсы істің "саяси астары бары айқын" екенін айтқан. Ол "журналистік кәсібіне тыйым салынса да, қоғамдық қызметпен айналыса беретінін" мәлімдеген.
Сәуір айында Талдықорған соты үш жылға бостандығы шектелген журналист Жанболат Мамайдың өзін шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырмады.