Қазақстанда тағы екі адамнан коронавирус табылды. 1958 жылғы ер адам 10 наурызда Мәскеуден Алматыға ұшып келген. Қазір стационарда ем қабылдап жатыр деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Коронавирус сонымен бірге Варшавадан Нұр-Сұлтанға ұшып келген бір әйелден анықталды. Министрлік оның қашан ұшып келгенін айтпады.
Осылайша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны алтыға көбейді.
"Оның төртеуі - Алматы қаласында, екеуі - Нұр-Сұлтан қаласында" деді Диас Ахметшәріп.
Министрлік дерегінше, қазір Қазақстан бойынша стационарлық карантинде 1090 адам жатыр. 452 адам үй жағдайындағы карантинде.
13 наурызда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Германиядан келген үш адамнан, Италиядан келген бір адамнан Covid-19 вирусы табылғанын мәлімдеген еді.
Коронавирусқа байланысты Қазақстанда төмендегідей шаралар енгізілген:
- Қоғамдық шара өткізуге тыйым салынды;
- Мектеп оқушыларының көктемгі демалысы бір апта ерте басталады: 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында;
- 16 наурыздан бастап жоғары оқу орындары, колледждер онлайн оқуға көшеді;
- Балабақшалар жұмысын істей береді;
- Сауда орындары, базарлар істей береді;
- Қоғамдық көліктер тұрақты түрде дезинфекциядан өтеді;
- Көп бағыт бойынша әуе рейстері қысқарды;
- Сауда орталықтарындағы балалар алаңдары, кинотеатрлар жабылады;
- Билік өкілдері тұрғындарды той, туған күн сияқты көп адам жиналатын шара өткізбеуге шақырды.
Коронавирус бойынша соңғы ақпаратты мына сілтеме арқылы оқып, біле аласыздар.
Қарай отырыңыз: Коронавирус "ажиотажы": Қазақстанда азық-түлік жеткілікті ме? (13 наурыз 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5