Қазақстанда коронавируспен күресуге атсалысқан дәрігерлердің жалақысына 212 мың - 850 мың теңге аралығында үстемақы қосылады деп хабарлады ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев. Оның айтуынша, 30 наурызда төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдаған.
Абаевтың айтуынша, жұмыс істеу қаупіне қарай дәрігерлер үш топқа топтастырылған. Соған сәйкес, оларға үш ай көлемінде жалақыларына үстемақы қосылады.
- Бірінші топ - реанимация бөлімдерін қоса алғанда жұқпалы аурулар стационарының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері барлығы - 3284 маманның жалақысына 850 мың теңге көлемінде үстемақы қосылады. Екінші топ - провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері барлығы - 11 951 маманның жалақысына айына 425 мың теңге қосылады. Үшінші топ карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқа барлығы - 10 994 қызметкердің жалақысына айына 212 мың теңге қосылады, - деді Абаев.
Оның айтуынша, медицина қызметкеріне коронавирус инфекциясы жұққан жағдайда 2 млн теңге көлемінде сақтандыру төлем беріледі. Қайтыс болған жағдайда отбасына 10 млн теңге беріледі.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 294 адамнан коронавирус табылған. 20 науқас жазылған. Бір адам қайтыс болған.
Коронавирус көп табылған Нұр-Сұлтан (167) және Алматы қалаларынан (67) кейін 30 наурызда алты қала карантинге жабылды. Шымкент (2), Ақтау (1) қалаларында шектеу шаралары күшейтілді. 31 наурызда Қызылорда және Ақмола облысы да (9) карантинге көшеді. Жамбыл облысында (3) шектеу шаралары күшейеді.