Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы 21 маусым күні қаладағы темір жол ауруханасында төрт адам пневмониядан қайтыс болғанын хабарлады. Марқұмдар қант диабеті, өкпе, жүрек ауруларымен де ауырған.
Шымкент денсаулық сақтау басқарамасы маусым айының басынан пневмониямен ауруханаға түскендер саны 360-қа жеткендіктен қалада қолайсыз эпидемиялогиялық жағдай қалыптасқанын мәлімдеді. Пневмонияға шалдыққандардың жүзден астамынан коронавирус табылған.
Басқарма қалада жедел жәрдемге хабарласатындар күрт көбейгенін де хабарлады.
Қаладағы №10 қалалық емхананың бас дәрігері Махаббат Тұрғынбаеваның сөзінше, қазір қалада жедел жәрдем қызметіне күніне екі мыңға жуық адам хабарласып, көмек сұрап жатыр. Олардың дені жұқпалы ауруларға шалдыққан.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қалада дәріханаларда да кезек көбейген. Көбі дене қызуын түсіретін антибиотиктер сатып алып жатыр. Кей дәрілердің бағасы өскен. Мысалы, екі күн бұрын Цеф-3 антибиотигі 1200 теңге болса, қазір 1330 теңгеден сатылып жатыр.
20 маусым күні қалалық денсаулық сақтау басқармасы Шымкентте пневмониямен ауырғандар саны күрт артқанын мәлімдеген.
Ақтөбе облысында да пневмониямен ауырғандар күрт артқан. Жергілікті денсаулық сақтау басқармасы Ақтөбеде пневмониямен ауруханаға түскендердің анализінен коронавирус табылмады. Бірақ дәрігерлер науқастарды COVID-19 дертінің алгортимімен емдеп жатқанын хабарлады.
Ақтөбе, Шымкент, Түркістан облысында пневмония індеті елде коронавирус пандемиясы өршіп тұрған тұста көбейіп жатыр. Елде 22 маусымдағы мәліметке сай, 27 мыңнан аса адамнан коронавирус табылды. COVID-19 дертінен 127 адам қайтыс болды.