12 тамызда Алматының Медеу аудандық соты "Билік өкілін қорлады" және "Билік өкіліне күш қолданды" деп айыпталған азаматтық белсенді Әсия Төлесоваға үкім оқыды. Сот екі бап бойынша да Төлесованы кінәлі деп танып, оның бас бостандығын бір жыл алты айға шектеді. Бұған қоса, сот шығынын өтеп, жәбірленушілер қорына шамамен 41 мың теңге төлеуді міндеттеді. Судья Шәкіров Төлесованы сот залынан босатуды бұйырды.
Қорғау тарабы үкіммен келіспейтінін, оны апелляцияға беретінін айтты.
– Сот үкімімен келіспеймін. Оны апелляцияға береміз. Қалай болғанда да Төлесованы ақтауға күш саламыз, – деді адвокат Джохар Өтебеков Азаттық тілшісіне.
Сәрсенбі күні аудандық сотта үкім оқылып жатқан кезде сот ғимаратының сыртында белсендіні қолдаған жастар жиналып тұрды. Сот үкімі оқылғаннан кейін олар "Судья масқара!" деп айқайлады.
Соттан кейін Әсия Төлесованың жақындары, жақтастары және ақпарат құралдары белсендіні қарсы алу үшін тергеу изоляторына кетті.
11 тамыз күні өткен жарыссөз кезінде прокурор Төлесованың "қоғамға қауіпті қылмыстық әрекет жасағанын" айтып, оның бас бостандығын бір жылға айыруды және айыппұл төлетуді сұраған еді. Ал қорғау тарабы белсендінің "кінәсін дәлелдейтін" айғақ ретінде көрсетілген видеоның жарамсыз екенін айтып, оны ақтауды сұраған.
Азаматтық белсенді Әсия Төлесова Алматыда наразылар ұсталған күні - 6 маусымдағы митингіден кейін тұтқындалған. Оны наразылық кезінде "полиция қызметкеріне күш қолданды" және "қорлады" деп айыптаған. Ал белсендінің өзі әлеуметтік желіде митинг кезіндегі заңсыздықтарды көріп тұрып шыдамай, "эмоцияға беріліп, жауап қайырдым" деп түсіндірген. Алдын ала тыңдау кезінде белсендінің адвокаттары Төлесованың қолы полиция қызметкерінің басына емес, фуражкасына тигенін, олар физикалық соққы алмағанын айтқан еді.
Vlast сайтының жазуынша, осыған дейінгі өткен отырыстарда жәбірленушілердің тергеу органдары мен сотқа берген жауабында қарама-қайшылық бар екені де анықталған. Кейінірек тергеуші айыптау актісінде "техникалық қателік" кеткенін мойындаған.
Әсия Төлесова 10 маусымнан бері қамауда болған.
Бұған дейін белгілі халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Әсия Төлесованы босатуға шақырып, белсендінің негізсіз ұсталғанын мәлімдеген.