Халықаралық Amnesty International (AI) адам құқығын қорғау ұйымы азаматтық белсенді Әсия Төлесованың негізсіз қамауда отырғанын айтып, билікті оны босатуға шақырды.
Билік Әсия Төлесованы 6 маусым күнгі наразылық кезінде полицейдің "ар-намысына тиді" және "күш қолданды" деп айыптаған. 10 маусымда Алматы қаласының тергеу соты Төлесованы 10 күнге қамады. Ол үш жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
16 маусымда жарияланған мәлімдемеде құқық қорғау тобы Төлесованы қамау Қазақстанның адам құқығы саласында алған міндеттемелері мен заңнамасына қайшы келеді деп жазды.
"Әсия Төлесованы қамауда ұстау бұл асыра сілтегендік, оны саяси белсенділігі үшін жазалап отырғанға ұқсайды" делінген мәлімдемеде.
6 маусымда полиция наразыларды ұстап жатқан кезде Төлесова жанындағы полицейлердің бірінің фуражкасын қағып түсіргеннен кейін "билік өкіліне күш жұмсау" бабы бойынша күдікке ілінді. Куәгерлердің айтуынша, азаматтық белсенді оған дейін полиция ұстаған азаматтарға араша түспек болған.
Төлесованың өзі желіде "Полицияның қоғамға еш қауіп төндірмей өз ойын бейбіт жолмен айтуға келген қарусыз жұртқа жасағанын көргенде эмоциямды жасыра алмадым" деп жазды.
9 маусымда құқық қорғаушылар, азаматтық қоғам өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, Төлесованы босатуға шақырды. Олар сонымен бірге соңғы бірнеше жыл ішінде бейбіт жиын кезіндегі полицияның әрекетін тәуелсіз зерттеуді сұрады.
Өткен аптада Human Rights Watch ұйымы да Төлесованы босатуды, оның үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатуға шақырған.
Оқи отырыңыз: HRW билікті Әсия Төлесова мен Әлнұр Ильяшевті босатуға шақырды
AI ұйымының пікірінше, 10 маусым күнгі күдікті, адвокат, судья және прокурор ғана қатысқан онлайн сот отырысын ашық өтті деуге келмейді.
"Үкімет коронавирустың тарауын шектеу мақсатында сот процедураларына өзгеріс енгізуге мәжбүр болса да, бұл өзгерістер адамдардың ашық әрі әділ сотқа тартылу құқығын таптамауы тиіс" делінген мәлімдемеде.
ПІКІРЛЕР