Ақмола облысының Целиноград аудандық соты дүйсенбі күні "заңсыз шеруге қатысты" деп айыпталған бірнеше белсендіні әкімшілік жазаға тартты. Арасында балаларымен бірге тұтқындалған әйелдер де бар.
Солардың бірі Айнұр Мырзалиеваның Азаттыққа хабарлауынша, 24 тамызда полиция қызметкерлері оны екі баласымен бірге Қостанай–Алматы бағытындағы жолаушылар пойызынан Алматыға кетіп бара жатқан жерінен түсіріп алып қалған.
– Мені сағат 11-лер шамасында қарапайым киінген, полиция формасындағы екі адам келіп, пойызда қолымды қайырып, машинаға отырғызып, алып кетті. Олар мені вагонда күтіп тұр екен. Телефонымды тартып алды. Екі балам қатты шошып қалды. Содан кешкі сағат сегізге қарай босатты. Онлайн сот болып, 24 шілде мен 8 тамыздағы Дулат Ағаділдің үйіндегі асқа қатысып, бейітіне барғаным үшін 30 айлық есептік көрсеткіш (83 340 теңге немесе шамамен 195 доллар) көлемінде екі айыппұл салды (барлығы 166 мың теңге немесе 390 доллар), – деді ол.
Айнұр Мырзалиева бұған дейін бірнеше мәрте Целиноград аудандық полиция бөлімшесіне белсенділерге қолдау білдіріп барған кезде тиіспей, тура жолға балаларымен бірге шыққанда ұстағанын өзі мен кәмелетке толмаған ұлдарына жасаған психологиялық қысым деп бағалайды.
Оның сөзінше сол күні "заңсыз шеруге қатысты" деген айыппен Сәрсенгүл Әшірбекова есімді 53 жастағы әйелді де немересімен Целиноград аудандық полиция бөлімшесіне апарған. Оны растаған Әшірбекованың қызы Жұлдызай Әуелбек анасын "заңсыз шеруге қатысты" деген айыппен он тәулікке қамағанын айтты.
– Маған түнде полиция қызметкері хабарласты. Анамның қасында менің екі жарым жастағы балам бар еді. Сағат 23-терде барып алып кеттім. Оларды Талапкерге Дулат Ағаділдің үйіне барған жерінен алып кеткен, - деді.
Азаттық тілшісі Целиноград аудандық полиция бөлімшесіне хабарласып, кәмелетке толмаған балаларды полиция басқармасына жеткізу қаншалықты заңды деп сұраған еді. Полиция бөлімшесі бастығының орынбасары Қуат Елубайұлы кейінірек түсініктеме беретінін айтқанымен қайта телефонын көтермеді.
24 тамызда бұған қоса, астаналық белсенді Бибігүл Тұяқоваға Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 488-бабының 6- тармағымен 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (83 340 теңге) айыппұл салынып, белсенді Қайрат Серікқалиев 15 тәулікке қамалған.
Бұдан бөлек белсенді Алтын Леспаевның сөзінше, өткен жексенбіде ұсталған белсенділерге азық-түлік апарған Айжан Әлімжанова мен Әсия Бақаеваға да әрқайсысына 83 мың теңгеден айыппұл салынған. Азаттық тілшісі соттан ақпарат ала алмады.
Құқық қорғаушылар мәліметінше, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларында 22-24 тамыз арасында Ақмола облысындағы Талапкер ауылындағы биыл ақпанда түрмеде белгісіз жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің асына қатысып, бейітіне барған 22 белсенді Әкімшілік-құқықбұзышылық кодексінің 488-бабының 6-тармағымен "заңсыз шеруге қатысты" деп айыпталып, 10-15 тәулікке қамалған. 10 адамға осы бап бойынша 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Екі белсенді Асхат Жексебаев пен Абай Бегімбетов "тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-тармағы) деп айыпталып, 2 айға абақтыға қамалған. "Билік өкілін қорлады" (Қылмыстық кодекстің 378–бабы 2- тармағы) деп айыпталған белсенділер Ербол Есхожин мен Айбек Сәбитовтің ісі бойынша сот процестері жалғасып жатыр.
Оқи отырыңыз: Ағаділ ауылына барып, "заңсыз шеру жасады" деп айыпталған екі белсенді қамалды