Accessibility links

Шымкентте белсенділер "заңсыз қудалауды тоқтатуды" талап етті


Ағаділдің асына келгендерді сырттай бақылап тұрған полиция көлігі. Талапкер ауылы. 8 тамыз 2020 жыл.
Ағаділдің асына келгендерді сырттай бақылап тұрған полиция көлігі. Талапкер ауылы. 8 тамыз 2020 жыл.

10 тамыз күні Шымкентте оннан аса белсенді қала әкімдігіне барып, өздерін заңсыз қудалауды тоқтатуды талап етті. Оларды полиция күзетіп тұрды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Белсенді Айжан Жолдасованың Азаттыққа айтуынша, "полиция белсенділерді себепсіз ұстап, заңсыз қамап жатыр". Астана маңындағы Талапкер ауылында марқұм Дулат Ағаділдің үйін салуға көмектесуге барған екі белсенді қамалған. Шымкентте "Қасірет" мемориалына барып, Дулат Ағаділдің рухына құран оқуға ниеттенген белсенділерді полиция жолдан ұстап әкеткен.

Әкімдік ғимаратының сыртында тұрған белсенділер. Шымкент, 10 тамыз 2020 жыл.
Әкімдік ғимаратының сыртында тұрған белсенділер. Шымкент, 10 тамыз 2020 жыл.

– Мысалы, белсенді Нұрлыбай Татаевты Дулат Ағаділдің үйін салуға көмектескені үшін 10 тәулікке қамады. Енді артынан іздеп барып, ас-суын берейін десек қайда жазасын өтеп жатқанын білмей отырмыз. Сонда асарға қатысу саяси қылмыс па? Бірнеше белсенді Ағаділдің асына барды. Енді оларды да қамайды ма? Біз саяси қудалауға қарсымыз. Себепсіз ұстап, қамамасын, – дейді ол.

Жиналған белсенділердің алдына әкімдік қызметкерлері шықты. Белсенділер қала әкімінің шығуын талап етті. Бірақ әкімдік қызметкерлері әкімнің іссапармен жүргенін, орнында жоқ екені айтты. Прокурор мен оннан аса полиция жиналғандарды сырттай бақылап тұрды. Ал санитар мамандар карантин кезінде үш адамнан артық адам жиналмауын талап етіп, тарауды сұрады.

Белсенділер шағын акция кезінде "қала төбесінен әскери тікұшақтардың ұшып өтуінің себебін түсіндіруді" де сұрап, сол талаптары жазылған хатты әкімдік кеңсесіне тапсырды.

8 тамызда Нұр-Сұлтан іргесіндегі Талапкер ауылында шамамен жарты жыл бұрын тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділді еске алу шарасы өтіп, оған жүздеген адам жиналған. Бұл шара қарсаңында құқық қорғаушылар Ағаділ асына барамын деген белсенділердің (олардың арасында шымкенттік белсенділер де бар) түрлі себеппен ұсталып, әкімшілік қамауға алынып, айыппұл салынғанын хабарлаған еді.

Оқи отырыңыз: Ағаділдің асына 200-дей адам келді, полиция сырттай бақылап тұрды. Белсендіні еске алу қалай өтті?


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG