Accessibility links

Шымкентте полиция марқұм Дулат Ағаділге құран бағыштамақ болған белсенділерді ұстап әкетті


"Қасірет" мемориалына Дулат Ағаділдің рухына құран бағыштауға келген белсенді Тілеубек Кенжебай. Шымкент, 8 тамыз 2020 жыл.
"Қасірет" мемориалына Дулат Ағаділдің рухына құран бағыштауға келген белсенді Тілеубек Кенжебай. Шымкент, 8 тамыз 2020 жыл.

Бүгін, 8 тамыз күні Шымкенттегі "Қасірет" мемориалына барып, азаматтық белсенді, марқұм Дулат Ағаділге құран бағыштамақ болған бірнеше белсендіні жолда полиция ұстады. Бұл туралы Азаттыққа белсенділер хабарлады. Ал "Қасірет" мемориалын ондаған полиция күзетіп тұрды.

Сағат 11.00-де Бәйдібек би көшесінің бойында орналасқан "Қасірет" мемориалының маңында ондаған полиция мен бірнеше прокурор және әкімдік қызметкері жүрді. Екі күн бұрын ашылды деп хабарланған мемориал мен оған қарама-қарсы орналасқан "Дендросаябақ" жабық тұрды.

Мемориал кіреберісіне келген белсенді Тілеубек Кенжебайдың айтуынша, 7 тамыз күні белсенділер чатында марқұм Дулат Ағаділдің рухына арнап құран бағыштау туралы айтылған. Ал бүгін таңертеңнен бастап Кенжебайдың үйін екі полиция күзетіп, ешқайда шықпау туралы ескерткен.

– Бәріміз заңды сыйлаймыз, карантин талабын сақтаймыз. Тек Дулаттың және одан бұрын қайтыс болған саяси тұтқындардың рухына бағыштап құран оқиық деп едік. Міне, көріп тұрсыздар. Мемориалдың ішіне залалсыздандыру жұмысын жүргізіп жатыр дейді. Бірақ бір де бір санитарды көрген жоқпыз. Бұлардың мақсаты белсенділердің басын қостырмау, – дейді ол.

Белсенді Нұржан Мұхаммедовтің сөзінше, полиция белсенді Әбдірахман Қасымбеков екеуін көшеден ұстаған. Қаратау аудандық полиция бөліміне жеткенде екі белсендіні екі жаққа жіберген. Мұхаммедов Қаратау аудандық полиция басқармасында қалған, Қасымбековты Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына алып кеткен. Полиция басқармасына серіктестерін іздеп барған үш белсендіні де полиция көлігіне салып алып кеткен.

Мұхаммедовтың әйелі бес сағаттан бері күйеуінен хабар жоқ екенін айтады.

Шымкент қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі Азаттық тілшісінің "Қасірет" мемориалын полиция неліктен күзетіп тұр? Полицияның белсенділерді ұстау себебі неде?" деген сұрағын жауапсыз қалдырды.

Бүгін сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Талапкер ауылында Дулат Ағаділді еске алу асы өтті. Асқа елдің түкпір-түкпірінен екі жүздей адам жиналды. Ас Ағаділдің отбасына арналып салынған үй құрылысының аяқталуына орай беріліп отыр.

Дулат Ағаділ биыл ақпан айында Нұр-Сұлтан тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Ол 25 ақпан күні Еуропарламент депутаттарымен кездесуі керек болатын. Алайда 24 ақпан күні түнде азаматтық киімдегі бірнеше азамат оны үйінен күштеп әкеткен. Ертесіне полиция белсендінің изоляторда қайтыс болғанын хабарлады. Полиция белсенді жүрек талмасынан көз жұмды деді. Алайда санаулы күннен соң әлеуметтік желіде белсендінің денесі бейнеленген видео тарап, онда кадр сыртынан сөйлеген адам мәйітте көгерудің белгісі барын айтқан.

Белсендінің өлімі Қазақстан бойынша бірнеше сериялы қарсылық шерулердің өтуіне әкелді. Белсенділер, құқық қорғаушылар, марқұмның туыстары және халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен марқұмның өлімін ашық әрі әділ тергеуді талап етті.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сараптама қорытындысын күтпестен, белсенді жүрек ауруынан өлді деп мәлімдеді.

Дулат Ағаділдің өлімінен соң Қазақстанның әр жерінен жиналған белсенділер ұйымдасып, Ағаділдің Талапкер ауылындағы ескі үйін бұзып, орнына жаңа үй тұрғызып берді. Олар бұл мұны жылу жинап, асарға шақыру арқылы іске асырды. Бүгінгі ас осы құрылыстың аяқталуына орай берілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG