Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше күн бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділ "жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеді.
Қазақстандық Informburo.kz сайтына берген сұхбатында Тоқаев белсендінің өліміне байланысты полицияның айтқан алдын ала болжамын қолдаған. Бұған дейін белсендінің жақтастары мен құқық қорғаушылар биліктің мәлімдемесіне күмән келтіріп, Ағаділдің өлімін әділ тергеуді талап еткен еді.
"Ірі қоғамдық резонанс тудырған іспен мұқият танысып шықтым. Өкінішке қарай, белсенді Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды деп сеніммен айта аламын. Басқаша тұжырымдау - ақиқатқа қарсы шыққандық. Бәріміз Жаратушының еркіне бойұсынамыз" деді ол.
28 ақпанда түстен кейін Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы сот-медициналық сараптаманың түпкілікті қорытындысы шықпағанын, оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатқанын хабарлап, оған дейін қандай да бір асығыс қорытынды жасамауға шақырған еді. Президенттің мәлімдемесі тергеу амалдары мен сараптама қорытындысы толық аяқталмаған шақта жарияланып отыр.
Осы апта соңында елдегі бірқатар оппозициялық ұйымдар 1 наурызда митингіге шақырып, Ағаділдің өлімін әділ тергеуді талап ететінін айтқан. Әлеуметтік желіде мәйітханадан әкелінген Ағаділ денесіндегі "жарақат" туралы видео тарағаннан кейін оппозициялық топтар наразылық өткізетінін хабарлаған. Интернетте тараған видеода автор марқұмның денесіндегі қап-қара дақтар "соққы іздері болуы мүмкін" деп тұжырым жасайды.
28 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы видеоның интернетке белсендінің жақындарының рұқсатынсыз жариялап кеткенін, марқұмның сүйегіндегі дақтар - "биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеген. Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Едлос Қилымжанов "асығыс қорытындысы жасамауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға" шақырған. Оның айтуынша, Ағаділдің туыстары видеоның таралуына байланысты шағым түсірген.
Дулат Ағаділдің анасы мен әпкесі 28 ақпанда Азаттыққа прокуратураға шағым түсіргенін растады. Ағаділдің шешесі Гүлбаршын Жолмұхамбетова бұған қоса 24 ақпанда түнде ұлын үйінен ұстап әкеткен полицейлердің үстінен де арызданғанын айтты.
Видеоны жариялаған Ағаділдің серіктері "жүрек талмасынан көз жұмды" деген билік мәлімдемесіне сенбегендіктен видеоны түсіргенін, оны арнайы мамандарға (патологоанатом) көрсеткісі келгенін айтқан.
Белсенді Дулат Ағаділ астанаға жақын Талапкер ауылында 27 ақпанда жерленді. Оған мыңнан астам адам қатысты. Ағаділ қазасынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында наразылық акциялары өтіп, жиналғандар белсендінің өліміне билікті кінәлады, жоғары басшылардың отставкаға кетуін талап етті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет Дулат Ағаділдің өліміне қатысты пікірін айтып отыр. Бұған дейін құқық қорғаушылар мен шетел дипломаттары Қазақстан билігін Ағаділ өліміне қатысты түсініктеме беруге шақырған.
"Жаназаға жібермеді". Ағаділді ақтық сапарға шығарып салмақ болғандар ұсталды
ПІКІРЛЕР