"Бұл – құлдық". АҚШ Қытайдың бес компаниясының тауарына тыйым салды

Шыңжаң өлкесінде мақта жинап жүрген адам. 2017 жылғы сурет.

14 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Қытайдың бес компаниясының мақта-мата, киім-кешек, шашқа арналған заттар мен компьютер құрылғыларын импорттауына тыйым салды. Вашингтон Қытай билігі бес компания Шыңжаңдағы мұсылмандарды заңсыз жұмысқа жегу арқылы тауар өндіріп отыр дейді. Бұған қоса, 20-ға жуық құқық қорғау ұйымы БҰҰ-ны Шыңжаңдағы қысымға қатысты тергеу жүргізуге шақырды.

АҚШ ҚАНДАЙ КОМПАНИЯЛАРҒА ТЫЙЫМ САЛДЫ?

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның сөзінше, бұл тыйымға сай АҚШ-тың кеден және шекара қызметі (CBP) Қытайдың бес компаниясының тауарларын Америкаға кіргізбеуге құқылы.

"Адамдарды еркінен тыс жұмысқа жегіп, бостандығынан айырып, таңдау еркі мен қалаған жерінде жұмыс істеу құқығынан айыру сынды адам құқығын таптау әрекеттері бар. Қытай барлық адамның құқығын сақтап, еңбекті қанауды билік деңгейінде қолдауға нүкте қоюы керек. АҚШ-тың тыйымы – Қытайға білдірген ашық белгісі" деді Помпео.

АҚШ тыйым салған қытайлық компаниялар мен олар өндіретін тауарлар:

  • Шыңжаң өлкесі Хотан аймағы Лоп уезіндегі "тәрбиелеу орталығында" өндірілген барлық тауар
  • Лоп уезінде жасалған шаш өнімдері
  • Yili Zhuowan Garment Manufacturing және Baoding LYSZD Trade компаниясының киім-кешектері
  • Шыңжаңдағы Junggar Cotton and Linen Co Ltd компаниясының мақта-мата өнімдері
  • Hefei Bitland Information Technology Co Ltd компаниясының компьютерге арналған бөлшектері.

БҰҰ-ның есебінше, Қытай Шыңжаң өлкесінде саяси лагерьлер ашып, онда бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қамауда ұстаған. Батыстағы зерттеу орталықтары мен адам құқығын қорғау ұйымдары Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарды еркінен тыс жұмысқа жеккені туралы да мәлімдеген.

Your browser doesn’t support HTML5

"Қытайда абақтыға қамады, ақысыз жұмысқа жекті"

АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігі хатшысының орынбасарының міндетін атқарушы Кеннет Куччинелли Вашингтонның бұл тыйымын "Шыңжаңдағы мұсылмандардың еңбегін қанаумен күрес" деп сипаттады.

"Адам құқығын бұлай бұзған әрекетке осындай лайықты жауап керек. Бұл – қазіргі замандағы құлдық" деді Куччинелли халықаралық агенттіктердің тілшілеріне.

Ол журналистерге Ақ үй Шыңжаңдағы басқа да тауарлардың импортына тыйым салу жағын әлі де зерттейтінін жеткізді.

АҚШ бұған дейін Шыңжаңда өсірілетін мақта мен қызанақтың импортына толық тыйым салуды жоспарлаған. Бірақ тек бес компанияның тауарын импорттауына шектеу қойды. Қызанақ Ақ үйдің қара тізіміне енбеді. Қытай – әлемде томат пастасын жасау бойынша алдынғы қатарда. Томат пастасының көбі Шыңжаңда өсірілген қызанақтан жасалады. Reuters агенттігінің дерегінше, Қытайдың COFCO компаниясы былтыр Шыңжаңдағы 13 фабрикасында 250 мың тонна паста өндірген.

Шыңжаң аймағында мақта өндіріп жүрген адамдар. 2017 жылғы сурет.

АҚШ билігі бұған дейін Шыңжаңдағы қысымға қатысы бар деп Қытайдың біраз шенеунігіне және бейнебақылау камераларын және технология жасайтын компанияларына санкция салған.

ҚЫТАЙ ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?

15 қыркүйекте Пекинде өткен брифингте Қытай сыртқы істер министрінің өкілі Ван Вэньбинь АҚШ бұл тыйым арқылы "халықаралық сауда ережесін және әлемдік тауар өндірісін бұзды" деп мәлімдеді.

"Еркінен тыс жұмысқа жегу деп жүргендері кейбір ұйымдар мен АҚШ және Батыстағы адамдардың ойлап тапқаны" деді ол.

АҚШ-тың тыйымына ілінген Junggar Cotton және Baoding LYSZD компаниясы Reuters агенттігіне Вашингтонның шешімі жайлы білмейтіндерін айтқан. Ал Yili Zhuowan компаниясы пікір беруден бас тартқан.

Қытай билігі Шыңжаңдағы әрекеттерін "терроризммен күрес" деп, ал лагерьлерді "қайта білім алу орталықтары" деп сипаттайды және елдегі мұсылмандардың мәселесін елдің ішкі саясаты деп санайды. Пекин АҚШ-ты және Батыс елдерін Шыңжаңдағы мәселені асыра сілтеп көрсетеді дейді. Бірақ Қытай БҰҰ мен Батыс елдерінің өкілдерін Шыңжаңға кіргізбей отыр.

"ГЕНОЦИД"

Трамп әкімшілігі Қытайдың бес компаниясының тауарына тыйым салып жатқан тұста жиырмаға жуық адам құқығын қорғау ұйымы БҰҰ-ның адам құқығы кеңесін Шыңжаңдағы жағдайды тергеуге шақырды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ашық хатқа қол қойғандар арасында АҚШ-та орналасқан Ұйғырлардың адам құқығы жобасы мен Genocide Watch ұйымы бар.

"Айуандықтың ішіне 1 миллионнан 1,8 миллионға жуық адамды лагерьде қамау, жаппай саяси идеологиялық әрекеттер жасау, адамдардың іс-түссіз жоғалып кетуі, мәдени ескерткіштерді жою, жұмысқа жегу, негізсіз түрмеге қамау, бала тууды шектеу науқаны кіреді. Бұл әрекеттер Геноцид конфенциясына сай геноцидпен тең. Конвенция этникалық және діни топтарға бала тууды шектеуге тыйым салады" деп жазылған ашық хатта.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Аборт, шошқа етін жегізу һәм лагерь. Қытайда мұсылман болудың машақаты

БҰҰ адам құқығы жөніндегі басшысы Мишель Бачелет 14 қыркүйекте Қытай билігімен Шыңжаңға бару туралы сөйлескенін айтты. Бірақ БҰҰ-ға хат жазған белсенділер Бачелет Адам құқығы кеңесіндегі сөзінде Қытайдағы адам құқығының бұзылып жатқанын нақты айтпады деп сынады.

"Бачелет сөзінде Қытайдағы адам құқығының, соның ішінде ұйғырлар мен гонконгтықтардың құқығы бұзылып жатқаны жайлы, сөз бостандығының шектелуі, сотсыз қамалғандар туралы және азаматтық қоғамдағы репрессия жайлы айтылған жоқ. Керісінше оның қызыл сөзі БҰҰ Адам құқығы кеңесінің Қытайға қатысты ұстанымының әлсіз екенін көрсетеді" деді Адам құқығы жөніндегі халықаралық қызмет өкілі Сара Брукс Reuters агенттігіне.

"Шыңжаңда жақындарымыз лагерьде қамалды" деген қазақстандықтар Алматыда, Нұр-Сұлтанда жиі жиын өткізіп, халықаралық ұйымдардан және Қазақстан билігінен көмек сұрайды. Ресми Нұр-Сұлтан Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін басында "Қытайдың ішкі ісі" деп атаған. Бірақ кейін сыртқы істер министрлігі Шыңжаңдағы қазақтар мәселесі дипломатиялық жолдармен шешіліп жатқанын хабарлаған. Бірақ елде Қытайда қалып қойған туыстарымен қауыша алмай отырған қазақтар әлі де бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Видеомен сөйлескенде Қазақстан туы, құранды жасырамыз". Қытайда қалған жақынын күткендер