Accessibility links

"Қытай ұйғырларды әлемдік брендтермен серіктес фабрикаларда жұмысқа жеккен"


Қытайдың Шыңжаң аймағында 2017 жылы маусымда түсірілген сурет.
Қытайдың Шыңжаң аймағында 2017 жылы маусымда түсірілген сурет.

Қытай билігі Шыңжаңдағы ұйғырларды әлемге танымал брендтер өнімін шығаратын фабрикаларға мәжбүрлі түрде жұмысқа жіберген. Бұл туралы Австралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) есебінде айтылады.

"ЖҰМЫСТАН БАС ТАРТҚАНДАРДЫ ҚАМАЙМЫЗ ДЕП ҚОРҚЫТҚАН"

Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) институт ашық дереккөздер, спутниктен түсірілген суреттер, БАҚ материалдары мен зерттеу жұмыстары негізінде жасалған есебінде Шыңжаң тұрғындарын жұмысқа жегуді "Қытайдың ұйғырларға қарсы саясатының келесі кезеңі" деп атаған.

Осыған дейін Қытай билігі Шыңжаңдағы ұйғырларды, қазақтарды және басқа да мұсылмандарды қайта тәрбиелеу лагерьлеріне қамағаны жайлы хабар тараған. Биыл Қытай үкіметі Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу орталығындағы" адамдардың бәрі оқуын аяқтағаны туралы айтқан еді. ASPI есебінде "Қытай билігі "оқу бітіргендерді" елдің басқа аймағындағы фабрикаларға жіберген" деп жазады.

Институт зерттеуіне сүйенсек, 2017-2019 жылдары арасында 80 мың ұйғыр Шыңжаңнан Қытайдың 9 аймағындағы 27 фабрикаға "күштеп" жұмысқа жіберілген. Бұл қытайлық фабрикалар әлемдегі 83 танымал брендтің өнімін шығарады. ASPI есебінде Қытай билігінің ұйғырларды Apple, Samsung, Sony, Cisco, HTC, Dell, Google, Microsoft, Adidas, Nike, H&M, Uniqlo, Zara, Mercedes-Benz, Volkswagen, Lenovo, Asus, HP, LG, Land Rover сынды компанияларға серіктес қытайлық фабрика-зауыттарға жөнелткені айтылған. Шыңжаң басшылығы жұмысқа жіберілетіндердің санын жыл сайын өсіруді жоспарлаған.

Мотоцикльге мінгескен әйел мен балалар Қытай басшысы Си Цзиньпиннің ұйғырлармен бірге түскен суреті бар жарнаманың қасынан өтіп барады. Шыңжаң аймағы, 20 қыркүйек 2018 жыл.
Мотоцикльге мінгескен әйел мен балалар Қытай басшысы Си Цзиньпиннің ұйғырлармен бірге түскен суреті бар жарнаманың қасынан өтіп барады. Шыңжаң аймағы, 20 қыркүйек 2018 жыл.

Құжатта ұйғырлардың Қытайдың Аньхой провинциясындағы Hao Yuanpeng Clothing Co. Ltd компаниясына жіберілгені, бұл компания италиялық Fila (Италия/Оңтүстік Корея) және Adidas (Германия) брендтерімен жұмыс істейтіні жазылған.

"Ұйғыр жұмысшылар кей фабрикаларға бірден лагерьден шығып барған. Ұйғырлар жұмысқа барудан бас тарта алмаған, жұмысқа бармағандарды қамаймыз деп қорқытқан. Шыңжаң билігі әр адамды фабрикаларға жұмысқа тұрғызу үшін жергілікті басшыларға және жеке брокерлерге ақша төлеген" деп жазылған есепте.

Құжаттағы дерекке сай, жергілікті билік ұйымдастырушыларға ұйғырларды Шыңжаң аймағындағы кәсіпорындарға тоғыз айлық келісім-шартпен жұмысқа жіберсе, әр адам үшін 20 юань (3 доллар) төлеген. Ал жұмыс тауып берушілер ұйғырларды Шыңжаңнан басқа аймаққа жіберсе, 300 юань (43,25 доллар) алған. Шыңжаң өлкесінің басшылығы егер фабрикалар ұйғырларды бір жылға жұмысқа алса, 1000 юань (144 доллар), үш жылдық келісім-шарт ұсынса - 5000 юань (720 доллар) өтемақы төлеген. Кейінгі уақытта интернетте "Билік ұсынған ұйғыр жұмысшылар бар" деген жарнамалар да кездеседі.

Қотан қаласындағы базарға кіріп келе жатқан адамдар. Шыңжаң аймағы, Қытай, 31 мамыр 2019 жыл.
Қотан қаласындағы базарға кіріп келе жатқан адамдар. Шыңжаң аймағы, Қытай, 31 мамыр 2019 жыл.

ASPI есебінше, кәсіпорындарда жұмыс істейтін ұйғырлар бір-бірінен бөлек тұрған.

"Жұмыстан бос уақытта олар қытай тілін оқып, идеологиялық тренингтен өтеді. Олар үнемі бақылауда болады және діни жоралғылар жасай алмайды" деп жазылған институт құжатында.

Австралиялық институттың есебінде The Washington Post (АҚШ) газетінің тілшілері Nike компаниясы өнімін шығаратын фабрикалардың біріне барып қайтқаны жазылған. Газет мақаласында әлгі фабриканың түрмеге ұқсайтыны, күзет мұнарасы мен полиция бөлімшесі, камералар бары жазылған.

Есепте фабрикалардың жұмыс істейтін ұйғырларға аз ақша төлейтіні де айтылады.

Фабрикада жұмыс істейтін ұйғыр әйел The Washington Post тілшісіне "Айналада серуендеп жүре аламыз. Бірақ өз еркімізбен Шыңжаңға қайта алмаймыз" деген.

Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары ұйғырлардың "өз еркімен жұмысқа барғандарын", оларға "жақсы жалақы" төленіп жатқанын мәлімдейді. Шенеуніктер мемлекеттік БАҚ-қа берген сұхбаттарында ұйғырларды мәжбүрлі жұмысқа тартуды жоққа шығарған.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаң жайлы сұраққа қалай жауап берді? (27 қараша 2019 жыл)

"Бәрі жалған". Қытай елшісі Шыңжаң жайлы сұраққа қалай жауап берді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00

ӘЛЕМДІК БРЕНДТЕР НЕ ДЕЙДІ?

ASPI дерегінше, әлемдік брендтер мен қытайлық фабрикалар өздерінде ұйғырлардың жұмыс істеп жатқанын білмеуі мүмкін.

Nike бренді The Washington Post газетіне "халықаралық еңбек стандарттарын сақтайтындарын, компания серіктестеріне кез келген түрме әдістерін, күштеу, мәжбүрлеу әдістерін қолдануға қатаң тыйым салынатынын" айтқан.

Apple "өзімен жұмыс істейтін кез келген серіктес компания жұмысшыларды құрметтеуі тиіс" деп санайды. Dell компаниясы есепте айтылған мәліметтерді тексеруге уәде берді.

ASPI есепте аталған әлемдік брендтерді Қытайдағы серіктес фабрикалардың жұмысын тексеруге шақырды. Ал Қытай билігі әлемдік компаниялардың өкілдерін тексеріс жүргізуі үшін елге кіргізуі тиіс деп санайды.

"Егер қандай да бір фабрика мәжбүрлі жұмысқа қатысы болса, бірден мәселені шешуі тиіс. Ал мәселені шешу мүмкін болмаса, әлемдік компаниялар фабрикамен жұмысты тоқтатуы керек" деген ұсыныс айтады институт.

2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында билік ұйғырларды, қазақтарды және басқа да мұсылмандарды "саяси лагерьге" қамай бастағаны туралы хабар тараған.

Шыңжаңдағы лагерьлердің бірі. 2019 жылдың маусымында түсірілген сурет.
Шыңжаңдағы лагерьлердің бірі. 2019 жылдың маусымында түсірілген сурет.

БҰҰ Қытайдың Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін "саяси тәрбие лагерьлерде" қамағанын мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.

Батыс елдері мен халықаралық ұйымдардың қысымынан кейін Пекин "лагерьде отырғандардың бәрі кәсіп меңгеріп, оқуын аяқтап шықты" деп мәлімдеген.

Пекиннің Шыңжаңдағы мұсылмандарға қалай қысым жасағаны, оларды қалай қамағаны жайлы бұған дейін де бірнеше құпия құжат жария болған.

  • Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) жариялаған құпия құжаттарда "Қытай басшысы Си Цзиньпиннің өзі Шыңжаңдағы мұсылмандарды бақылауға алуға бұйрық бергені" жайлы деректер айтылған.
  • 2019 жылғы қарашада америкалық New York Times басылымы жариялаған "Қытай билігіне тиесілі құпия құжатта" мұсылмандар тұратын аудандарды үнемі тексеру қажеттігі айтылады.
  • Ұлыбританиялық ВВС арнасы мен америкалық Associated Press ақпарат агенттігіне түскен "құпия құжатта" Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалатын адамдарды анықтау жолы, саяси тәрбиелеу орталықтарының қалай басқарылатыны жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG