Таулы Қарабақтағы келісімнің бас жеңімпазы – Ресей

Ресей бітімгерлік әскерінің сарбазы мен танкісі Армения шекарасының жанында. 10 қараша 2020 жыл.

Таулы Қарабақтағы соғыс түтіні басылып, Армения мен Әзербайжанның қарулы қақтығысын тоқтатуға арналған үш беттік келісімнің сиясы кебе бастағанда бір нәрсе анықтала түсті. Бұл келісімнің ең үлкен жеңімпазы Кремль болып шықты.

Қақтығыс енді басталғанда Түркияның белсенділігі Кремльдің аймақтағы ықпалына қауіп төндірген. Бірақ соңында Мәскеудің бұл аймақтағы салмағы одан әрі арта түсті.

"Ресей жағдайдан жақсы шықты" деді армян-әзербайжан дауын шешу үшін құрылған Минск тобының бұрынғы тең төрағасы Мэтью Брайза. "Путин үстемдік танытып, қалыптасқан жағдайдың ең ықпалды тұлғасына айналды".

Құқықтық тұрғыда Әзербайжанға тиесілі, бірақ кейінгі 26 жылда этникалық армяндардың бақылауында болған Таулы Қарабақтағы 27 қыркүйек күні басталған қақтығыста кемі 2000 сарбаз бен бейбіт тұрғын қаза тапты.

Таулы Қарабақ. 4 қазан 2020 жыл.

Алты жылдық соғысты аяқтаған 1994 жылғы келісімнен кейін Әзербайжан мен Армения арасында толық бейбітшілік орнамады. Арасында кикілжіңдер, снайперлік және минометтік шабуылдар жиі болып тұрды. Бірақ олардың ешқайсысы ауқымды қақтығысқа айналмаған еді.

Ондаған жылға созылған шиеленістің шешілмеуі Таулы Қарабақты бұрынғы Совет одағы территориясындағы ең даулы аймақтардың біріне айналдырды. Бұл дауда шиеленіс отын тұтандырып, күшейтіп отырған Ресей шешуші рөлге ие.

Мұндай даулы жерлерге Грузияның жікшіл Абхазия және Оңтүстік Осетия аймақтары, Молдованың жікшіл Приднестровья аймағы жатады. Украинаның шығысында Ресей қолдауына ие күштер басып алған екі аймақ және бар. Онда 2014 жылы басталған соғыста 13 мыңнан астам адам қаза тапты.

Ресей әдетте мұндай жерлерге әскерін жіберіп, ықпалын нығайтуға тырысады. Мұны Таулы Қарабақта да істегісі келді, бірақ онысы жүзеге аспады. Жүзеге аспау себептерінің біріне Ереван мен Бакудің Мәскеудің әділ арағайындығына сенбеуі жатады.

Ресей екі елмен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатқан; Әзербайжан Ресей қару-жарағын молынан сатып алады. Осындай тығыз қарым-қатынасқа қарамастан, Кремльдің дауды реттеудегі ең елеулі дипломатиялық талпынысы Минск тобы деп аталатын бастама арқылы жүрді. Франция, Ресей және АҚШ елдері төрағалық ететін бұл бастама Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында құрылды. НАТО мүшелері бастамаға аймақтың стратегиялық рөлі үшін қатысты. Бірақ Ресей Таулы Қарабақты өзінің ықпал ету аймағы санайды.

Мәскеу жаңа келісім арқылы аймаққа өз әскерін жіберіп, Париж бен Вашингтонды ықпал ету алаңынан ысыруға қадам жасады.

Таулы Қарабаққа аттанып жатқан Ресей бітімгерлік әскері. Ульяновск, Ресей, 10 қараша 2020 жыл.

Әзербайжан президенті осыған дейін бітімгерлікке Түркия да қатысады деп мәлімдеген. Бірақ Кремль мұны жоққа шығарып, Түркияның бітімгерлік әскері жіберілмейтінін айтты.

"Иә, Минск тобы өліге айналды. Солай сияқты" дейді Брайза. Бастаманың бұрынғы тең төрағасы 2010-2012 жылдары АҚШ-тың Әзербайжандағы елшісі болған. "Ресей вакуумды толтырды. Түркия да қалыса қойған жоқ".

Таулы Қарабақ келісімінен кім не ұтты?

Еревандағы Аймақтық зерттеулер орталығының директоры Ричард Гирагосян келісімнің Ресейге тиімді болғанын, мұның Минск тобының өміршеңдігін одан әрі қиындатқанын айтады.

"Жаңа келісімнің шарттары аймаққа Ресей әскерін кіргізіп, Мәскеудің ең маңызды мүддесін орындауға мүмкіндік берді" дейді Гирагосян.

"Таулы Қарабақта [Ресейдің] ешқандай әскери күшінің болмауы, оны бұрынғы Совет одағы территориясындағы осыған ұқсас даулы аймақтардан өте қатты ерекшеледі. Бұл жағдай Мәскеуді ұзақ уақыттан бері тітіркендіріп келеді" деп жауап берді Гирагосян Азаттыққа электронды поштамен жіберген хатында.

Келісімге сәйкес, Әзербайжан күштері осы уақытқа дейін бақылауына алып үлгерген жерлер Баку иелігінде қалады. Армения күштері бақылауда ұстаған Таулы Қарабақтың 40 пайызы және оны қоршай орналасқан жеті аймақ та Әзербайжан бақылауына өтеді.

Қарабақ келісімімен келіспеген армяндар парламент үйін қалай басып алды?

Your browser doesn’t support HTML5

Қарабақ келісімімен келіспеген армяндар парламент үйін қалай басып алды?

27 қыркүйекте басталған қақтығысқа дейін Армения қолдауына ие күштер Таулы Қарабақты және оның айналасындағы жеті ауданды (мұның бәрі Әзербайжан территориясының 13 пайызын құрайды) тұтастай бақылауда ұстады.

Енді жаңа келісім аясында Әзербайжан 1990 жылдары айырылып қалған жердің мардымды бөлігін қайтарып отыр.

Тараптардың бұл келісімі Мәскеудің тағы бір мақсатын орындады. Ол мақсат Армения премьер-министрі Никол Пашинянға қысым көрсету еді, дейді Гирагосян.

Пашинянның халықаралық саясат жүргізудегі еркіндігі көптен бері Кремльдің қытығына тиіп келген. Армения үкіметінің басшысы билікке 2018 жылы "Барқыт революциясы" кезінде келген. Ал Мәскеуге биліктің бұлай ауысуы ұнамайды.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Ресей президенті Владимир Путин. Ереван, 1 қазан 2019 жыл.

Гирагосянның сөзінше, "Ресей ықпалының бұлай артуы Армения күнін Мәскеуге қаратып қана қоймай", Арменияның Батысқа жақындауын шектеуі мүмкін.

Кей сарапшы Таулы Қарабаққа бітімгерлік әскерін жіберіп отырған Ресей тұзаққа түсіп қалуы мүмкін дейді.

Ресей қауіпсіздік күштері жөніндегі сарапшы Марк Галеотти Ресейдің әскер жіберуі Мәскеу үшін міндетті түрде жеңіс екенін білдірмейді дейді.

"Бұл – әскерге және қазынаға қосымша салмақ. [Ресейдің] аймақтағы геосаяси рөлін арттырғаны рас, бірақ бұл онсыз да Мәскеудің үстемдігі орнаған аймақ емес пе еді?" дейді Лондонда тұратын саяси шолушы Галеотти Moscow Times басылымында жарық көрген бағанында. "Позицияңызды ұстап қалуыңыз үшін қосымша күш салсаңыз, бұл алға жылжудың белгісінен гөрі кері кетуден сақтанудың талпынысына көбірек ұқсайды".

2000 жылдардың ортасында Минск тобының тең төрағасы болған, 2009 жылы АҚШ дипломаты ретінде зейнетке шыққан Стивен Манн бұл мәселеде айқын жеңіске жеткен Әзербайжан дейді.

Манның сөзінше, Ресейдің бейбітшілік орнатудағы үстем рөлі таңғаларлық емес және Мәскеудің бітімгерлік әскерін жіберуі соншалық маңызды қадам емес, өйткені Мәскеу бұл аймақта бұрыннан үлкен ықпалға ие.

"Ресей әрдайым үстем әскери держава болатын. Сол себепті бітімгерлік әскерді жіберу жағдайды аса қатты өзгерте қоймайды" деді Манн Азаттыққа.

"Ресейдің бұрынғы республикаларына (Совет Одағы құрамында болған мемлекеттерге – ред.) деген арнайы құқығы бар деген идеяны жоққа шығарамын. Олар тәуелсіз елдер, өз саясатын жүргізуге құқылы" деді ол. "Бірақ шындығын айтқанда, егер ол жерде қандай да бітімгерлік әскер болуы керек болса, ол әскердің Ресейден өзге елден келуін елестету қиын".

Ресей бітімгерлік әскерін тасыған ұшақ Ереван маңындағы Эребуни әуежайында. 10 қараша 2020 жыл.

Карнеги Мәскеу орталығының сарапшысы Александр Баунов Пашинян үкіметі Мәскеуді тітіркендіретін саясат ұстанды, ал Әлиев сақтық танытты дейді.

"Бұрынғы Совет одағы елдері арасында Әзербайжан әрдайым Мәскеумен және Путинмен жақсы қарым-қатынаста бола тұра халықаралық саясатында Ресейден толықтай тәуелсіз болудың үлгісі болып келеді" деп жазды ол 8 қараша күні жарық көрген сараптамасында.

"Бұл үлгі Ресей үшін де маңызды. Өйткені ол Мәскеумен жақсы қарым-қатынаста болу үшін міндетті түрде Ресейге бағынып, онымен бірге интеграциялық жобаларға қол қою керек дегенді білдірмейтінін көрсетеді" дейді Баунов.

Постсоветтік кеңістіктегі Ресей жетекшілік ететін ең маңызды интеграциялық жобалардың бірі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы болса, Әзербайжан оған мүше де емес. Бірақ ұйымның мүшелегінде Армения бар.

Ал жаңа келісім Бакуге көздегеніне Ресейге бағынышты болмай-ақ жетуге мүмкіндік бергелі отыр.

Келешекте Кремль үшін қандай кемшіліктер шығары белгісіз. Бірақ осы келісім "Ресейдің аталмыш шиеленістегі мүддесіне жұмыс істеп тұр және бұл шамасы Мәскеудің қалыптасқан жағдайдан ең ұтымды нәтижемен шығуы (ең құрмағанда қысқа мерзімде)" дейді Карнеги Мәскеу орталығының сарапшысы Александр Габуев Twitter желісінде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Таулы Қарабаққа 2 мың ресейлік бітімгер сарбаз жеттіҚарабақтағы соғыстың тоқтатылуына наразылар армян үкіметінің ғимаратына басып кірдіТаулы Қарабақтың мойындалмаған үкіметі Шуша қаласынан айырылғанын мойындады