Тағы сайлау, тағы саммит және халық санағы. 2021 жылы Орталық Азияда не болады?

Ташкенттегі Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі. Өзбекстан, 29 қараша, 2019 жыл.

Биыл да былтырғы сияқты Орталық Азияда сайлау жиілейді. Сайлауы әділ өтпеді деп көп сыналатын аймақтағы қайсыбір елде тағы да конституция өзгеруі мүмкін. 2021 жылы Орталық Азияда қандай саяси оқиғалар және шаралар жоспарланған?

Өткен жыл әлемнің басқа елдері сияқты Орталық Азияда да коронавирус пандемиясының тарауымен тарихта қалды. Ал 2021 жылы вирусқа қарсы вакциналар жаппай егіле бастайтын сыңайлы.

ІНДЕТ ӘКЕЛГЕН "ЖАҢАЛЫҚТАР"

Өткен жылы пандемияны сылтауратқан Орталық Азиядағы авторитарлық билік үстемдік құрған елдерде қудалау күшейді. Бұл мәселе халықаралық ұйымдардың сыни реакциясын тудырды.

Індет кезінде Орталық Азияда тұрмыстық зорлықтың ұлғайғаны байқалды. Бұдан басқа суицид оқиғалары да кемімеді. Ал Қазақстанда маңызды заңдар пандемия кезінде елеусіз қабылданып кетсе, Өзбекстан БАҚ-қа бақылауды күшейтті. Ал Түркіменстанда биылдан бастап, газет-журналдар сандық форматқа көшеді.

Коронавирусты мойындамаған Түркіменстаннан басқа аймақ елдері коронавирусқа шалдыққандар мен қаза тапқандар санын нақты көрсете алмады. Тек Қырғызстан ғана шілде айынан бастап, коронавирусқа шалдыққандар мен пневмониямен ауырғандар санын біріктірді. Орталық Азия елдерінде індетке шалдыққандар есебі даулы болғандықтан, кейін пандемия құрбандарын тәуелсіз есептейтін балама ресурстар пайда болды.

Маска таққан әйелдер. Ашғабат, Түркіменстан. 15 шілде, 2020 жыл.

Ал биыл Түркіменстан короновирусқа қарсы күрес шаралары туралы жиын өткізуге ұсыныс білдірген. Covid індетімен күрестегі ғылыми зерттеулер мен жобаларды талқылайтын дәрігер-ғалымдардың осы елдегі халықаралық форумы 2021 жылдың екінші жартысында өткізілуі мүмкін.

Биыл да Орталық Азияда аймақтық жиындардардың дені 2020 жылы пандемия жағдайында қалыптасқан тәртіп – онлайн форматында өтетін сияқты. Сондықтан пандемия әкелген жаңалық – жиын, саммиттердің қайда өткені маңызды болмай қалды.

Мұның бәрі Орталық Азия елдерінің Тәуелсіздігіне 30 жыл толатын қарсаңда өріс алып отыр. Ал осы 30 жыл Орталық Азия елдерін (Қырғызстаннан басқа) басқарғандардың билік басында ұзақ отырып, авторитар жүйе қалыптастыруымен есте қалды.

БИЫЛ ДА БЕС САЙЛАУ

Орталық Азияда былтыр бес сайлау (Өзбекстанда парламенттің төменгі палатасы, Қазақстанда парламенттің жоғары палатасы, Тәжікстанда парламент және президент сайлауы, Қырғызстанда парламент сайлауы) өткізілсе, биыл да бес сайлау күтіліп отыр. Оның үшеуі – парламент сайлауы, екеуі – президент сайлауы.

Түркіменстанда былтыр конституцияға енгізілген өзгертулер биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Өзгертулер бойынша биылдан бастап Түркіменстан парламенті қос палаталы болады. Жоғары палата – халқ маслахаты, төменгі палата – мәжіліс деп аталады.

Былтырға дейін "жоғары өкілетті орган" болып келген халқ маслахаты жоғары палатаға айналдырылған. Халқ маслахатының сайлауы наурыз айында өткізілмек. Оның құрамы 56 депутаттан тұрады. Әрбір аймақтан және Ашғабадтан сегіз өкілден сайланса, тағы сегіз депутатты президент тағайындайды.

10 қаңтар күні Қазақстанда – парламенттің төменгі палатасы мәжіліс сайлауы, Қырғызстанда президент сайлауы өтпек. Қазақстанда осы күні жергілікті мәслихаттар сайлауы қатар өтеді. Қырғызстанда кезектен тыс президент сайлауымен қатар сайлаушылар басқару формасы туралы референдумға да қатысады.

Конституцияға өзгеріс енгізуге қарсы жұрттың наразылығы. Бішкек, Қырғызстан. 22 қараша, 2020 жыл.

Қырғызстандағы басқару форматын өзгерту және жаңа конституция қабылдау былтырғы қазан айынан кейінгі биліктегі өзгерістен соң даулы жайға айналған. Осындай жағдайда Қырғызстанда тағы бір сайлау – парламент сайлауы өтпек.

Өзбекстан президентінің де кезекті сайлауы жақындап келеді. Желтоқсанда өтетін сайлауға әзірге түсемін деп суырылып шыққан саясаткер байқалмайды. 2016 жылы тұңғыш президент Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін конституция бойынша президент міндетін атқару сенат төрағасы Нигматулла Юлдашевқа берілуі керек болатын. Алайда ол "тәжірибесіздігін" айтып, бас тартқан соң, президенттің өкілеті сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияевқа өтті. Кейін сайлауда Мирзияев 88 пайыздан астам дауыс жинады.

Шавкат Мирзияев билікке келген бетте реформа жасауға қадам басты. Каримов тұсында оқшауланып қалған Өзбекстан Орталық Азиядағы көрші елдермен қатынасты жандандыра бастады. Сыртқы саясатында Ташкент Орталық Азия елдерімен қатынасқа басымдық берді. Ішкі саясат, қаржы, салық, экономика және білім саласында да өзгерістер байқалды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің халыққа жолдау арнап тұрған сәті. Ташкент, 29 желтоқсан, 2020 жыл.

Алайда Мирзияев тұсында бұрынғы кадрлар айтарлықтай жаңарған жоқ. Реформалардың өзіне әміршілдік сипат тән болды. Мирзияевтің президенттікке келген кезінде биліктегілерге реформа жолында "бір-екі жыл өзімді де, өзгені қинаймын. Не реформа қылу керек, не кету керек" дегені бар.

ХАЛЫҚ САНАҒЫ

Биыл Орталық Азиядағы екі елде халық санағы өтпек. Қазақстанда екі жыл бұрын өтуге тиісті санақ биыл қазан айында өтуі мүмкін. 2019 жылы Назарбаев отставкаға кетіп, президент сайлауы өтуіне байланысты санақ 2020 жылға жылжыған. Алайда былтыр пандемияға байланысты халық санағы тағы да шегерілді.

Қырғызстанда да былтыр коронавирус пандемиясына байланысты өткізілмей қалған халық санағы 2021 жылға сырғытылған. Ал Тәжікстан былтыр өткізілген халық санағының нәтижесін биыл жарияламақ.

Өзбекстан – тәуелсіздік алғалы халық санағын мүлде өткізбеген бірден-бір ел. Ташкент халық санағын 2022 жылы өткізудің тұжырымдамасын бекіткенімен, санақ бір жылға кері жылжытылып, 2023 жылға жоспарланып отыр. Дегенмен Өзбекстанда биыл қарашада бірнеше ауданда сынақ үшін халық санағы өткізілмек. Ал Түркіменстанда халық санағын өткізу 2022 жылға жоспарланған.

САММИТТЕР

Биыл Түркіменстан тек аймақ елдері президенттері қатысатын Орталық Азия басшыларының үшінші консультативтік кездесуін ұйымдастыруы мүмкін. Былтыр Бішкекте өткізуі жоспарланған бұл шара Қырғызстандағы толқудан соң кейінге сырғыған.

Бұл кездесу әуелде Наурыз мерекесі кезіндегі Орталық Азия елдерінің басқосуы ретінде белгіленген. Алғашқы жиын Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) Наурыз мерекесі кезінде өткізілгенімен, екінші жиын 2019 жылы наурыз айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуіне байланысты Ташкентте қараша айында өткізілген.

2021 жылы Нұр-Сұлтанда Еуразия жоғары экономикалық кеңесінің жиыны ұйымдастырылмақ.

Қазақстанды 30 жылдай басқарған, әулетінің даулы меншік иесіне айналуымен аты шыққан бұрынғы президент Назарбаев Еуразия экономикалық одағының да, Орталық Азия елдері басшылары консультативтік кездесуінің де "құрметті төрағасы" атағына ие.

Сайлауалды жарнама ілінген жерден өтіп бара жатқан адамдар. Нұр-Сұлтан, 25 желтоқсан 2020 жыл.

Биыл Тәжікстанда Шанхай ынтымақтастығы ұйымының мерейтойлық саммиті ұйымдастырылмақ. Құрамына Қытай және Ресей кіретін, әуелде "Шанхай бестігі" аталған, кейіннен ұйымға айналған бірлестікке биыл 20 жыл толып отыр. Ұйымға Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мүше.

Биыл Душанбеде Мәскеудің басымдылығымен танымал Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының да саммиті ұйымдастырылмақ. Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан – осы ұйымның мүшелері.

КАСПИЙ ЖАҒАЛАУЫ ЕЛДЕРІНДЕГІ ШАРАЛАР

2021 жылы Каспий теңізі жағалауы елдеріне қатысты шаралар Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан мен Түркіменстанды қоса қамтиды. 2021 жылы Каспий жағалауы елдері басшыларының алтыншы саммитін өткізу жоспарланып отыр.

2018 жылы Қазақстанның Ақтау қаласында өткен бесінші саммитте ұзақ жыл дауға айналған Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенция бекітілген. Алайда мұндай мәртебе теңіз жағалауындағы тағы бір ел – Иран қоғамында наразылық тудырған.

Каспий жағалауы елдері басшыларының алтыншы жиыны жылы биыл Ашғабадта ұйымдастырылмақ. 2002 жылы алғашқы Каспий саммиті де Түркіменстан астанасында өткен.

Бұған қоса биыл Мәскеуде Каспий жағалауы елдерінің екінші экономикалық форумын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Әуелде бұл шара Астраханьда өткізілу керек болатын. Алайда кейіннен форумның Мәскеуде өтетіні хабарланды.

Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.