8 қаңтар күні Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу соты "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты" деген күдікке ілінген 46 жастағы азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедовті екі айға қамау туралы санкция берді. "Сәуле" мөлтекауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесінде қамауда жатқан белсенді өзіне тағылған айыппен келіспей, аштық жариялады. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің әйелі Бағила Текебаева хабарлады.
Бағила Текебаева күйеуіне қатысты шығарылған сот қаулысын көрсетті. Қаулыда Қылмыстық кодекстің 405-бабымен күдікке ілінген Мұхаммедовті екі айға қамауға алу туралы тергеуші өтініш түсіргені жазылған. Ол "тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар қоғамдық ұйымның жұмысына қатысып, экстремизмді жүзеге асыруға ат салысты", "қоғамға ауыр санаттағы қауіпті қылмыс жасады" деген күдікке ілінгені айтылған.
Нұржан Мұхаммедовтің адвокаты Абзал Өмірәлімнің айтуынша, Мұхаммедов тағылған айыппен келіспей, 7 қаңтар күні таңғы сағат 08:00-ден бастап аштық жариялады. Ол бұл туралы тергеуші мен қала прокурорына хабарлап, арыз түсірген.
– Мұхаммедовтің кәмелет жасына толмаған бес баласы бар екенін, түзеу мекемесінде отыруға денсаулығы жарамайтынын айтсақ та, [сот мұны] ескермеді, – дейді адвокат.
6 қаңтарда полиция Мұхаммедовтің үйін тінтіп, өзін алып кеткен. Жақтастары оның бостандығын талап етіп, Қаратау аудандық полиция басқармасына жиналған.
Нұржан Мұхаммедов әйелі және кәмелет жасына толмаған бес баласымен бірге Шымкенттің Қаратау ауданындағы Қайнарбұлақ саяжайында пәтер жалдап тұрады. Ол бұған дейін "саяси тұтқындарға бостандық талап еткен" жиындарға қатысып, Қытай экспанциясына, жердің сатылуына қарсы шыққан. Сол үшін ол бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот Мұхаммедовті "заңсыз митингіге қатысқаны үшін" бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған. Қараша айында оған "полицияға тіл тигізді" деген айып тағылып, 220 мың теңгеден астам (80 айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салған.
2019 жылы қараша айында белгісіз біреулер белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Нұржан Мұхаммедов бұл туралы полицияға арыз жазғанымен, қылмысты кім жасағаны әлі күнге анықталған жоқ.