Азаматтық белсенді Макс Боқаев бостандыққа шыққан соң оған әкімшілік бақылау тағайындау туралы Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің арызын қараған Атырау қалалық №2 қылмыстық соты Боқаев пен оның адвокаты Жанар Сүндетқалиеваның судьяны ауыстыру туралы өтінішінен соң отырысты кейінге қалдырды.
Алғаш жергілікті уақытпен 15.30-да басталған сот отырысына бақылаушы ретіне Қазақстанның әр түкіпірнен он бес құқық қорғаушы қатысқан.
Судья Ержан Әліпқалиев Макс Боқаев жазасын өтеп жатқан УГ 157/9 мекемесінде интернет байланысының болмауына байланысты соттың бір сағатқа шегерілетінін және оның көшпелі түрде колонияда өтетінін хабарлады.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бұл жағдай бақылаушыларды қатыстырмау үшін әдейі жасалды деп санайды.
УГ 157/9 мекемесінде бір сағаттан соң өткен көшпелі сот процесінде Макс Боқаевтың адвокаты Жанар Сүндетқалиева сот ашық жүріп, оған бақылаушылар мен журналистер қатысуына мүмкіндік берілуі үшін отырысты кейінге қалдыруды сұраған, судья өтінішті қанағаттандырмаған. Бірақ оның судьяға сенімсіздік білдіру туралы өтінішінен соң сот отырысы кейінге қалдырылды.
Макс Боқаевтың жазасын өтеу уақыты 4 ақпанда аяқталады.
48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы қарашадан бері түрмеде отыр. Бес жыл бұрын, 24 сәуірде Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.
Жер реформасына қарсы митингіден соң оған қатысқан атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды. Олар "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп айыпталды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан босатқан. 2019 жылғы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін" мәлімдеген.
АҚШ конгресінің 12 сенаторы 2020 жылдың 29 маусымында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, "сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігі құқығын пайдаланғаны үшін" сотталған белсенділер мен адам құқығын қорғаушыларды дереу түрмеден босатуды сұраған. Сенаторлар хатында азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті атап көрсеткен. Әбішев Қазақстан сотының шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдады деп 4 жылға сотталған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оларды "саяси тұтқын" тізіміне қосқан, ал ресми билік елде саяси тұтқын жоқ деумен келеді.
17 желтоқсанда Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев "Түрмеден шыққан күні алаңға барамын" деген.