Accessibility links

Қазақстанда саяси тұтқындар көбейді


Саяси тұтқындарды қолдап, акция өткізіп тұрған белсенділер. Алматы, қазан айы 2020 жыл.
Саяси тұтқындарды қолдап, акция өткізіп тұрған белсенділер. Алматы, қазан айы 2020 жыл.

23 желтоқсанда қазақстандық құқық қорғаушылар елде саяси себеппен қуғындалған белсенділер қатары көбейгенін хабарлап, "саяси тұтқындардың" жаңа толықтырылған тізімін жариялады. Тізімде бес белсендінің аты-жөні бар.

Бұлар - “тыйым салынған ұйымның ісіне араласу” бабы бойынша күдікке ілініп, 27 қарашадан бері қамауда отырған Нұргүл Қалуова, Дарын Хасенов, Қалиасқар Әміренов, Жанат Жамалиев және Диана Баймағамбетова. Алғашқы төрт белсенді Павлодар облысының түрлі аудан-қалаларынан шыққан. Ал Баймағамбетова қазір Алматыдағы тергеу изоляторында отыр.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, тізімге енген белсенділердің көбі Ақмола облысы Талапкер ауылында өткен марқұм белсенді Дулат Ағаділдің асына барып, “рұқсат етілмеген шеруге қатысқаны үшін” әкімшілік жазаға тартылған. Осыған дейін Хасеновтің үстінен Баянауыл аудандық полициясы “ар-намыс, абырой мен іскерлік беделді қорғау” бойынша сотқа арыз түсірген. Қалуова қазан айында саяси қудалауға қарсылық ретінде “шаштарын тақырлаған” әйелдер акциясына қатысқан.

Қарай отырыңыз: "Қазақстан деген түрмеде тұрамыз". Белсенді әйелдер билікке қарсылық ретінде басын тақырлады (31 қазан 2020 жыл).

"Қазақстан деген түрмеде тұрамыз". Белсенді әйелдер билікке қарсылық ретінде басын тақырлады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:00 0:00

Құқық қорғаушылардың айтуынша, тізімдегі белсенділер “Көше партиясы қозғалысымен байланысы үшін" қудаланып отыр. Қазақстан соты бұл қозғалысты "экстремистік ұйым" деп танығанмен Еуропарламент депутаттары Қазақстан билігіне жазған хатында оны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Ұйымға шыққан сот шешімі жарияланбады. Оған апелляция түсірмек болған белсенділер арызы да қаралмады. Құқық қорғаушылар шешімнің саяси астары барын айтады.

Құқық қорғаушылар 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауы қарсаңында қудаланған белсенділер көбейгенін атап өтеді. Кей мәліметке қарағанда қазіргі кезде елде "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп күдікке ілінген немесе айыпталған 110-нан астам адам бар. 22 желтоқсанда Түркістан облысында белсенді Марат Дүйсембиевтің бостандығы 3,5 жылға шектелді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар соңғы рет қараша айының соңында саяси тұтқындар тізімін жаңартып, оған Асқар Әжігүжинов, Ұласбек Ахметов, Мұратбай Баймағамбетов, Бағдат Бақтыбаев, Марат Дүйсембиев, Асқар Нұрмағанов, Ноян Рақымжанов, Шухрат Кибировті қосқан. Сол кезде де тізімге енгендердің көбі 405-бап бойынша айыпталған болатын.

Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Билік "елде азаматтар саяси пікіріне байланысты қудаланады" деген пікірмен келіспейді және "саяси тұтқындар жоғын" айтып келеді.

Жаңадан қосылғандарды есептегенде Қазақстанда барлығы 27 саяси тұтқын қамауда отыр. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, 2016 жылғы Жер митингісінен кейін сотталып, түрмеде отырған белсенді Макс Боқаев, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев та бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG