Accessibility links

Қазақстандық құқық қорғаушылар тағы сегіз белсендіні "саяси тұтқын" деп таныды


Ноян Рақымжанов, азаматтық белсенді. Алматы, 10 желтоқсан, 2019 жыл.
Ноян Рақымжанов, азаматтық белсенді. Алматы, 10 желтоқсан, 2019 жыл.

30 қарашада қазақстандық құқық қорғаушылар елде саяси себеппен қуғындалған белсенділер қатары көбейгенін хабарлап, "саяси тұтқындардың" жаңа толықтырылған тізімін жариялады. Тізімге жаңадан енген белсенділердің көбі "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) күдікке ілінген:

  • Асқар Әжігүжинов (Атырау) – "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікпен қазан айының соңында Атырау қаласындағы уақытша қамау изоляторына қамалған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, марқұм Дулат Ағаділдің отбасына көмектескені үшін және қоғамдық маңызды мәселелерді талқылауға қатысқаны үшін бірнеше рет қудаланған.
  • Ұласбек Ахметов (Алматы) – "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілініп, қазан айының соңында Алматы қаласының уақытша қамау изоляторына қамалған. Ол да Ағаділ асы өткен Талапкердегі "заңсыз шеруге қатысты" деп айыпталып, әкімшілік жазаға тартылған.
  • Мұратбай Баймағамбетов (Қызылорда) – "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілініп, Қызылордадағы тергеу изоляторына екі айға қамалған. Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдағаны үшін істі болған. Құқық қорғаушылар мәліметінше, билікті сынағаны үшін талай рет әкімшілік жазаға тартылған. Қызылордада жолақысын 50 пайызға арзандатуды және бензин бағасын төмендетуді, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, пикет өткізген.
  • Бағдат Бақтыбаев (Шу қаласы) – "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілініп, тергеу изоляторына қамалған. Ол көктем айларында коронавирусқа байланысты карантин жарияланып, билік 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы төлеуге уәде берген кезде пошта алдындағы ұзын-сонар кезектерді түсіріп, ұсталған. Ақпан айында Алматыда жалғыз адамдық пикет өткізіп, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Шу қаласында "Қазақстанда заң жоқ" деген жазуы бар плакатпен пикет өткізген. Сол үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған.
  • Марат Дүйсембиев (Шымкент қаласы) – "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілініп, тергеу изоляторына қамалған. 29 қыркүйектен бері қамауда отыр.
  • Асқар Нұрмағанов (Қарағанды) – "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілініп, 25 тамыздан бері тергеу изоляторында қамауда отыр. Азаматтық белсенділігі үшін әкімшілік жазаға тартылған.
  • Ноян Рақымжанов (Алматы) – "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "Экстремистік топтың ісіне араласты" (182-бап, 2-бөлім) деген күдікпен тергеу изоляторында отыр. Азаматтық белсендігі үшін қудаланған.
  • Шухрат Кибиров (Алматы) – ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті оны 2017 жылдың сәуірінде қамауға алып, "діни араздық қоздыру" және "терроризмді жария түрде насихаттау" баптары бойынша айыптар таққан. Сол жылы қараша айында Алмалы аудандық соты оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырған. Кибировке тағылған айыптың дәлелі ретінде тергеушілер 2014 жылы "Вконтакте" әлеуметтік желісінде "Алим Ахметов" есімімен ашылған аккаунтта жариялаған араб және шешен тіліндегі төрт діни әннің (нашидтердің – ред.) аудиожазбасын келтірген. Шухрат Кибиров сотта өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол қазір Петропавл қаласындағы ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Кибировтан басқа 7 белсендінің барлығы елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы және "Көше" партияларына қатысы бар деп күдікке ілініп отыр. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар соңғы рет қыркүйек айында саяси тұтқындар тізімін жаңартып, оған Санавар Закирова, Асқар Ибраев, Серік Ыдырысов, Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Қайрат Қылышевті қосқан еді. Сол кезде де тізімге енгендердің көбі 405-бап бойынша айыпталған еді.

Саяси тұтқындар тізімін жаңартқан сарапшылар құрамына Ғалым Агелеуов, Лұқпан Ахмедияров, Зәуреш Батталова, Гүлмира Біржанова, Анар Ибраева, Евгений Жовтис, Ерлан Қалиев, Бақытжан Төреғожина, Амангелді Шорманбаев кірген.

Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, 2016 жылғы Жер митингісінен кейін сотталып, түрмеде отырған белсенді Макс Боқаев, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев та бар.

Қазақстан билігі "елде азаматтар саяси пікіріне байланысты қудаланады" деген пікірмен келіспейді және "саяси тұтқындар жоғын" айтып келеді.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, жаңадан қосылғандарады есептегенде Қазақстанда барлығы 22 саяси тұтқын қамауда отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG