Accessibility links

Қазақстанда "саяси тұтқындар" тізімі жаңарды


Белсенді Санавар Закирова.
Белсенді Санавар Закирова.

Қазақстандық құқық қорғаушылар саяси астары бар тұтқындаулар мен сот процестерінен кейін саяси тұтқындар тізімі бірнеше жаңа есіммен толыққанын хабарлады. “Ар.Рух.Хақ” ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 8 қыркүйекте тізімге жаңадан енген белсенділердің аты-жөнін жариялады.

Тізімге белсенділер Санавар Закирова, Асқар Ибраев, Серік Ыдырысов, Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Қайрат Қылышев қосылған.

Санавар Закирова - “Нұр Отан” партиясы мүшесінің қызының “денсаулығына орта дәрежеде қасақана зиян келтірді” деп айыпталып, шілде айында 12 айға бас бостандығынан айырылған. "Наше право" (Біздің құқығымыз) атты партияны тіркете алмаған белсендінің үстінен оның алдында "Нұр Отан" партиясының өкілдері "іскерлік беделді қорлау" бабы бойынша шағым түсіріп, одан және тағы бірнеше белсендіден 6 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп алған.

Асқар Ибраев - "заңмен тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деп айыпталып, қаңтар айында бір жылға бас бостандығы шектелген қостанайлық белсенді. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, қоғамдық белсенділігі үшін бірнеше рет қуғындалған Ибраев маусым айындағы митинг алдында ұсталып, Қостанай соты бостандықты шектеу жазасын түрме жазасымен алмастырған.

Серік Ыдырысов - Шығыс Қазақстан облысы Бобровка елді мекенінің тұрғыны. "Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталып, 2019 жылы желтоқсанда бір жылға бас бостандығы шектелген. Кейінірек Дулат Ағаділдің өліміне кінәлілерді жазалауды талап еткен флешмобқа қатысқаны үшін түрмеге қамалған.

Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов және Қайрат Қылышев - саяси тұтқындарды босатуды және демократиялық реформаларды талап етіп, көптеген бейбіт жиындар мен шерулерге қатысқан азаматтық белсенділер. Олар сол үшін талай әкімшілік жазаға тартылған. (Мысалы, Жексебаев бейбіт жиынға қатысқаны үшін кемінде 8 рет 15 күнге қамалып шыққан). Қазір үшеуі де елде тыйым салынған "Көше партиясына қатысы бар" деген күдікке ілініп, тергеу изоляторында отыр.

Саяси тұтқындар тізімін жаңартқан сарапшылар құрамына Ғалым Агелеуов, Лұқпан Ахмедияров, Зәуреш Батталова, Гүлмира Біржанова, Анар Ибраева, Евгений Жовтис, Ерлан Қалиев, Бақытжан Төреғожина, Амангелді Шорманбаев кірген.

Бұған дейін елде "саяси тұтқын" деп танылған азаматтар кәсіпкер Ескендір Ерімбетов, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев қамаудан шыққан болатын.

Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, 2016 жылғы Жер митингісінен кейін сотталып, түрмеде отырған белсенді Макс Боқаев, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев та бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG