Accessibility links

Белсенді Қылышев “тыйым салынған ұйымға қатысты” деген күдікпен қамауға алынды


Иллюстрациялық сурет.
Иллюстрациялық сурет.

Алматының тергеу соты экстремистік ұйым» ретінде сот шешімімен тыйым салынған “​Көше партиясына”​ қатысу ісі бойынша Алматы облысының тұрғыны Қайрат Қылышевті екі айға тұтқындау туралы ұйғарымға келді. Бұл ақпаратты Азаттыққа адвокат Ғалым Нұрпейісов айтты. Ол 37 жастағы белсендінің мүддесін қорғайтынын да жеткізді.

– Қылышевті Қарасай аудандық уақытша қамау изоляторынан сегіз тәулік дегенде босатты. Ол 24 шілдеде және 8 тамызда [азаматтық белсенді] Дулат Ағаділдің туған жерінде берілген асқа байланысты әкімшілік қамауда отырған. Сосын оны бірден қайта қамауға алды. Кеше кешкісін Алматы тергеу сотының санкциясымен ол Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-бөлімі бойынша (“Заңды күшіне енген сот шешімімен жұмысына тыйым салынған немесе экстремизм мен терроризммен айналысқаны үшін таратылған қоғамдық не діни ұйымның жұмысына қатысу” - Ред.) жүріп жатқан тергеу аясында екі айға тергеу изоляторына жабылды. Бұған дейін мен оның адвокаты болмаған едім. Бүгіннен бастап оны қорғауға кірістім, – деді Нұрпейісов.

Алматы қалалық тергеу изоляторындағылар Қылышевтің қамауда отырғанын растады, бірақ олардың айтуынша белсенді бұл мекемеде 31 тамыздан емес, 1 қыркүйектен бері отыр.

Бұл – соңғы апталардағы осыған ұқсас үшінші жағдай. 23 тамызда Алматының тергеу соты дәл осындай айыппен алматылық екі белсенді Абай Бегімбетов пен Асхат Жексебаевты екі айға тергеу изоляторына қамаған еді. Оларға да “жұмысына тыйым салынған ұйымға қатысқаны үшін” деген айып тағылған.

Биылдың өзінде-ақ Қылышев наразылық шараларына қатысқаны үшін бес рет әкімшілік жазаға кесілген. 22 тамызда оны бір күнде екі мәрте соттаған. Шілденің басында алдыңғы жазасын өтеп жатқанда оны жаңа әкімшілік жазаға кескен.

Бас прокуратураның шағымы бойынша, биылғы мамырда астананың Есіл аудандық соты “Көше партиясы” қоғамдық қозғалысының жұмысына тыйым салған. Бас прокуратураның ұйғарымы бойыша, жұмысына сот тыйым салған “Қазақстанның демократиялық партиясы” осы «Көше партиясына” трансформацияланған. 2018 жылы Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) Есіл аудандық соты шетелде тұрып жатқан банкир әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған бұл ұйымды “экстремистік” деп тапқан. Алайда, Еуропарламент былтыр қабылдаған қарарда ҚДТ “бейбіт оппозициялық ұйым” деп сипатталады. ҚДТ-ға да, “Көше партиясына” да тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ. Бұл ұйымдарды қолдайтындар айыптардың саяси астары бар деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG