22 қаңтарда Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінде өткен көшпелі сот қамаудағы белсенді Макс Боқаевқа түрмеден шыққан соң әкімшілік бақылау тағайындау туралы Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы Азаттыққа адвокаты Жанар Сүндетқалиева хабарлады.
- Макс апелляциялық шағым түсіреміз деді. Сотта Макстың өзі "мен өзімді саяси тұтқынмын деп санаймын. Кінәлімін деп есептемеймін. Қоғамдық ұйымдар, халықаралық ұйымдар, мыңдаған адам ісімнің саясиланғанын біледі. Департаменттің өтініші де мені саяси көзқарасыма байланысты қудалап жатқанын дәлелдей түседі" деп айтты, - деді адвокат.
Прокурор сотта Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өтінішін қолдап, Боқаевтың "экстремистік сипаты бар қылмыс бойынша" жазаланып жатқанын алға тартып, тұтқынның бұған дейін мекемеде ереже бұзғанын да айтқан. Ал омыртқасында "грыжасы" барын айтқан Боқаев басқа мекемеде жазасын өтеген кезде түрме қызметкерлерінің белі ауырып тұрғанына қарамастан таңертең аязда жаттығу жасауға мәжбүрлегенін жеткізген. Соған шағымданған кезде "ереже бұзды" деп айыпталған.
- Ол "сіздер десант дайындамайсыздар ғой, мен сыртта емес, іште жаттығу жасаймын" деп сыртқа шығудан бас тартқан кезде "ереже бұзды" деп айыптаған. Макстың адвокаты "Қазгидрометке" хабарласып, ауа райын сұраған. Артынша Боқаев сыртқа шығудан бас тартқан күні сыртта -26 -27 градус болғаны анықталған. Ал түрме ережесі бойынша егер температура -25-тен асса, онда сыртқа шығармауы тиіс болған. Сол себепті Боқаев ол талаппен келіспеген. Оны сол үшін "ереже бұзды" деп айыптаған, - дейді адвокат.
Азаттық тілшісі әзірге Атырау облыстық қылмыстық-атқару жүйесінен жауап ала алмады.
Бұған дейін соттың онлайн түрде өтетіні, оған жан-жақтан бақылаушылар мен ақпарат құралдары қатыса алатыны хабарланған. Бірақ кейінірек сот "интернет байланысы нашар" деп процесті түрменің өзінде өткізуге ұйғарған. Оған бақылаушылар қатысқан жоқ.
Макс Боқаевтың жазасын өтеу уақыты 4 ақпанда аяқталады.
48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы қарашадан бері түрмеде отыр. Бес жыл бұрын, 24 сәуірде Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.
Жер реформасына қарсы митингіден соң оған қатысқан атыраулық белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды. Олар "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп айыпталды. Сот 2018 жылы сәуірде Аянның өтініші бойынша оны қамаудан босатқан. 2019 жылғы шілдеде Атыраудағы №2 қалалық соты Талғат Аянды жазадан толық босатты. Макс Боқаев "қамаудан уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын, өзін толық ақтауды талап ететінін" мәлімдеген.
АҚШ конгресінің 12 сенаторы 2020 жылдың 29 маусымында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, "сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігі құқығын пайдаланғаны үшін" сотталған белсенділер мен адам құқығын қорғаушыларды дереу түрмеден босатуды сұраған. Сенаторлар хатында азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Әсет Әбішевті атап көрсеткен. Әбішев Қазақстан сотының шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдады деп 4 жылға сотталған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оларды "саяси тұтқын" тізіміне қосқан, ал ресми билік елде саяси тұтқын жоқ деумен келеді.
17 желтоқсанда Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев "Түрмеден шыққан күні алаңға барамын" деген.