Нұр-Сұлтандағы "Нұржол" бульварында орналасқан "Нұр Отан" партиясы ғимаратының алдында "Кіші Талдыкөлді қорғау мақсатындағы" шара өтті. Ұйымдастырушылар атаулары "нұрдан" басталатын орынды жайдан-жай таңдамаған. Олар астана маңындағы көлдерді және тұтас экожүйені сақтап қалу осындағы басшылардың қолында деп санайды.
SOSTaldykol бастамасын қолдау акциясына қатысушылар жерге мұздан жасалған құс мүсіндер қойып, өткен-кеткендерге көлдердің суреті салынған ақпарат таратты.
– Еріп кететін мұздан жасалған құс мүсіні көл тартылса, онда келетін құстар да жоғалады дегенді білдіреді. Біз бұған қарсымыз. Астанада құрылыс салатын жер онсыз да жеткілікті. Қаланың "өкпесіне" тиісуге болмайды. Бұл көлдерді болашаққа сақтау керек, –деді перфомансты ұйымдастырған Айсұлу Шайкенова.
Шараны ұйымдастырушылар таратқан баспасөз хабарламасында: "Осы акцияның көмегімен тұтас экожүйенің тағдыры қыл үстінде тұрғанын көрсетіп, қала тұрғындарын жұмылдырып, құрылыс компанияларының уәделері "еріп кеткенде" не болатыны төңірегінде бірлесе ойлануға шақырамыз" делінген.
Artcom Platform қауымдастығының өкілі Майя Сағым көлдерді сақтау жөніндегі бастамашыл топ пен қала тұрғындары былтырғы жаздан бері Талдыкөлдің сарқылып бара жатқанын айтып, әлеуметтік желіде "дабыл қағып келеміз" дейді.
– Жыл соңына дейін [хатымызға] сырғытпа жауап алып келдік әрі құрылысқа қатысты ақпарат манипуляцияланып жатыр. [Нұр-Сұлтан] әкімдігі Үлкен Талдыкөлді сақтап қаламыз деп үнемі айтады. Ал алты шағын көлден тұратын Кіші Талдыкөлді құрғатып, ол жерге құрылыс салып жатыр. Биыл ақпанның ортасында бастамашыл топ пен әкімдік өкілдерінің қатысуымен талқы болды. Бізге құрылыс басталар алдында құрамына бастамашыл топ өкілдері, экологтар, архитекторлар, урбанистер мен суретшілер кіретін жұмыс тобы құрылып, жағдайды жан-жақты зерделейміз деп уәде берген. Бір жарым ай өтті, топ құрылған жоқ, – дейді Майя Сағым.
2020 жылғы тамыздың соңында Нұр-Сұлтанның архитектура, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы қаланың оңтүстік-батысында, Талдыкөлдің маңында аумағы 5700 гектар парк болады деген. Алайда басшылар құрылыс қашан бітетінін айтпады.
Экологтардың сөзіне сүйенген қала басшылығы маусымдық миграция кезінде көл мен оның айналасына бұйра бірқазан, ақбас үйрек, сұңқылдақ аққу және аққұйрық субүркіт сияқты 200-ге тарта құстың түрі келеді дейді. Көл маңайындағы жерде өсімдіктің 98 түрі өседі.
– Құрылыстың басы басталып кеткен болса, онда онда мүдделі адам көп шығар. Бірақ қала тұрғындары – мүдделілердің үлкен бөлігі. Сондықтан олардың мүддесі үшін ең аз дегенде қоғамдық тыңдау өткізіп, мәселені мамандар жан-жақты тексеруі керек. Көлді құрғатуды және құрылысты тоқтата тұруға осының өзі жеткілікті болуы керек, – дейді қаланың бірегейлігін, архитектурасы мен тарихын зерттейтін "Fading.TSE: Ретроспектива столицы" жобасының бастамашысы Теміртас Ысқақов.
Былтыр желтоқсанда "Орталық коммуникациялар қызметінде" онлайн-брифинг өткізген астана әкімі Алтай Көлгінов осы мәселе туралы сұраққа жауап бере келе "Талдыкөлге ешкім тиіспейді" деген, бірақ ол қай көлді айтып отырғанын нақтыламаған.
– Көлге ешкім тиіспейді. Ел "көл" деп кеткен ол жер – су жиналатын жер. Бөлек тұрған Талдыкөл көлі бар, ол демалыс аймағы болады. Жұрт серуендеуі үшін оның айналасын көгалдандырып, жөндейміз. Бұрын сол жағалауда ((Нұр-Сұлтандағы жаңа құрылыс көп салынып жатқан Есіл өзенінің сол жағы - Ред.) құрылыс қарқынды жүрмей тұрғанда су сол жаққа жиналатын. Дәл сіз айтып отырған жер су жиналатын орын болған. Қазір ондай жоқ. Сондықтан су анағұрлым аз. Талдыкөлдің өзінде де су аз. Былтыр шамамен 8 млн текшеметр су болды, ал кезінде 50 млн текшеметр болатын. Қазір астанадағы сол жағалауда құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан су аз. Тағы қайталаймын, көл айдынына ешкім тиіспейді. Ол жерде құрылыс болмайды. Ал оның айналасында шағын құрылыс салу жоспары бар, ол жалғасады, қазір де жүріп жатыр. Көп үй салынып та қойған. Мұның барлығы жоспарлау жобасында нақты көрсетілген, –деді Алтай Көлгінов.